Бұл бағытта оқу орнында оқу ақысын төлеуге 100 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған.
«Университетте «Алтын белгі» иегерлеріне және үздік түлектерге 50-100 пайыздық жеңілдік берілді. Бұл басшылық саясатындағы қабілетті білім алушыларды, әсіресе әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттерді қолдауға бағытталған маңызды және игі іс деп санаймын. Жеңілдіктер беру туралы Ережелер негізінде 2019/2020 оқу жылында 879 бірінші курс студенттеріне әртүрлі санаттар бойынша жеңілдік берілді. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекке мұқтаж, аз қамтылған отбасылардан шыққан, үздік және қоғамдық өмірдегі ең белсенді 766 студент оқуға жеңілдіктер алды. Жалпы 1645 адам жеңілдіктермен қамтылды. Жеңілдіктердің жалпы сомасы 271391695 теңгені құрады» дейді Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев.
Жеңілдіктер тек бір жылға берілетінін атап өткен жөн. Жеңілдікті ұзарту үшін студенттер өтініш беріп, әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Сондай-ақ, карантин жағдайын ескере отырып, 2019/2020 оқу жылында төлем мерзімі ұзартылып, студенттер емтиханға кедергісіз жіберіледі.
Әлеуметтік жағдайы туралы растайтын құжат негізінде студенттерге оқу ақысын бөліп төлеу, бекітілген кестеге сәйкес және әрбір өтініш бойынша жеке төлем жасау туралы шешім қабылданды. Өтініштерді арнайы құрылған комиссия қарайды. Жеңілдіктер туралы ережемен https://kaznpu.kz/docs/postupaushim1_1/Pol_2020.pdf сайтында танысуға болады.
«Біз педагог мамандығын таңдаған жастарымыздың білім алуы үшін алдағы уақытта да жағдай жасауға дайынбыз. Бұл біздің Қазақстанның болашағына қосқан үлесіміз!» дейді оқу орнының басшысы Такир Балықбаев.