Қала бойынша 7011 төсек-орын қуаттылығымен (оның ішінде 250-і жан сақтау) 23 ковидті стационар дайындалды. 2 жаңа клиниканың құрылысы аяқталды.
Олар: 500 төсек-орынға арналған инфекциялық госпиталь, 300 төсек-орынға арналған жаңа модульді стационар. Осылайша, соңғы үш айда инфекциялық төсек-орындар саны екі есе көбейді.
Алғашқы медицина-санитарлық көмек жұмысы күшейтілді. АМСК ұйымдарында «таза» және «лас» аймақтар құрылып, ағындар бөлінді. Эпидемияға қарсы режимді, аймақтарға бөлудің сақталуы бойынша бақылау күшейтілді. 73 емханада 298 мобильді бригада қызмет етеді. Телемедицина орталығы құрылды.
Фармпрепараттар және медициналық өнімдер бойынша 10 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Тұрақтандыру қорының шеңберінде 2021 жылдың ақпанына дейінгі есеппен 68 атау бойынша дәрілердің қажетті қоры құрылды. 2021 жылдың 31 қаңтарына дейін кемінде 40 млн дәрі-дәрімек пен медициналық өнімдерді жеткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, қалада дәріханаларға күн сайын дәрілік препараттар мен жеке қорғаныс құралдарының бар-жоғына мониторинг жүргізіледі.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен дайындығына ерекше назар аударылған. Жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры жасалған. Қалада медициналық бетперделерді шығаратын 6 ірі отандық өндіруші бар, өндіру қуаттылығы күніне – 882 мың.
Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық мамандармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлерінен бөлек, 2450 маманнан құралған кадрлық резерв дайындалды. Сонымен бірге, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері, дәрігер-интерндерінен резерв құрылды.
43,1 млрд теңге сомасына клиникаларды медициналық жабдықтармен жаңарту және толық жарақтандыру жүргізілді.
COVID-19 алдын алу желісі бойынша лабораториялардың дайындығы қамтамасыз етілді. Қалада 18 ПТР зертханасы бар. Олардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 14 050 зерттеуді құрайды. Сонымен бірге, тәулігіне 1152 зерттеу өткізу қуаттылығы бар 12 ИФТ зертханасы қызмет етеді.
Қаланың халықаралық әуежайында санитарлық-эпидемиялық бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданды. Шетелден келушілер үшін 6 карантиндік стационар ұйымдастырылды.
Осы жылдың 6-23 қараша аралығында Алматы халықаралық әуежайына бортында 52 733 жолаушысы бар 389 рейс ұшып келген. Оның ішінде COVID-19-ға теріс нәтижесі бар анықтамаларымен 47627 жолаушы, 5083 адам анықтамасыз келген. ПТР талдау тапсыру үшін 5060 адам карантиндік стационарға жатқызылды. 47 оң нәтиже алынды. Сондай-ақ, анықтаманың жоқтығынан 23 шетелдік азамат депортацияланды. Алматы әуежайында халықаралық рейстермен мегаполиске коронавирус инфекциясына тестілеуден өткені туралы анықтамасыз келген азаматтарды анықтау бойынша қатаң бақылау жүргізіледі.