Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің латын графикасындағы олқылықтарды жойып, жаңа әліпбиді жетілдіру туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тапсырмасы ұлт жанашырларына ой салды. Олардың кейбірі Үкіметке алфавитке қатысты өз ұсыныстарымен қайта жүгінуде.
Солардың бірі – зерттеуші Ғазиз Нәдірбаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке хат жолдады.
«Құрметті, Асхат Қанағатұлы! Сізге көптеген нұсқалардың бірі ретінде қазақ тілінің жаңа әліпбиінің мына үлгісін ұсынғым келеді. Әріптерге дәйекше не акут секілді қосымша символ қосақтауға қарсы адамдардың бірімін. Себебі қазіргі заманда адамдар қолмен жазғаннан гөрі, басқанға бейім тұрады. Байқағаным, жастар қазақшаны латынша қаріптермен тергенде қосымша символдар қоюға тырыспайды. Ондай мәтінді қазақша білетіндері интуитивті түрде оқи береді. Бірақ бұл келер ұрпақты немесе өзге этнос өкілдерін шатастыруы мүмкін. Өйткені олар қазақ сөзінің дұрыс дыбысталуын білмейді. Салдарынан, уақыт өте келе біз қосымша символдар кесірінен тіліміздің ұлттық дыбыс даралығынан айырылып қалуымыз мүмкін», – дей келе, министрге әліпбидің өз жобасын ұсынды.
Ол мысалы, «Әә» әрпін «Ah ah» (Аhreket), «Ғғ»-ны «Gh gh» (qaraghaj), «Ңң»-ды «Nh nh», «Өө»-ні «Oh oh» (Ohzekti), «Үү»-нің «Uh uh» (Uhjrek), «Ұұ»-ні «Uu» (Ulghajtqysh), «Цц»-ны «Ts», «Чч»-ны «Ch ch», «Іі»-ні «Ii», ал «Ии» мен «Йй»-ді «Jj» деп таңбалауды орынды санайды.
Бірақ БҒМ басшысы бұл оймен келіспейтінін жеткізді.
«Құрметті, Ғазиз Нәдірбаев! Білім және ғылым министрлігі сіздің қазақ алфавитінің латын графикасына көшуіне қатысты өтінішіңізді қарады. Латыншаға өту мәселесіне қызығушылық білдіргеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздің өтінішіңізді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандарының қатысуымен қарадық», – деді министр.
Ол Қазақстан Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Президенттің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізілгенін еске салды. Қазіргі уақытта оның мәліметінше, Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, осы Жарлықты іске асыру жұмыстары ары қарай жүргізіліп жатыр.
«Ғалымдардың байламынша, ә, ғ, ж, ң, ө, ү дыбыстарын ah, gһ, zh, nh, oh, uh диграфтарымен таңбалау, транслитерациялау оларды жазуды қиындатады. Әрі бұлай жазылған сөздердің жаппай әртүрлі оқылуына соқтырады. Бұл фактіні мамандар ғылыми зерттеулермен, сынақ-тәжірибелермен дәлелдеп шықты. Мәселен, әлеуметтік сауалнамалар, жазу тәжірибесі машықтарын бақылау және басқа да іс-шаралар жүргізілді», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Ол өзге тілден келген кірме әріптерді жаңа әліпбиге көшірмеген дұрыс дейді.
«Сіздің жобадағы ë (jo), э (e), ю (jw), я (ja) секілді кириллицадағы бірқатар әріптер жаңа алфавитке қосылмады. Себебі қазақ тілінің латын қарпіндегі жазуында ана тіліміздің ұлттық бірегейлігін сақтауға екпін түсіру ұйғарылды. Тиісінше, бұл әріптер тек орфографикалық ережелерде нақтыланатын болады», – деді Білім және ғылым министрі.
Ол бүгінде латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа тұрпатты әліпбиі Елбасы қабылдаған Жарлықта бекітілген үлгімен қолданылатынын нықтады. Президент Қ.Тоқаев тапсырмасымен тек соған өзгерістер енгізіледі және кемеліне келтірілетінге ұқсайды.
БҒМ басшысы әліпбиді жетілдіруге қатысты өз ұсыныстары бар азаматтарды Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне жүгінуге кеңес берді. Жаңа әліпбиге көшу бойынша негізгі жұмыстарды да сол үйлестіреді.
Елдос СЕНБАЙ