Елбасының бастамасымен Ассамблеяда халықтар бірлігі мен ынтымағын сақтау мақсатында көптеген тың бастама жүзеге асып жатыр. Оның ішінде, этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Қазақстандағы өзбек этномәдени орталығының тарихы 1989 жылдан басталады. Оңтүстік Қазақстан облысында ашылған бірлестік жемісті жұмыс істеп келеді. Тәуелсіздік алған соң 1995 жылы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестіктері негізінде «Дустлик» қауымдастығы құрылды. Оның құрамына 2010 жылы 10 этномәдени орталық біріктірілді. Қауымдастық құрамына 12 бірлестік кіреді. Барлығы бір үйдің баласындай бірлікте еліміздегі барлық этностың жұмысы жүйелі іске асу үшін жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы өзбек этномәдени орталығының бастамасымен көптеген жұмыс іске асуда. Этникалық тұтастықты, мәдениетті сақтау, рухани жаңғыру, саяси, дәстүр, әдет-ғұрыптарды дамыту. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан өзбек этномәдени орталығында «Пойтахт» вокалды-аспаптық ансамблі және «Астана Ғунчари» би ансамблі құрылды. Олардың еліміздің рухани өміріне қосқан үлесі ескеріліп, марапатталды. Этномәдени орталық Ассамблеяның барлық іс-шараларына белсенді қатысады.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығында 2015 жылдан бері «Зие» өзбек этнолингвистикалық жексенбілік мектебі жұмыс істейді. 2017 жылы мектеп қала әкімдігінен мемлекеттік қолдауға ие болды. Жексенбілік мектепте оқушылар өзбек тілін, тарихын, салт-дәстүрін және мәдениетін үйренеді. Жексенбілік мектепте жалпы 57 оқушы оқиды. Мектептің басты ерекшелігі – барлық ұлттың балалары көп тілде білім алады. Мектепте өзбек тілі латын әліпбиімен оқытылады.
Сондай-ақ бас қаладағы орталығыңда «Пойтахт Ёшлари» жастар қанаты бар. Ұзын саны 100-ден астам белсенді азамат жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан өзбек этномәдени орталығы жанынан Nur Otan партиясының «Пойтахт» бастауыш партия ұйымы құрылды.
Қазақстанда өзбек этномәдени орталығының жұмысын жандандыруға атсалысатындардың қатары күн санап артып келеді. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері, мұғалімдер, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ елорданың жоғары оқу орындарының студенттері бар. Болашақ ұрпаққа тарихи, мәдени мұраны жеткізу, патриотизмді насихаттау үшін еңбек етіп келеді. Мәселен, астаналық өзбек этномәдени орталығының «Пойтахт Ёшлари» жастар қанаты Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының жұмысына белсенді қатысады. Мысалы, биыл елордалық өзбек жастары Шығыс Қазақстан облысында өткен тарихи жерлерді таныту іс-шараларына қатысты. Оның ішінде BIRLIK – 2019 халықаралық жазғы лагері мен «100 жаңа тұлға: қалай табысты болуы керек?» жазғы мектебінің алар орны ерекше. Орталық республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік мекемелер, түрлі ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, халықаралық байланысты дамытады. Этномәдени орталық ұйымдастырған «Менің Қазақстаным – Менің Елім!» республикалық фестивалі, «Алға, Қазақстан» VII қысқы Азия ойындары аясында өткен концерт, «Үлкенге құрмет – Ата заңдағы міндет» қайырымдылық акциясы, «Шығыс жұлдызы – Науаи» халықаралық әдеби-мәдени кеш, шағын футболдан «Достық кубогы» республикалық жастар турнирі өтті.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланысты нығайту жыл бойы үздіксіз жалғасып келеді. Әсіресе, екі елдің көне тарихы мен мәдениетін насихаттайтын көрмелер жиі өткізіліп тұрады. Нұр-Сұлтанда мәдениет күні аясында ұлттық киімдер көрмесі өткізіліп, ұлттық ойындардан сайыс өтті. Өзбек тағамдарын дайындаудың ерекшеліктерін үйретті.
Ерекше айтып өтер жайт, жастар арасында Абай Құнанбайұлы мен Әлішер Науаидің мәдени мұрасын зерттеу, зерделеуді көздеп отыр. «Шығыс жұлдызы – Науаи» мәнерлеп оқу сайысына барлық этнос өкілдерін қамту жоспарланған.
М.БАҚЫТ