Иран тынышталмай тұр. Тұрғындар жанармай бағасының өсуіне қарсы шеруге шығып, қақтығыс салдарынан жүзден астам адам қаза тапты. Билік елдегі қарсылық акциясына шетелді кінәлап, интернет желісін толықтай өшіріп тастаған.
Мәселе неден басталды?
Жаппай қарсылық шеруге елдегі жанармай құнының бірден қымбаттап, талон арқылы бензин берудің жаңа жүйесі іске қосылуы әсер етті. Енді Иранда жеке көлік иелері айына 60 литр ғана бензин пайдаланады. Ал бір литр жанармайдың құны 10 мыңнан 15 мың риалға дейін өсті. Алда-жалда мөлшерленген 60 литрден артық қажет етсе, әр литріне 30 мың риалдан төлеуі қажет. Бұрын жүргізушілерге айына 250 литрге дейін сатып алуға рұқсат етіліп келген. Әрі бензин құны 10 мың риал тұратын. Жанармай бағасының көтерілуіне осы салаға бөлінетін субсидияның тоқтауы да әсер етті.
Ирандағы Басқару және жоспарлау ұйымының басшысы Мохаммад Бакер Нобахттың айтуынша, бензиннің қымбаттауынан түскен қаражат аз қамтылған 18 миллион ирандық отбасыға жәрдемақы түрінде берілмек. Жергілікті Press TV агенттігінің хабарлауынша, ел президенті Хасан Рухани субсидиядан үнемделген қаражат қиын жағдайда жүрген ирандықтарға көмек болатынын мәлімдеген. Сондай-ақ осындай қадамның арқасында жылына 300 триллион риал пайда әкелетінін жеткізген.
Осы орайда айта кеткен жөн. Иран – мұнайға бай ел. «Қара алтынды» өндіру бойынша да парсылар әлемде алдыңғы орында тұр. Парсылар мұнайының экспорты жылына миллиард долларға бағаланады. Алайда оны өңдеу тәсілін жетік меңгермегендіктен, бензинді импорттауға мәжбүр. Былтыр АҚШ тарапы Иранда шығарылған мұнай мен мұнай өнімдерімен саудаласуға, әуе техникасын сатуға, Иран порттары мен кемелерін коммерциялық мақсатта пайдалануға, ирандық қаржы ұйымдарының қызметіне жүгінуге санкция салған-ды.
Естеріңізде болса, Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иранмен арадағы ядролық қаруға қатысты келісімнен бас тартты. Осыған сәйкес Теһран билігі елдегі ядролық арсеналына халықаралық инспекторды жіберуге, ядролық бағдарламасынан бас тартуға көнген-тұғын. Есесіне, Иранға экономикалық санкция салмауды сұрады. Алайда АҚШ келісімнен бас тартқан соң, парсылар ядролық қаруды игеруге қайта кірісті. Биыл Иранның мұнай министрі Бижан Занганенің елде жанармай тапшылығы болмайтынын айтқанымен, «қызыл бастар» еліндегі жағдай бұрынғыдан нашарлай түсті. Санкция салдарынан ел экономикасы құлдырап, ұлттық валюта құны түсіп кетті. Жылдық инфляция мөлшері 4 есе өсіп, шетелдік инвесторлар азайған.
Не болып жатыр?
Жанармайдың қымбаттауына қарсы шеру жаппай халықтық сипат алып, жүздеген елді мекенде наразылар көшеге шықты. Билік өкілдері бұған АҚШ пен оппозицияны кінәлайды.
Amnesty International ұйымының дерегіне сүйенсек, бүгінге дейін 106 адам қаза тапқан. Оларды үйлердің шатырына тығылған, тікұшаққа мінген снайперлер атқан.
Қазіргі таңда жүзге жуық банк пен 57 дүкен өртелген. Мыңнан астам шеруші қамауға алынған. Сонымен қатар Керманшах провинциясы полиция бастығы да қайтыс болғандар қатарында. BBC агенттігі жариялаған бейнетаспада осы өңірдің орталығында полиция қызметкерлері шеруге шыққандарға қарсы оқ атып жатқан көрінеді.
Алайда ел билігі мұның бәрін жоққа шығарып отыр. Ресми өкілдер мен мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары наразыларды бүлікші деп айыптап үлгерді. Amnesty International келтірген деректер шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Мәселен, Теһрандағы БҰҰ хатшысы Алиреза Мирюсефи ұйымның мұндай цифрды келтіруі елге жасалған дезинформация кампаниясының бөлігі деп есептейтінін айтты. «Үкімет мәлімдеген цифрлардан басқасының бәрі сенімсіз әрі өтірік» деп жазды ол Twitter-дегі парақшасына.
Президент Хасан Роуханидің пайымдауынша, сыртқы күш ықпал етсе де, Иран халқы билікті қолдайтынын дәлелдеді. «Жаудың астыртын әрекетіне қарамастан, халқымыз әрдайым жеңіске жетіп отырды. Еліміздегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіруді көздегендердің әрекетінен туындаған бассыздықта халқымыз тағы да жеңіске жетті» деді Х.Роухани.
Жаппай наразылық акциялары басталғаннан кейін 16 қарашада елде интернет блокталды. Иранның байланыс министрі Мохаммад Джавад Азари Джахроми желіге қосылу қызметі жақын арада қалпына келетінін хабарлаған.
Ал NetBlocks ұйымы бақылаушыларының мәліметтеріне сай, интернеттің өшірілгеніне 75 сағаттан асып кеткен. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұрын-соңды әлемдік желіге мұншалықты ұзақ уақыт бойы тыйым салынбаған.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссариаты Иранды интернетті қалпына келтіріп, оқиғаның анық-қанығын біліп отыруға мүмкіндік жасауға шақырды.
Сәрсенбіде президент Роухани елдегі шеруді сыртқы күштердің ұйымдастырып отырғанын мәлімдеді. Атап айтсақ, «оқиғаға аймақтағы жаулары (Сауд Арабиясы), сионисттер (Израиль) және америкалықтар кінәлі» деді ол.
Өз кезегінде Сауд Арабиясының патшасы Салман бин Абдулазиз Иран тарапы дрондар арқылы шабуыл жасап, ракетамен атқылап жатқанына тоқталды. «Сондықтан – деді ол, – халықаралық қоғамдастық Теһранды ядролық және баллистикалық ракеталарын сынақтан өткізуіне тыйым салу қажет» деп есептейтінін жеткізді.
Ал Израиль тарапы осыған жауап іспетті Сириядағы Иран нысандарын бомбалаған. Al Jazeera агенттігінің хабарлауынша, әуе шабуылынан екі адам қаза тауып, бірнешеуі жарақаттанған.
Қысқасы, парсылар еліндегі ахуал әзірге тынышталғандай көрінгенімен, мәселе толыққанды шешілді деп айту қиын. Қазіргі шеруді қарумен басса да, наразылар келешекте бас көтермейтініне ешкім кепілдік бермейді. Оның үстіне елдегі экономикалық жағдайдың бүгін-ертең жақсаруы екіталай. Сондықтан Иранда әлі де жаппай шерулер жалғаса беруі мүмкін.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ