Каспий жағасынан итбалықтардың өлексесі табылды
Каспий жағасынан итбалықтардың өлексесі табылды
314
оқылды
Каспийдің батыс жағалауында 17 өлі итбалық табылды, деп хабарлайды Lada.kz. Дағыстан тұрғыны Зиявудин Никомагомедов 4 желтоқсанда Махачкала мен Каспийск қалалары арасындағы жағалаудан 17 итбалықтың өлексесін тауып алған. Жергілікті табиғат қорғау прокуратурасы бұл ақпаратты тексеріп жатыр. Жануарлардың өлу себептері туралы "Каспий табиғатты қорғау орталығы" дербес коммерциялық емес ұйымы пікір білдірді.
"Браконьерлердің ұсақ торлы пластикалық желілері итбалықтардың өлімінің себептерінің бірі болуы мүмкін. Итбалықтар оларға шырмалып, өледі. Біз мұндай желілерді сатуға тыйым салғымыз келеді", - деді орталық директоры Заур Гапизов.
Тағы бір нұсқа бойынша, жануарлар өліміне теңізге кәріз суларының көптеп төгілуі себеп болуы мүмкін. Жоғарыда аталған табиғатты қорғау орталығы өлі және жараланған теңіз жануарлары табылған кезде жүгінуге болатын телефондары бар қалқандар орнатуды жоспарлап отыр.