Тін сатам деп тұтылды
Тін сатам деп тұтылды
449
оқылды

Елді елең еткізген тағы бір оқиға – Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің ұсталуы. Белгілі трансплантолог, бірінші санаттағы хирург Абылай Донбайға трансұлттық қылмыстық топқа қатысы бар деген күдік таңылған. Сондай-ақ дәрігер адам ағзаларын заңсыз алумен айналысқан деген де болжамдар айтылып жатыр.

Ішкі істер министрлігінің айтуынша, бас дәрігер 18 қараша күні ұсталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында жатыр. Әзірге хирургқа екі қылмыстық бап бойынша айып тағылып отыр: трансұлттық қылмыстық топқа қатысы бар және адам ағзаларын заңсыз алумен айналысқан.

Шымкенттік дәрігердің үсті­нен қылмыстық іс қозғалу себебі неде? Ішкі істер министр­лігі: «Тергеу барысында азамат А.Донбайдың қылмыстық топ мүшелерінің әрекеттерін біле отырып, олармен алдын ала ымыраласу арқылы адам ағзасын сатып алу-сатуға заңнамада тыйым салынғанына қарамастан, қомақты ақшалай сыйақыға бүйректі алу және қайта салу заңсыз операцияларын жүргізген» деп нақтылады.

Бүйректерін сатуға мәжбүр бол­ғандардың арасында өзбек, қыр­ғыз және украин азаматтары бол­ған деседі. Ал «реципиенттер қатарында алыс шет елдердің, не­гі­зінен Израильдің қалталы аза­мат­тары болғанын» хабарлады ІІМ.

Трансплантология саласында дәрігердің ұсталуы алғаш емес. Бұған дейін Ғани Құттымұратовқа да қатысты іс қозғалған еді. Транс­плантолог дәрігер бірнеше ай бойы тергеу изоляторында. Ішкі істер министрлігінің өкілдері белгілі дәрігерлердің ісі аяқталуға жақын екенін айтады. Жуырда бүкіл материал сотқа жіберілмек.

Адам ағзасын ұрлау – дәрі­герге тағылатын ең үлкен айып­тың бірі. Дәрігерлер адам ағзасын ауыстырудың өзі үлкен жауап­кершілікті талап етеді дейді. Егер адам ағзасын ұрлап, оны пайдаға жарата алатын болса, онда дә­рігерлер айтқан жауапкершілік қайда қалды дейді бір ойымыз.

Жалпы, елімізде ағза ауыс­ты­руға мұқтаж жан көп. Олардың арасында бүйрек ауыстырғысы келетіндер көп екенін бұған дейін де жазғанбыз. Одан бөлек, жүрек, бауыр, ұйқы безін алмастырғысы келетіндер де бар. Бауыр алмас­тыруға кезекте тұрғандар да тіпті көп. Ең күрделі операциялардың бірі – осы. Өйткені донор табыла бермейді. Он жылдап, тіпті одан да көп уақыт донор күтетіндер бар. Амалсыз мәйіт донорын із­деуге тура келеді. Оның өзінде «рұқсат» бермейтін туыстар жа­йын ойласақ, оған оңай қол жетізе алмайсыз.

«Егер адам тірі кезінде өзі мәйіт болған соң ағзама тимеңіз десе, оған ешкім қол ұшын ти­гізбейді. Қолхат жазылмаса, дә­рі­герлердің шешімімен ағзаларын алуға рұқсат. Әдетте, донорлыққа рұқсат бергісі келетіндер учаске­лік дәрігеріне барып, мәйіт до­норлығына келісім беретінін жеткізеді. Одан кейін толық тексеріс жүргізіліп, қолхаттың бір нұсқасы – координациялық орталыққа, екіншісі туысқан­дарына жолданады. Донорлық туралы мәліметтер базада сақ­таулы, жабық күйде болады. Заңда туысқандарының рұқса­тынсыз алуға болады. Дегенмен біз небәрі 18 миллион тұрғыны бар, енді дамып келе жатқан елміз. Сондықтан жақындарымен келісіп жасаған дұрыс деп санаймыз. Тірі адамнан гөрі мәйіт донорлығы тиімдірек. Өйткені оның бірнеше ағзасын алып, көп адамның өмірін сақтап қалуға болады» деген еді Жақсылық Досқалиев.

Тірі кезінде өзі рұқсат етпесе, кез келген адамның ағзасын ала алмайтын жағдай тағы бар. Оған заң бойынша тыйым салынған. Оны тек «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы «ҚР Кодексінің 169-ба­бының 10-тармағына сәйкес реттеуге тура келеді. Ал 169-бап­тың 3-тармағында: «Адамның тіндерін (тіннің бір бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзасының бір бөлігін) сатуға-сатып алуға тыйым салынады» делінген. Демек, ағза алмастыру қалай болса, солай емес, тек заңды түр­де жүзеге асуы тиіс.

Шымкенттік дәрігер ісіне байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева «Тенгриньюс» сайтында: «Бізде 52 трансплантолог дәрігер бар. Олардың әрқайсысы ерекше маман иесі. Сондықтан біз үшін ең алдымен кадрлық ресурсты сақтау – өте маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігердің бостандығын шектемеу керек деген ұстаным білдірді. Тек сот ғана дәрігерді және кез келген азаматты кінәлі емес деп тани алады. Әрине, сот оны кінәлі деп тапқанға дейін бостандықты шектеудің бұл түрін дәрігерге қолданбауды ұсынамыз. Транс­плантологияда болып жатқан бұл жайттар науқасты үмітінен айы­рады. Ал дәрігер науқасты үмі­ті­нен айырмауы керек. Біздің мін­детіміз – тиісті шаралар қолдану. Ал шымкенттік дәрігер – өз ісін білетін, сауатты мамандардың бірі. Қылмыс болды ма, болмады ма, ол жағын сот анықтайды» деген пікірін білдірді.

Елімізде бауыр алмастыру, бүйрек ауыстыру бойынша ке­зекте тұрған науқас өте көп. Әр науқас дәрігерден үміт күтеді. Сондай үмітпен қарағанның бірі – Айна есімді бойжеткен «Менің анама осыдан көп жыл бұрын «бауырдың биллиарлы циррозы» деген диагноз қойылды. Дәрігерлер «бауыр алмастыру керек» дегенді ара-тұра айтып қоятын. Кейін Астанадағы Ұлт­тық онкология орталығына бауыр ауыстыруға мұқтаж сырқат аза­маттардың тізіміне тұрдық. Бір күні осы орталықтан дәрігер хабарласып, «мамаңа бауыр та­былды, тез келе қалыңдар» деді. Ол кезде анамның жағдайы онша ауыр емес болатын әрі донордың табылуы өте сирек құбылыс екенін аса сезіне қоймаған едік... Әлгі донордан бас тарттық. Кейін ойласам, біз кәдімгідей Алланың беріп тұрған бағын, мүмкіндігін бағаламаған екенбіз. Күндердің күнінде анамның жағдайы күрт нашарлағанда донор іздеп, са­былған қиындығымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын тіпті. Туыстарымыз бірінен кейін бірі дәрігерлік тексерістен өтті. Бірақ көпшілігі жарамады. Бірі кезінде сары аурумен ауырған, бірінің жасы, бірінің денсаулығы жара­майды. Кейбірі тіптен жас, кей­бірі жасамыс дегендей. Бауырды тілген кезде анатомиялық ерек­шелік те рөл ойнайды екен. Дәрігерлер мұқият тексеруден өткізеді. Қаншама жүйке кетті. Қазір ойлағым да келмейді. Өл­дім-талдым дегенде, бір туыс­қанымыздың бауыры сәйкес келді. Сол жігіт анама донор бол­ды. Қазір оның да жағдайы өте жақсы. Анам да бауыр ауыстыр­ғанға дейінгі жағдайдан денсау­лығы тәуір» дейді. Осылай донор таба алса жақсы, таба алмағандар не істемек?

Ақпарат және қоғамдық ке­лісім министрі Дәурен Абаев өз ағзасын донорлыққа тапсыруға ықтиярлы екенін хабарлады. Мұндай әрекетке екінің бірі бара бермейді. Министрдің хабар­ла­масы қоғамда орын алып отыр­ған ағза жетіспеушілігі мен соның төңірегіндегі атышулы істерге белгілі бір деңгейде берілген жа­уап іспеттес. Мұны азаматтық әре­кет­ке балап жатқандар да жоқ емес.

 

Жұрт – жоққа құмар. Адам ағзасы – қымбат дүние. Біздің қазақ ежелгі заманнан адам ағза­сын Алла аманаты деп білген: сондықтан қалай жаратылса, бақи дүниеге де солай кету керек деп есептейді; көпшілік өз ағзасын кәдеге жаратуға құлықты емес, бұл тарапта ықтияр болмауының бір себебі де осында; жақын туыс­тарына ағзасын бергісі келетіндер де жиі кездеспейді. Адам өмірі – тіптен қымбат. Сондықтан адамдар тұрғанда ағза саудасы да азаймай­тын секілді...