Жиында «Nur Otan» партиясы Жаңаөзен қаласын дамытудың 7 басым бағытын таныстырды. Құжатта қаладағы жұмыссыздық мәселесі басты назарға алынып, қала халқы жұмыспен қамтылуы үшін жаңа жұмыс орындарын құру, қолданыстағы жұмыс орындарын сақтау көзделіп отыр. Кен өндіру өнеркәсібін одан әрі дамыта отырып, өңдеу өнеркәсібіне, көлік пен логистикаға, агроөнеркәсіптік кешен мен туризмді дамытуға басымдық берілмек. Партия Жаңаөзен қаласының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында жүзеге асырылатын жобалардың іске асуына ықпал жасап, соның ішінде мұнай қалдығынан мазут топырағын тазалау жобасын, жаңа газ өңдеу зауытын салу, арматура цехын құру, шиналарды қайта өңдеу цехын салуды қолға алады.Сайлауалды бағдарламада бұдан бөлек қаланы дамытуға арналған басқа да салалар бойынша негізге алынған жұмыстар баяндалып, қатысушылардың пікірлері, сауалдары тыңдалды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызметкері Нұржан Жоламанов Шоғы батыр даңғылындағы жарық мәселесі мен «Мерей» және «Жұлдыз» шағынауданында ғаламтор жылдамдығы нашар екенін жеткізді. Дариға Ұзақбаева «Ақсу» шағынауданы 8-9 көшелерге қойылған қоқыс жәшіктері уақытылы жиналмайды, Асқар Маханов «Өркен» шағынауданында ғаламтор желісінің жылдамдығы нашар, Гүлмира Тілепова «Бостандық» шағынауданында суағарларды реттеу, ойын алаңшаларын жандандыру, тротуар салу туралы ұсынысын айтты. Аталған мәселелер бойынша қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар сұрақтарды тиісті мекемелерге жеткізіп, хат жіберіп, бақылауға алатынын мәлім етті.
«Nur Otan» партиясының Маңғыстау облыстық сайлау қорынан төленді