Нұр-Сұлтандағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру аясында «Қазақтың ұлттық мұрасы» атты байқау өтті. Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты — төл мәдениетімізді насихаттау, этномәдени бірлестіктерді салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен етене жақын таныстыру.
Байқауға елорда этномәдени бірлестіктері, ҚХА жастары, Нұр-Сұлтан қаласының Аналар кеңесі қатысты. Олар байқаудың үш шарты бойынша қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке таныстырды. Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарында шебер ойнады. Қазақ ақын-жазушыларының туындыларын мүдірмей оқып берді.
«Қазақтың ұлттық мұрасы» байқауына қалалық мәслихат депутаты Зейнулла Шибкенов, актриса Бақыт Исабекова, өнертанушы Нелли Шиврина, ақын Гаухар Мухамед-Салимова және Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова төрелік етті.
Байқау шартына сәйкес, ең бірінші қазақ халқының салт-дәстүрлері көпшілікке насихатталды. Ол бойынша «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы көрерменге қазақтың ертеден келе жатқан «Сырға салу» дәстүрін таныстырды. Дәстүр бойынша дастарқан жайылып, болашақ құдаларды күтті. Ұзатылатын қызды ортаға екі жеңгесі алып шықты. «Құлағы жамандықты естімесін» деп жігіттің жеңгелері алтын сырғасын тақты. «Көрімдік беру» дәстүрін де ұмыт қалдырмай, қыздың екі жеңгесіне ақшалай сый-сияпат жасады.
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы ұлттық дәстүріміздің құндылықтарының бірі – «Қыз ұзатуды» көпшілікке таныстырды. Осыған байланысты тойдың негізгі қонақтары – құда-құдағиларды қарсы алып, шашу шашты. Бұл бойынша негізгі дәстүрлер жасалып, шынайы «Ақ жол» тілеген төсеніш арқылы қалыңдықты өз босағасынан ұзатты. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының өнерпаздары сахналаған жөн-жоралғыларға көпшілік тәнті болды.
«Радима» белорус этномәдени орталығының қатысушылары көрерменге «Беташар» дәстүрін таныстырды. Беташар рәсімін өткізуге сөзге шебер, суырып салма ақындығы бар жыршы жігіт шақырылып, келіннің бетін ашу үшін «Беташар» жырын айтты. Жыр арқылы отбасы құндылығын дәріптеді.
Көпшілікке «Қыз жасауы» дәстүрін Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесі таныстырды. Олар жасауға берілетін киімдердің маңызын және ежелден келе жатқан «6 жастан жинасаң артылады, 7 жастан жинасаң жетеді» деген нақыл сөз түп-төркінін түсіндірді.
Шындығын айту керек, бұл байқаудың ерекше бір шарты — ұмыт болып бара жатқан «Мойын тастар» дәстүрін сахнада қайта жаңғыртуы. Мұны «Акбузат» этномәдени орталығы ұсынды.
Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы астаналық филиалының қатысушылары жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі «Ерулікпен» жалғастырды. Ортаға бауырсақ пен қазы-қартаға толы ақ дастарқан жайып, келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Үй иесі атынан сый-сыяпат берді. Ән мен күйге жалғасқан әдемі көрініс көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы «Бесікке бөлеу» дәстүрін сахналады. Аналар мен әжелер нәрестені бесікке бөлеудің қыр-сырын таныстырды. Барша жиналған қауым бесік жырын тыңдап, шашу дәстүрінің мағынасын түсіндірді.
«Нәрестені қырқынан шығару» дәстүрін елордалық өзбек этномәдени орталығы мен «Лад» республикалық славян қозғалысының астаналық филиалы көрсетті. Нәрестені 40 қасық суға шомылдырып, тырнағы мен шашын алды. Дүниеге дені сау сәби әкелгені үшін баланың анасына алғыс білдіріп, сый-құрмет жасады. Ал «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы «Тұсау кесу» дәстүрін сахналап берді. Ол бойынша сәби жолына төсеніш төселіп, оның үстіне домбыра, қамшы және кітап қойылды. Тәй-тәй басқан бала қамшыны таңдады.
Сонымен, байқаудың алғашқы кезеңін «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының елордалық тобы қорытындылады. Жастар көрерменге «Аластау» және «Қонақ кәдені» шебер сахналады.
Байқаудың екінші кезеңінде жыр-терме айтудан жарысты. Қатысушылар домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғыда халық әндерін орындады. Ал қазақтың ақын-жазушыларының туындыларын мүдірмей оқудан Әмірхан Евлаев, Светлана Тарасова, Закир Бикмухамбетов, Анастасия Тарасова, Айша Аимбетова, Зухра Саяпова, Юлия Лагуткина алдына жан салмады. Байқау соңында жеңімпаздар марапатталды.
М.БАҚЫТ