Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер ұйым еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім жобасын әзірледі.
Мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамтамасыз ету 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта көзделген.
Бүгінгі таңда мүше мемлекеттердің зейнетақы жүйелері әртүрлі. Айырмашылық – зейнетақы жүйесін қаржыландыру және зейнетақы қаражатын бөлу тәсілінде жатыр. Бұдан басқа, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі құрылымдық жағынан зейнеткерлік жасына байланысты, зейнетақы аударымдарының мөлшері, көздері және басқа да параметрлері бойынша ерекшеленеді.
Сонымен қатар Шарт жобасында мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларының барлық ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Оның негізгі мақсаты – мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен тең жағдайда және сол тәртіппен қалыптастыру және басқа мүше мемлекеттердің азаматтарына осындай жағдайлар туындағанда өз азаматтарына берілетін құқықтар көлемінде зейнетақымен қамсыздандыру құқықтарының көлеміне кепілдік беру.
Келісімнің жобасына сәйкес, басқа мүше мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге қызметті жүзеге асыру арқылы зейнетақы құқықтары қалыптасқан не оны қалыптастыратын еңбекшілер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің азаматы саналады.
Осыған байланысты еңбекшілердің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында жұмысқа орналасу кезінде жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдеуі – еңбек шарттарын жасасуы, осылайша, өздерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру өте маңызды.
Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында жүздеген мың еңбек мигранты заңды негізде жұмыс істейді. Оларды және отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін реттеу маңызды. Мысалы, Ресейде Қазақстанның 35 мыңнан астам азаматы еңбек етеді.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың күшіне енуі азаматтарға еңбек ету кезінде алған зейнетақы құқықтарының іске асырылуын және қорғалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ белгіленген рәсімдерді сақтауды ынталандырады. Қазақстан Келісімнің жинақтаушы зейнетақы жүйесі бөлігіне қатысады.
Бұл ЕАЭО елдерінің еңбекшілері Қазақстан азаматтары сияқты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ай сайын БЖЗҚ-ға 10% міндетті зейнетақы жарналарын аудару арқылы Қазақстанның ұлттық зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіппен қатысатынын білдіреді.
Мәселен, Қазақстан Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметінің деректері бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтарда елімізде «жұмысқа орналасу» мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 34 619 азаматы, оның ішінде Арменияның – 3 121, Беларусьтың – 1 189, Қырғызстанның – 5 493, Ресейдің 24 816 азаматы тіркелген.
Келісім жобасының 2-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу оларға зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты зейнетақы алуына мүмкіндік береді. Егер мүгедектік мерзімсіз белгіленсе, 1 және 2-топтағы мүгедектік белгіленгенде зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы төлемдерін, мұрагерлеріне біржолғы төлемді алуға жағдай жасайды.
Келісімге қол қою кезінде БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне сол шарттарда және Қазақстан азаматтарына, яғни жалпыға ортақ белгіленген жасқа жеткенде, ай сайын жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Келісімге 2019 жылдың соңына дейін қол қою жоспарланған.
Маржан ЕРТІС