«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығару. Басты мақсат – халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде өнеркәсіп тауарларының шамамен 82 пайызы, азық-түлік өнімдерінің 35 пайызы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 23 пайызы импорттық тауарларға тиесілі. Ал Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банк және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, экономиканың нарық секторын қаржыландыруға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуге кірісті. 2018 жылғы 11 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен импорттық әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын жергілікті өнімдермен алмастыру мақсатында жеңілдетілген несиелендіруді қолға алатын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қабылданған болатын. Сонымен қатар басым жобаларды несиелендіруге арналған тауарлардың тізімі бекітілді. Айта кету керек, несиелендіру осы тізімнен кем дегенде бір өнім шығарылған жағдайда жүзеге асырылады.
Тауарлар тізімі импорт көлемі 5 млн АҚШ долларынан артық; шикізаттың қолжетімділігі; біліктіліктердің, технологиялардың болуы; артық өндірудің болмауы; сапаны бағалау мүмкіндігі болуына сәйкес іріктеліп отыр.
Осы аралықта жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін республикалық бюджеттен 600 млрд теңге бөлінді. Оның 400 млрд теңгесі – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталды. Қаражат 60 млрд теңгеден кем емес жарғылық капиталы бар банктердің облигацияларын сатып алу арқылы жеңілдік, ақылы және қайтарым шарттарымен беріледі. Бағдарлама аясында мемлекет банктер арқылы банктік қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялайды. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15 пайызды құрайды. Субсидиялаудың номиналды сыйақы мөлшерлемесі 9 пайызға дейін ғана. Субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толықтыруға – 3 жыл. Кәсіпкер жеңілдетілген несиені «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының талаптарына толық сәйкес келген жағдайда ғана ала алады. Аталған жобаның іске асырылуына және бизнестің белсенді тартылуына мониторинг жүргізу мақсатында «Атамекен» ҰКП негізінде мемлекеттік органдардың, өңірлердің және даму институттарының қатысуымен «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бойынша жобалық кеңсе жұмыс істейді. Кеңсе бағдарламаны жүзеге асыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру және қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға негізделген. Сонымен қатар жобаларды бизнес-жоспар әзірлеу кезеңінен бастап қаржыландыруға дейін сүйемелдейді, мониторинг жүргізеді, банктердің несие беруден бас тарту себептерін анықтайды және оларды қолдаудың жаңа тетіктерін ұсынады. Кеңсе жұмысына «Атамекеннен» басқа «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қатысады. Ұлттық экономика министрлігінде екінші деңгейлі банктер несиені мақұлдаған жағдайда және жобалар бағдарлама шарттарына сай келгенде өз ісін бастаған кәсіпкерлер мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қатысушылары бола алады. Басымдығы жоғары жобаларды несиелендіру үшін белгіленген тауарлар тізіміне сәйкес экономиканың басым секторларында іске асырылып жатқан кәсіпкерлердің жобалары несиелендіріледі. Мамандардың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына «Қазақстан халық банкі», «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Банк Центр Кредит», «АТФ Банк», «Форте Банк», «Еуразиялық» банк, «Нұр банк» секілді екінші деңгейлі банктердің қатысуға мүмкіндіктері бар.
Осы аралықта жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін республикалық бюджеттен 600 млрд теңге бөлінді. Оның 400 млрд теңгесі – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталды. Қаражат 60 млрд теңгеден кем емес жарғылық капиталы бар банктердің облигацияларын сатып алу арқылы жеңілдік, ақылы және қайтарым шарттарымен беріледі.
Айта кету керек, жеңілдікпен несиелендіру өзгерістерінің бірінші пакеті бағдарламаға биылғы 4 мамырдағы Үкімет Қаулысымен енгізіліп, 17 мамырдан бастап күшіне енді. Бұл түзетулер кепілдендіру құралдарын енгізуге, айналма қаражатын 30 пайыздан 50 пайызға дейін қаржыландыру көлемін ұлғайтуға, құс еті және мақта талшық тәрізді бірқатар тауарларға қатысты. Аталған өзгерістер 150-ден аса кәсіпорынға 270 млрд теңге сомасына ие болуға, 10 мыңнан аса жұмыс орнын құруға, салық түсімдерін 38 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр. Жобалық кеңсе жұмысында барлығы 700 млрд теңгеден астам қаржыға 900-ге жуық әлеуетті жоба бар. 25 млрд теңгелік 41 жобаны екінші деңгейлі банктер мақұлдаса, 126 млрд теңге құрайтын 111 жоба қаралуда. Негізінде, бизнестің тамақ, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өндірістік кешені және қызмет көрсету салаларындағы жобаларға қызығушылығы жоғары. Сонымен қатар жобалық кеңсе базасында бағдарламаға түзетулердің екінші пакеті әзірленген, онда мемлекет субсидиялайтын бөлігін белгілеумен түпкі қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені төмендету қарастырылған. Бұл өзгеріс кәсіпкер үшін несие құнын арзандатып, бағдарламалар арасындағы арбитражды алып тастауға мүмкіндік береді. Түзетулердің екінші пакеті қарыз мерзімінің 1/3 бөлігінен аспайтын көлемде несие бойынша жеңілдікті кезеңді енгізуді және бағдарлама аясында несиелендіру үшін жаңа тауарларды енгізуді қарастырады.
Екінші жартыжылдықта бағдарламаға өзгерістердің үшінші пакеті іске қосылды. Бүгінгі таңда жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына келесі өзгерістер енгізілді: несие сомасынан айналма қаражатты 30 пайыздан 50 пайызға дейін толықтыру лимитін арттыру; бизнес үшін пайыздық мөлшерлемені 8 пайыздан 6 пайызға дейін төмендету; кепілдік базасының жетіспейтін бөлігі бойынша мемлекеттік несиені кепілдендіру тетігін енгізу; несиелендірудің жеңілдікті кезеңін енгізу; төлемдер бойынша кейінге шегеруді ұсыну; жеңілдікпен несиелендіретін тауарлар тізімін арттыру /400-ден аса жаңа өнім; агроөнеркәсіптік кешен жобаларына қатысты бейілді кепілдік саясатын ұстанатын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бағдарламасына енгізу.
Үшінші өзгерістер пакетін енгізу 1500-ге жуық отандық тауар өндірушілерді бағдарламаға қатысуға мүмкіндік берді. Бүгінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жеңілдікпен несиелендірудің сұранысына ие. Бағдарлама іс жүзіне асырыла бастағаннан кейін жарты жыл өткен соң-ақ бөлінген қаражаттың 25 пайызға жуығы игерілген. Қазір жобалық кеңсе айналым капиталын 100 пайызға дейін қаржыландыруды қарастыру және бар займдарды қайта қаржыландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысы мен оның игерілуінде едәуір тиімділігін көрсетеді. Мәселен, Үкімет басымдықты жобалар үшін тауарлар тізімін арттыру; инвестициялық мақсаттарға арналған несиелендіру мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін арттыру; жобаларды іріктеу крийтерилері мен қарыз алушылар тарапынан қарсы міндеттемелерді белгілеумен айналым қаражатын 50 пайыздан 100 пайызға дейін толықтыру мақсатында несиелендіру үлесін арттыру; жобаларды іріктеу критерийлері мен қарыз алушылар тарапынан қарсы міндеттемелерді белгілеумен бағдарлама тетігіне инвестициялық мақсаттарға қарыздарды қайта қаржыландыру құралын енгізу сияқты мәселелерді пысықтауда.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы