«Нұр-Сұлтан – Түркістан» марафонының қатысушылары 7 күн бойы 1 400 шақырымды жүгіріп өту үшін жарыс жолына шықты. Марафон Қарағанды облысы аумағындағы Бетпақдала шөлі арқылы өтеді.
Шараны ұйымдастырушылар Нұр-Сұлтанның мемлекеттік рәміздері алаңында жарысқа қатысушылармен бірге марафонның ашылу салтанатын өткізді. Оған белгілі спортшылар, депутаттар, Nur Оtan партиясының өкілдері, қоғам қайраткерлері, елордалық кәсіпкерлер мен құрылысшылар қатысты. Марафоншылар халықпен кездесу үшін Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы арнайы аялдамаларға аялдайды.
Марафонның басты міндеті – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, саламатты, белсенді өмір салтын қалыптастыру. Жарысқа қатысу үшін ең мықты 10 адам таңдалды, олардың ішінде танымал спортшылар, ультрамарафоншылар, марафон жүгірушілері, әуесқой жүгірушілер бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар арасында қатаң іріктеу жүргізілген. Нәтижесінде, ұзақ уақыттан бері жаттығумен айналысатын, спортпен шұғылданатын, басқа да марафондарға тұрақты түрде қатысатын марафоншылар таңдаудан өткен. Іс-шара барысында жүгірушілер жолды тексеріп, толықтай қарап шыққаны белгілі болды.
Өйткені ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін маршруттың бұл бөлімі аса қауіпті мекен саналады. Жылдың осы мезгілінде шөл далада қарлы боран соғады. Сондықтан жүгірушілермен бірге жолда тәжірибелі құтқарушылар тобы, медициналық қызметкерлер бірге еріп жүреді.
Жарыс кезінде марафон жетекшісі, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РОҚ төрағасы, Мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев марафонға қатысушы қала, аудан және ауыл әкімдерімен, сондай-ақ тұрғындармен кездесулер өткізеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, 28 қарашада ресми түрде басталған марафон Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналып отыр. «Нұр-Сұлтан –Түркістан» марафонының бас демеушісі – Stroiklass құрылыс компаниясы. Іс-шараны ұйымдастыруға «Астана желаяғы» марафон клубы қоғамдық бірлестігі, РЗТҚ «Қазақстан құрылысшылар одағы», Nur Otan партиясы, Нұр-Сұлтан әкімдігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті мұрындық болуда.