Нұр-Сұлтанда «Арман ағашы» атты қайырымдылық акциясы басталды.
Акция Jas Otan Жастар қанатының қолдауымен іске асырылуда. Аталған акцияның басты мақсаты — ата-ана қамқорлығынсыз қалған, дерт меңдеген, мүмкіндігі шектеулі жандарға қорған болып отырған «Нұрлы жүрек» мекемесіндегі 117 балаға мерекелік көңіл күй сыйлау. Акцияға қаладағы әрбір тұрғын арман ағашына ілінген балалардын тілегін алып, сыйлығын алып келуі керек.
— Біз бүгін барлық өңірлерде «Арман ағашы» атты акциясын бастаймыз. Акция аясында біз ата-ана қамқорлығынсыз, ерекше қажеттілігі бар балаларға жылулық пен сүйіспеншілік сыйлағымыз келеді. Біз алдын ала орталық өкілдерімен кездесіп, балалардың қандай сыйлық алғысы келетінін жазып алдық. Өз басым баланың әрбір арманы міндетті түрде орындалуы тиіс. Себебі, баланың арманын жүзеге асыру арқылы, біз оған шабыт сыйлаймыз, — деді Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек.
Акция бір айға созылады. Шара соңында барлық жиналған сыйлықтар бүлдіршіндерге салтанатты түрде табысталады.