Ашылмай тұр бағы, Не қысқарту тағы?!
Ашылмай тұр бағы, Не қысқарту тағы?!
346
оқылды

«Педагог мәртебесі туралы» заң әлі бекіген жоқ. Мұғалімдердің мәртебесі әлі күнге «жыр» болып тұр. Екіге жарылған екінші тармақтың жайы тағы белгілі. Оған енді мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санының қысқаруы қосылды.

Әдетте кез келген реформаға үркіп қарайтынымыз бар. ЖОО-ны оңтайландыру мәселесі сон­шалықты қорқынышты болмауы да мүмкін. Бір жағынан мұғалім беделін арттыруға мұның да себебі тиюі ғажап емес.

Министр өзінің Facebook па­рақшасында: «Қазақстан Рес­публикасы Премьер-Минис­трі­нің өкіміне сәйкес Үкімет жа­нынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құ­рылды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын білік­тілік талаптарын да күшейтудеміз. Әсіресе, лицензияларында педа­гогтарды даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындауда. Олардың саны – 85. Бүгінде көпбейінді универ­си­теттің барлығы мұғалімдерді даяр­лайды. Алайда олардың са­пасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке де­йін қысқарту жоспарланып отыр» деп жазды.

Аймағамбетов ЖОО басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай беретінін, ал педагогика саласы бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін екенін айтады.

Осыған дейін «мұғалім маман­дығын кім таңдайды? Гумани­тарлық салаға қызығушылық неге азайды? ҰБТ-дан төмен балл жи­наған түлек мұғалім болуға неге дайын тұрады? Педагогтың бе­делін түсірген не?» деген сияқ­ты сан сауалға жауап іздеп те көргенбіз. Сонда оның нақты шешімі – ЖОО-ны оңтайландыру болғаны ма? Тағы да министрдің пікіріне сүйенсек. «Шамамен алғанда әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны бол­мақ. Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам тү­сіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін атап өткім келеді. Тағы бір жайт, биыл 37 мың студент таяу шетел­дің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-ға ауысып келді. Ақпаратқа сүйенсек, ҰБТ серти­фикатының талап етілуін айна­лып өту үшін талапкерлер құ­жат­тарын шетелдік ЖОО-ға жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақ­стан­дық университетке ауысып ала­тын тенденция да бар» дейді ми­нистр Асхат Аймағамбетов.

Министрдің бұл сөзінің жаны бар. ҰБТ тапсырғысы келмеген түлек те, оқу орнынан шығып қал­ған студент те мұғалімдікті ай­налсоқтайды. Адамнан айла ар­тылған ба? Жаратылыстану ба­ғыты бойынша оқуға түскен түлек те оқу үлгерімі нашарлап, оқи ал­майтын халге жетсе, педагогика саласын таңдап кетеді. Әрі түсуі оңай әрі диплом алып шығуға да таптырмайтын мүмкіндік. Сол себепті әр аймақта мұғалімдер даярлайтын 1 мықты ЖОО болса, онда бұл мамандықтың да бәсі артар еді.

«20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі әдетте сабаққа да бармайтын кей­бір өңірлік ЖОО-да бар. Сон­дық­тан да министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО-ға қатысты қатаң саясат жүргізуде. Әлбетте, бұл шаралар барлығына бірдей ұнай бермейтіні анық. Дегенмен Ел­басы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, ми­нистр­лік жоғары білім беру сала­сында сапаны қамтамасыз ету саясатын одан ары жалғастырады» дейді министр.


Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Білікті де білімді ұстаз тұтас ұрпақты тәрбиелейді. Мемлекет педагог мәртебесін заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде де биіктетуге күш салып жатыр. Осы орайда, педагог кадрларды даярлау ісі – мемле­кеттік маңызы бар мәселе. 


«Сан бар жерде сапа болады» деген сөздің күні өткен. Саны кө­бейген сайын сапасы да тө­мен­деп жатқанын көз көріп жүр. Сон­дықтан «жауапкершілігі тө­мен ЖОО-ға қатысты қатаң сая­сат ұстанған жөн» деген министр пікіріне келіспеске амал жоқ. Алайда таяқтың бір ұшы ата-анаға тиетін секілді. Кей ата-ана баласының бойындағы құдай берген қабілет-қарымын екше­мей, жаны қаламаған мамандық­ты оқуға мәжбүр етеді. Педагог болуды армандамаған, әйтеуір «диплом алсақ болды, өйтіп-бүй­тіп мектепке ілігемін ғой» деген ұстаныммен жүрген түлек көп.

Педагогика ғылымдарының кандидаты Роза Қасымова «пе­дагогикалық мамандарды даяр­лайтын ЖОО-ны оңтайландыру қажет» деген пікірде. «Өйткені эко­номиканы өркендететін бі­лім­ді мамандар. Білім бар жерде ғылым дамиды. Сапасыз кадр көбейгені керек пе, әлде сапалы білікті маман әзірлеген дұрыс па? Қазір жекеменшік оқу орны көп. Ондай университеттер қандай маман тәрбиелеп шығарып жа­тыр? Осы тұрғыдан келгенде, белгілі бір ЖОО-да педагогтарды даярлаған дұрыс деп есептеймін» дейді ғалым.

Солтүстік өңірде маман тап­шылығы тағы бар. Оңтайландыру арқылы кадр тапшылығына жол бермейміз бе? «Мектеп – қоғам­ның кішкентай моделі» деген қағида бар. Демек, қоғамдағы бар ке­леңсіздік мектепте де көрініс та­бады. Білім басқармаларын тіке­лей министрлікке бағын­дырмай, келеңсіздік жойыл­май­ды» деген пікірді алға тартты қоғам бел­сендісі, тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы.

Білім саласына реформа ке­рек-ақ. Бірақ ол реформа қалай жасалуы керек? Бұл мәселеде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», жүйелі жұмыс істей аламыз ба? Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың кейбірі жекеменшік ЖОО-ға барып паналайды. Одан бөлек, сол оқу орнын бітіріп, диплом алып шығып жатқан түлек көп. Олар не істемек?

Қысқартқан да, қысқарған да дұрыс шығар. Бірақ көкейде неге педагогика деген сауал қылаң береді. Педагогика қысқарға­ны­мен, ЖОО азаймайтыны белгілі. Сонда қоғамдағы ең керексіз мамандық иесі педагог болғаны ма? Сапалы білім беретін оқу ор­нын қалдыру мақсат болса, педа­гогика саласы бойынша лицен­зияны қайтарып алумен мәселе шешілмейді. Оңтайландыру бар­лық салада жүргізілуі тиіс. Мықты білімді мамандар мықты білікті ЖОО-дан шықпай ма? Кез келген салада біліктілік қажет. Біліксіздік тек педагогикамен өлшенбейді. «Соққының ауырын мұғалімдер қабылдай бере ме?» деген де пі­кірлер естіліп қалып жатыр. Оң­тайландырудың педагогикадан басталғанын құп көреміз бе, жоқ па, ойланатын-ақ шаруа!

Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Білікті де білімді ұстаз тұтас ұрпақты тәрбиелейді. Мемлекет педагог мәртебесін заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде де биіктетуге күш салып жатыр. Осы орайда, педагог кадрларды даярлау ісі – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Жоғары оқу орындарын ықшам­дап, базасы мықты, дәстүрі берік оқу ордаларын ғана қалдырып, қалған қаптаған жекеменшік оқу орындарын оңтайландыру ұстаз­дар құрамының сапалық қырын күшейтетін болса, бұл реформа­ның қайыры болғаны. Нәтиже қалай болады, оны ұлы мәртебелі уақыт көрсетеді.