Мемлекеттік бағдарламаның орындалуы қалай?
Мемлекеттік бағдарламаның орындалуы қалай?
403
оқылды

Кешегі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырды. Бұл бағдарламаның жаңалығы сол, қалаларда, аудан орта­лықтары мен ауылдарда инфрақұрылымды дамыту үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізіледі.

Әрине, Үкімет отырысында Өңірлерді дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарла­масының арқасында қол жет­кізілген жетістіктер де сөз болды. Ал орындалмаған жұмыстар туралы айтыла қоймады. Ол туралы кейінірек біз айтамыз. Әзірге жаңа бағдарлама туралы бірер сөз.

Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленовтің айтуынша, жаңа бағдарлама 2025 жылға қарай урбандалуды 62 пайызға жеткізеді, бұл жалпы ішкі өнім­нің 0,52 пайызға өсуі­не және нақ­ты табыстың 25 па­йызға ар­туына мүмкіндік береді. Бағдар­лама «өсу орта­лық­тарын» қар­жыландыруға, оларды урбан­дал­ған аудандар арқылы дамытуға, спутниктік ауылдарды жаң­ғыртуға, аймақ­тық стандарттар жүйесін ен­гізуге басымдық бе­реді. «Өсу орталықтары» төрт агломе­ра­цияны, 14 урбандалу аймағын, сондай-ақ 18 шалғай, моно және шағын қалаларды анық­тады. Ауылдық тауар өндіру­шілер үшін әлеуетті нарық құры­лады. Облыс, аудан орта­лық­тарының және басқа елді мекендердің көлік бай­ланысы жақсарады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 477 ауыл жаңар­тылып, ауыл хал­қының 90 пайызы немесе 7 млн адам сапалы ауызсумен қам­тамасыз етіледі. Бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін 1,3 трлн теңге бөлу жоспар­ланған.

Жалпы, Өңірлерді дамыту бағдарламалары 2014 жылдан бастап іске асырылып келеді. Сол жылдары елімізде Өңірлік даму министрлігі болған. Кейін бұл құрылым Ұлттық экономика министрлігінің құрамына өтті.

Сала министрінің сөзіне қарағанда, 2020 жылға дейінгі бесжылдық бағдарламаны жүзеге асыру моноқалалардағы сумен жабдықтау желілерінің тозуын 10 және электр желілерінің тозуын 12 пайызға төмендеткенін ай­тады. Бес жыл ішінде «Дип­лом­мен – ауылға» бағдарламасы бо­йынша 17 мың маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген не­сие берілген. Ауылдарды абат­тандыру бойынша 8 мың жоба іске асып, 700 мыңға жуық ауыл тұрғыны үшін инфрақұрылым жақсарыпты. Министр осы сөзі­нен кейін инфрақұрылымы жақ­сарған ауылдар тізімін ұсынғанда сөзі сенімді шығар еді.

«Аталған іс-шараларға бар­лығы 252 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ сумен жабдықтауды және тұрғын үй салуды дамыту жүзеге асты. 2017 жылдан бастап тұрғын үй салу бойынша іс-ша­ралар «Нұрлы жер» бағдарла­ма­сына біріктірілді. Ал 2020 жыл­дан бастап та сумен жабдықтау, су бұру және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық мәселелері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асырылады», – деді министр.

Ал Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша қандай жұмыс орындалмады? Бұл тура­лы ақпаратты Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтынан көруге болады. Сол мәліметке сүйенсек, жергілікті атқарушы органдардың Мемлекеттік бағ­дарламаның іске асырылуын жет­кіліксіз бақылауы салдары­нан жекелеген нысаналы көр­сеткіштерге қол жеткізілмеген, бөлінген бюджет қаражаты то­лық игерілмеген. Мәселен, бағ­дар­ламада есепті кезеңдегі іс-шаралардың жалпы саны 53 бол­са, оның екеуі нақты орын­далған деп көрсетілген. Ал іші­нара орындалған іс-шаралар саны 46 делінген. Бұл іс-шара­ларды орындауды аяқтау мерзімі 2019 жыл деп белгіленген, демек жыл соңына дейін нүктесі қо­йылуы тиіс. Ал 5 іс-шара орын­далмағандар тізімінде тұр. Олар­дың арасында функционалды қалалық аудандар құрамына кіретін шағын қалаларда инже­нерлік инфрақұрылымды дамы­ту жобалары, шекаралас аумақ­тарда орналасқан шағын қала­ларды жайластыру жұмыстары, шекара маңындағы аумақтарда орналасқан шағын қалаларда инженерлік инфрақұрылымды дамыту жобалары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын нормативтік реттеу орындалмаған. Себебі респуб­ликалық бюджеттен қаражат бөлінбеген. Ал облыс аумақта­рындағы қала құрылысын жос­парлаудың кешенді схемаларын әзірлеу жұмысы 2019 жылға жос­парланған. Бұл жұмыстың нәтижесі туралы келер жылы ай­тамыз. Ал министрлік орын­дал­маған іс-шаралар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық, қо­ғамдық-саяси жағдайына теріс әсер етпейді дейді. Бұл ақталуды біз түсіне алмаймыз, себебі бағ­дарлама атаулы әр істің уақыты мен қаржысы есептеліп жаса­ла­тындықтан, ондағы жоба-жос­пар мерзімінде орындалуы тиіс.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ