Қырғыз төңкерісі: берекені бұзған бүлік
Қырғыз төңкерісі: берекені бұзған бүлік
183
оқылды

ХХІ ғасырдың   21-жылына аяқ бастық. Әдетте масс-медиа жыл аяқталар тұс пен жаңа жыл басталған кезде  өткен-кеткенді шолып, түрлі баға беріп жатады. Биыл да  сол үрдіс жалғасты.  Әсіресе,  өткен жылдың маңызды оқиғаларына шолу жасаған кезде олардың  кез келген елде қайталануы мүмкін екенін де есте ұстайтын кезіміз болады.

Былтыр әлемнің бірқатар мем­лекетіндегі дүрбелеңдер көбіне сайлау процесінен туындаған. Кейбір оқиғаларға шолу жасағанда ел ішіндегі осындай процестерге белгілі бір мөлшерде байланысы болуы мүмкін екенін де ескеретін жайымыз бар. Айталық, былтыр Қырғыз Республикасында өткен Парламент сайлауының соңы түрлі дүрбелеңге алып келді де, ақыры елде билік дағдарысы қалыптасты. Әрине, қазір Қырғыз елінде пре­зидент міндетін атқарушы да, үкімет басшысы да, өзге лауазымды тұлғалар да бар. Тек олардың басым бөлігі уақытша қызмет атқарып отыр. Өйткені алдағы сайлаулардың нәтижесінде тағы да төңкеріс бол­­масына ешкім ке­пілдік бере ал­майды. Ал төң­ке­рістерден ұтқан қырғыз жұртын көрмедік. Сонау 2005 жылы А.Ақаевты билігінен тайдырумен басталған «қырғыз төңкерістері» былтыр үшінші рет қайталанды. Ереуіл­шілер 2010 жылы Қ.Бакиевті би­ліктен кетірсе, былтыр С.Жээн­беков митингілердің салдарынан отс­тавкаға кеткен еді. Ол елде қан төгілмеуі үшін қызметтен кетуге бел байлаған еді. Әрине, экс-пре­зиденттің қан төгіске жол берме­гені құптарлық іс. Бірақ пост­кеңестік елдердің бірқа­тарында тіркелген төңкерістерден кейін аталған мем­лекеттердің ішінде жағдайының оңалғаны сирек. Әсіресе, қырғыз елінде әлеуметтік-экономикалық жағдай оңалмады. Бәлкім, азамат­тар өз әрекеттерін демократиямен бай­­ланыстыратын шығар, алайда билікті күшпен алмастыру, Үкімет кеңсесін, Парламент ғимаратын тонау демократиядан гөрі ван­дализмге ұқсап кетеді. Кейде мұн­дай толқулар кезінде ұлт жадындағы мемлекет, билік, рәміз тәрізді құн­дылықтар да шайылып кете­тіндей көрінеді. Мәселен, өткен күзде Бішкекті дүрліктірген тол­қулар кезінде қырғыз елінің туын аяққа таптаған адамдардың фо­толары жарияланған. Бәлкім, батыс елдері үшін тудың қадірі басқа шы­ғар, ал түркілер үшін байрақтың орны бөлек еді. Қырғыздар да бұрын байрақты қадірлеген. Бірақ соңғы оқиғалар қырғыз жастарының санасынан байраққа деген құр­меттің өше бастағанын көрсетеді. Демек, түркі халықтарының са­насында сақталған «мемлекет-әке» ұғымы да шайылып барады. Әйгілі Мөде қағанның сүйікті тұлпары мен сүйген жары үшін емес, жер үшін атқа қонғаны жайлы тәмсіл де құ­нын жоғалтты деген сөз. Яғни, мемлекетте қайта-қайта төңкеріс жасау арқылы бауырлас жұрт «Манас» жырында айтылатын құн­дылықтарға да немқұрайлы қарай бастағанын байқатып алды. Мұны Бішкектегі төңкерістің бірінші һәм ең басты зардабы деп бағалау қажет. Ұлт өзін әлемге паш ететін айрықша құндылығын жоғалта бастады. Екіншіден, төңкерістен соң Қырғыз экономикасы орасан зор зардап шекті. Тек бір түннің ішінде ереуілшілер қаладағы ғимараттарға құны 200 мың доллардан асатындай көлемде зиян келтірген. Одан бөлек, сол күндері тау-кен өнер­кәсібінің бірқатар кәсіпорны жұмысын тоқтатып, күніне 50 мың доллар зиян шегіп отырған. Ал Бішкекте бір ай ішінде 44 ереуіл өткенін ескерсек, нақты шығын­дардың көлемі анық емес деген сөз. Одан бөлек, экономикаға қаржы құятын шетелдік инвес­торлардың тартынуы, халықаралық қаржы ұйымдары мен агент­тік­­­тердің елдің түрлі рейтингтерін төмендетуі қосылатынын да ескеру керек. Үшіншіден, алғашқы төң­керістен бері Қырғыз Рес­пуб­ликасы толыққанды тәуелсіз сырт­қы саясат ұстанудан қалды. Елдегі топтардың ірі мемле­кеттермен ымыраға келіп, сол арқылы қар­сыластарын би­ліктен тайдыруға ұмтылатыны бай­қалады. Әсіресе, теріскейдегі алып мемлекеттің Бішкекке ықпалы ба­сым болып кетті. Ол жайлы өт­кен күзде сая­саттанушы Досым Сәтпаев және өзге бірқатар отан­дық са­рапшы да айтқан. Төртіншіден, төңкерістер ел халқының ертеңгі күнге деген сенімін де шайқап жіберген. Мә­­селен, қырғыз еліндегі әлеу­мет­танушы Қайратбек Жаманқұлов ереуілдер ең алдымен халықтың тұрмысын нашарлататынын ай­тады. «Менің әлеуметтану ғылымы бойынша кандидаттық дис­сер­тациямның тақырыбы шетел­­дерге жұмыс істеуге кеткен қыр­ғыз­дардың әлеуметтік жағдайы мен жаңа ортаға бейімделуі жайлы еді. Зерттеу кезінде қырғыз азамат­тарының Ресей, Қазақстан сияқты мемле­кеттерге кетіп, жұмыс істеуге құмар екенін байқадым. Бәрі де елдегі әлеуметтік жағдайдың на­шар­­лығынан гастарбайтер болып жүр. Олардың арасында Қазақстан азаматтығын алып, өзін қазақ деп жазғызуға ұмтылатындар да бар. Жөн сұрасаң, Қырғыз Респуб­ли­касында жағдайдың нашар екенін, елдің әлеуметтік ахуалын түзеуге бағытталған бірде-бір ре­форма немесе бағдарлама орын­далмай қалуы ықтимал екенін айтады. Өйткені ел билігінің тұрақты әрі ұзақмерзімді әлеу­меттік-эко­номикалық саясат жүр­гізетініне кепілдік жоқ. Тағы бір төңкеріс болса, билік қайта ауысуы мүм­кін», – дейді әлеуметтанушы. Сонымен қатар ол әлеуметтік жағ­дайдың нашарлауы ұлттық біре­гейлікке де зиян тигізуі мүмкін екенін айтады. Әйтпесе, «Ма­нас­пен» мақтанатын қырғыз аза­мат­тары қазақ атануға құмартпаған болар еді. Қазақстанда қалғысы келетін қырғыз азамат­тары бұдан кейінгі тағдырын түбегейлі қа­зақпен байланыстыруға тал­пы­нады. Демек, төңкерістер ел хал­қының емес, санаулы қаржы­лық топтардың мүддесіне қызмет етіп жатыр деген сөз. Ал көшеге әдетте делебе қоз­дырар ұранға еретіндер шығады. Бірақ айғайға сүрең қосып, атойлап көшеге шық­қан­дардың ешқай­сының шекесі шылқыған емес. Топтың алдына шығып ұран сал­ғандар кейін сот­талып та кетуі мүмкін. Өйткені саясаткерлер қа­рапайым азамат­тарды саяси ам­бицияның құрбаны ете салудан тартынбайды. Демек, қалың топтың дүрбелең арқылы әділет орнатамыз деуі қисынға келе қоймаса керек. Ереуілдер мен дүрбелеңдер пост­кеңестік елдер үшін пайда әкеле қоймайтынына осының өзі нақты мысал бола алады. Ал бізге «сабақ үйретіп» жүргендер қазіргі демо­кратияға, заң үстемдігінің ор­науына жүзде­ген жылдардың нәтижесінде қол жеткізген еді.

Ардагелді БЕКЖАН