Біз Мәжіліс пен мәслихат сайлауына сабылған күні Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайын да қарап жатпады. Біз депутаттарға дауыс берсек, қырғыздар екі таңдау жасады: біреуі – президентті сайлау, екіншісі – мемлекеттік басқару формасын анықтау. Президент сайлауында Садыр Жапаров 79 пайыз басымдықпен жеңіске жетті. Референдумда азаматтардың 81 пайызы президенттік жүйені қолдапты. Сонымен, Садыр Жапаров деген кім? Борышқа белшеден батқан, ЖІӨ бірден 8 пайыз құлдыраған елдің экономикасын жаңа басшы көтере ала ма? Президенттік басқару формасы ескі сүрлеуді қайта шиырлау емес пе?
Қырғыз Республикасы орталық сайлау комиссиясының дерегіне сенсек, Садыр Жапаров 79,18 пайыз дауыс иеленген. Сайлауда Жапаровтан басқа 17 кандидат бақ сынаған. Екінші орын 6,7 пайыз дауыспен Адахан Мадумаровқа, үшінші орын 2,4 дауыспен Бабыржан Төлбаевқа бұйырған. Қалғанының дауысы 2 пайызға да жетпеген. Садыр Жапаровтың бақталастарынан оқ бойы озғанын қалай түсінеміз? Сарапшылардың айтуынша, Жапаровтың сайлауға жұмсаған қаржысы өзге үміткерлердің бюджетінен бірнеше есе асып түседі екен. Мысалы, жаңа президенттің сайлау қоры 62 млн сомды (600 мың еуро) құраса, бақталастары небәрі 1-3 млн сомды місе тұтқан. 62 млн-ның үштен бір бөлігі түрмеде отырған кезінде демеушілердің есебінен жиналған деседі. Сондай-ақ ірі бизнесмендер, бұрынғы саясаткерлердің балалары, экс-шенеуніктер де Жапаровқа жанталаса жәрдемдескен. Тіпті, ол әкімшілік ресурстарды, тыйым салынған үгіт-насихат құралдарын пайдаланып, бәсекелестеріне қоқан-лоқы жасаған деседі. Қош. Қандай жолмен жеңсе де, әйтеуір Жапаровтың ойлағаны орайымен орындалды. Ол енді өзіне дейінгі басшылардың қателігін қайталамауға, туыстары мен достарын билікке араластырмауға серт қылып отыр. Сайлаудың алдын ала нәтижесі жарияланған соң халық алдына шыққан Жапаров: «Бұрынғы президенттер алғашқы жылдары оң нәтиже көрсетті, содан кейін олардың туыстары билікке араласа бастады. Мен мұндай қателіктерге жол бермеймін, біз тарихтан сабақ алдық. Құдай қаласа, қанша жыл билікте болсам, сонша жыл өзім басқарамын. Менің достарым, жүргізушілерім, көмекшілерім мен туыстарым билік жүргізбейді», – деп ант-су ішті. Екі қылмыстық іс бойынша әлі күшін жоймаған соттылығы, билікті басып алуға талпынғаны, адамдарды кепілде ұстағаны, қылмыс әлемінің серкелерімен және Бакиев кланымен астыртын байланысы бар деген қауесеттер Жапаровтың абыройына көлеңке түсіретіні анық. Бәсекелестерімен теледебатта айтысудан бас тартқанын оппозиция бетіне басады. Бірақ қалай десек те, Қырғыз Республикасының алдағы бесжылдық тағдыр-талайы Садыр Жапаровтың қолында. Әрине, Қырғыз Республикасында саяси партиялар арасында плюрализм дамыған, жаңа партиялар қалыптасқан. Сайлау науқаны жаңа тәсілмен, бюллетеньді автоматты сканерлеу арқылы жүргізіледі. Сайлау жәшігінің ішіне орнатылған аппараттар адамның кімге дауыс бергенін дереу анықтап, дауыс беру аяқталғанда нәтижені бірден көрсетеді. Ең соңында бюллетеньдер қолмен саналады. Алайда «Орталық Азиядағы демократия бесігі» атанғанына қарамастан, онда да сайлаушылардың дауысы ұрланатынын сарапшылар жоққа шығармайды. Өйткені әр аймақта халыққа белгілі бір кландардың ықпалы бар. Садыр Жапаровтың кім екеніне тоқталу үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. Былтыр 4 қазанда Қырғыз Республикасында өткен парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген жұрт көшеде наразылық ұйымдастырып, оның соңы мемлекеттік ғимараттарды саяси дағдарысқа әкеп соққан. Жаппай ереуілден кейін үкімет те, сол кездегі президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кеткен. Саяси қарсыласын ұрлап әкетті деген айыппен қамалған Садыр Жапаровты көтерілісшілер 5 қазанда түрмеден босатқан. Көп ұзамай парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Жээнбеков тақтан тайған соң президент міндетін де бірге атқарды. Міне, осы кезеңде Жапаров тамырын тереңге жайып, бүкіл билікті қолына шоғырландырып үлгеріпті. Айтпақшы, ел басқару формасын қазіргі парламенттік үлгіден президенттік үлгіге көшіруді де Садыр Жапаров ұсынды. Бұған дейін Қырғыз Республикасында парламент үкіметті отставкаға жіберуге және президентке сенімсіздік білдіруге құқылы еді, ал премьер-министр президент сияқты үкімет мүшелерін тағайындай алатын. Жапаров «парламентаризм он жыл ішінде өзінің беделін түсірді, елді құрдымға құлатты, партиялық жүйе кландық схема құрды, адамдарды байлар мен кедейлерге бөлді, сыбайлас жемқорлықтың жайлауына жағдай жасады» деп мәлімдеді. Сайлауда азаматтардың 81 пайызы осы бастаманы қолдады. Бұдан былай конституциялық реформа аясында депутаттар санын төрттен біріне (120-дан 90-ға дейін) қысқартып, олар көпшілік және пропорционалды түрде сайланады. Президент үкімет басшысын, оның орынбасарларын, министрлерді және атқарушы органдардың басқа басшыларын қызметке тағайындайды және босатады. Заң жобаларын енгізіп, бекітіп, пысықтауға жіберуге құқылы. Сонымен қатар парламентке конституциялық және Жоғарғы сот судьяларының кандидатурасын ұсына алады. Кейбір саясаттанушылар мұны «супер-президенттік басқару формасы» деп атап, Қырғыз Республикасын қайтадан авторитаризмге апарады деп топшылайды. Яғни, қырғыз халқының белгілі бір бөлігі президенттік басқару формасын ескі жүйеге оралу деп санайды. Бірақ Жапаров командасының өз уәжі бар. Олар 10 жылдық парламентаризм Қырғыз Республикасында тиімсіз болғанын, бірнеше революцияға жол ашқанын алға тартады. Оны да терістеу қиын. Кезінде Украинаның экс-президенті Виктор Ющенко билікті парламентке тапсырып қойды. Парламент сайланып, өкілетін кеңінен пайдаланып жұмыс істеді, бар құзыретті өз қолына жинап алды, ақыр аяғында бұл жүйе Украинаны бұлғаққа ұшыратты, халық сайлаған президент мемлекет тұрақтылығына кепіл бола алмай қалды. Дәл сондай жағдай Қырғыз Республикасында бірнеше рет айна-қатесіз қайталанды. Екі жүйенің бірін ала, бірін құла деп бөле-жарудан аулақпыз. Әлемде парламенттік басқарумен гүлденіп, президенттік басқарудың арқасында дәуірлеген мысалдар молынан кездеседі. Қоғам тірі ағза секілді. Жаңарып, түрленіп, дамып отыруы керек. Ең бастысы, өзгерістер саналы һәм сапалы жүзеге асса дейміз. Билік пен басқару формасы ауысса, елдің көсегесі көгеріп шыға келеді деген қағида жоқ. Бұл кезең – «тар жол, тайғақ кешуге» толы сапардың басы ғана.Еркебұлан НҰРЕКЕШ