Ұлыбританияда коронавирустан сауыққан адамдар арасында үлкен зерттеу жүргізілді, - деп жазады The Telegraph.
Зерттеуді Ұлыбританияның Лестер университеті мен Ұлттық статистика басқармасы (ONS) жүргізген. Зерттеу мәліметінше, коронавирустан сауыққандардың үштен бірі 5 ай ішінде қайтадан ауруханаға түскен, олардың әрбір сегізіншісі көп ұзамай көз жұмған.
48 мың адамға жүргізілген зерттеуден кейін осындай дерек шықты. Бұл пациенттер коронавирустың бірінші толқыны - 2020 жылдың наурыз-мамыр айларында ауырып шыққан.
Олардың 29,4%-ы 140 күн ішінде қайтадан ауруханаға түскен, 12,3%-ы коронавирустан қайтыс болған.
Жүрек, қант диабеті, бауыр және бүйректің созылмалы аурулары қатты асқынған болып шықты. Алайда коронавирус жұқтырғанға дейін науқастарда бұндай проблема болмаған.
Ғалымдардың айтуынша, коронавирустан сауыққандардың әсіресе ауыр түрімен ауырғандары 140 күн ішінде қайта ауруханаға түсіп, қайтыс болған. Бұл коронавирустың басқа формасымен сырқаттанғандарға қарағанда 3,5 есе артық.
«Адамдар үйлеріне оралып, коронавирустың ұзаққа созылатын салдарынан ауруханаға қайта түсіп, көз жұмады. Біздің байқағанымыз, олардың 30%-ы қайта оралды, бұл көп. Айтарлықтай үлкен цифр» , - дейді зерттеу жұмысына қатысқан авторлардың бірі Камлеш Кхунти.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2021 жылы наурызда коронавирус өршіп, тәулігіне 6-9 мың қазақстандық коронавирус жұқтыруы мүмкін екенін айтқанын жазған болатынбыз.