Қырғыз Республикасының жақында сайланған президенті Садыр Жапаровты ұлықтау рәсімі өтті. Қырғыздың ұлттық филармония ғимаратына 1 200-ге жуық кісі келген. Салтанатты жиынға Роза Отынбаева, Сооронбай Жээнбеков секілді экс-президенттер, соңғы президент сайлауында бақ сынаған кандидаттар, депутаттар қатысқан. Бар билікті қолына жиып, саяси реформаларды бастап кеткен Садыр Жапаров өзінің ізашарларынан қалған салт-дәстүрлерді орындады. Тек билік штандарттарын қабылдап қана қойған жоқ, қарсыластарына қылмыстық іс қозғай бастады.
10 қаңтарда өткен Қырғыз Республикасының президент сайлауына 63 адам өтініш берді. Ал сайлауға қатысу үшін үміткерлер 1 млн қырғыз сомын төлеп, 30 мың жақтасының қолын жинауы тиіс еді. Бұл талапты тек 18 адам ғана орындады. Мемлекет басшысын анықтайтын додада Мекенчил партиясының атынан қатысқан Садыр Жапаров 79,8 пайыз дауыс жинап, жеңімпаз атанды. Кейінгі орынды Бутун Қыргызстан партиясының өкілі Адахан Мадумаров алды. Ол бар-жоғы 6,7 пайыз дауысқа ие болды. Кейінгілері одан да аз. Осы көрсеткіштен-ақ Жапаров о бастан фаворит болғанын көреміз. 10 қаңтарда, сондай-ақ Қырғыз Республикасын парламенттік басқарудан президенттік басқару формасына қайтарған референдум өтті. Осылайша, 2020 жылдың қазан айына дейін түрмеде отырған Садыр Жапаровтың өз елінің билігін бағындырып қана қоймай, саяси және әкімшілік ресурстарды жұдырығына қысқа уақытта жинап алғанын байқадық. Енді басқару формасы өзгерген соң ол экс-президенттер секілді маңызды заңдарды қабылдату үшін әр партиямен, парламенттегі фракциялармен күресіп отырмайтыны белгілі. Ұлықтау рәсімінде президент Жапаров өзінің жоспарын жариялады. Оның сөзінше, ең бірінші ол елін қазіргі экономикалық дағдарыстан шығарып, сыртқы қарызды өтеумен айналысады. 30 жыл бойы қырғыз елі шетелдерден 5 млрд доллар қарыз алып үлгеріпті. Сондай-ақ республиканың қазіргі энергетикалық секторының да ахуалы мүшкіл екен. Бұл саладағы қарыз 137 млрд сомды құрайды. Президент оны да шешуге уәде берді. Өз сөзінде ол сыртқы саясат мәселесін де көтерді. Қазанда ішкі саяси дағдарысты шешуге атсалысқаны үшін Ресейге, пандемия барысында көмек қолын созған Өзбекстан мен Қазақстанға алғысын айтты. Бәлкім, осы арқылы ол өзінің сыртқы саясаттағы басым бағыттарын белгілеген болар. Оның алғашқы шетелдік ресми сапары Ресейден басталатын болды. – Садыр Жапаров сөз еткен ел экономикасының қазіргі жағдайы шынында ауыр. ЖІӨ 598 млрд сомды құрады, бұл былтырмен салыстырғанда 8,6 пайызға кем. Мұндай көрсеткіш 1994 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Құрылыс пен өндіріс саласы 15-16 пайызға кеміді. Ал азық-түлік бағасы 17 пайызға қымбаттады. Бюджет тапшылығы 50 млрд сомды құрады. Мұның барлығы коронавирус пандемиясы мен былтырғы қазан айында болған саяси төңкерістің салдары, – дейді сарапшылар. Жалпы, кеше ғана түрмеден шығып, бірден билік олимпіне өрмелеген азаматты қырғыз халқы не үшін қолдағанын түсінуге болады. Ел күздегі саяси дағдарысты, коронавирус қиыншылығын, кедейлікті еңсеретін тұлғаны іздегендей. Енді Жапаров бұл сенімді ақтай ма, әлде билікті өз мүддесіне қолданатын авторитарға айнала ма, оны уақыт көрсетеді. Бірақ қырғыз саясаткерлеріне тән «салтты» ұстануды ұмытпапты. Ол да қарсыластарын түрмеге тоғытып, саяси аренаны тазалауға көшті. Нақтырақ айтсақ, күзде және сайлау кампаниясында Жапаровқа қарсы шыққан осы елдің Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Әбділ Сегізбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол комитетті 2016-2018 жылдары басқарды. Оған дейін Асқар Ақаевтың баспасөз хатшысы болған. Өз елінде экс-президент Алмазбек Атамбаевтың жақтасы ретінде мәлім. Бүгінде Сегізбаевқа туған ауылындағы жерді пайдалану мақсатын заңсыз өзгертіп, 18 гектар жерді туған-туыстарына алып берді деген айып тағылуда. Сегізбаевтың пікірінше, қазіргі билік 13 жыл бұрынғы жағдайды енді еске түсіріп, жалған айып тағып отыр. Ал 26 қаңтар күні тағы бір азамат құрықталды. Ол бұрынғы Ішкі істер министрінің орынбасары Құрсан Асанов. Егер естеріңізде болса, Атамбаевты ұстау операциясы барысында экс-президентпен келіссөзді нақ осы Асанов жүргізген болатын. Ал былтыр қазан айындағы саяси толқулар кезінде бірден қаланың комменданты деп жарияланған. Дегенмен көп өтпей оны бұл қызметтен қуып шықты. Асанов та президенттік сайлауға қатысты. Ол да жоғарыда айтылған Сегізбаев сынды аз дауыс жинады. Енді оған «Ғимаратты басып алу», «Билікті басып алуға ұмтылу» сынды айыптар тағылып отыр. Асанов пен Сегізбаев та экс-президент Атамбаевтың адамдары саналатын. Бірақ бесінші президент Жээнбековтің үзеңгелестері нысанаға ілінді. Ол кім дерсіз? Жақынға дейін премьер-министр болған Мухамедқали Абылғазиев. Оған «Кумтор Голд Компани» компаниясына барлау жүргізу үшін заңсыз 16 мың гектар жер бөліп берген деген айып тағылды. Сондай-ақ елдің қауіпсіздік қызметі экс-премьер баю мақсатында заңсыз активтер сатып ала бастаған деген де айыбын дайындап отыр. Жаңа билік өзінің бас қарсыласы ретінде қарастырған Алмазбек Атамбаевты түрмеде қалдырып, оның жақтастарын ақырындап оның жанына апаратын секілді. Бірақ мұнымен шектелетін түрі жоқ. Енді президент қызметінен өз еркімен кеткен экс-президент Сооронбай Жээнбеков те тергеуге шақырылды. Әзірге айып тағылған жоқ, бәлкім куәгер болатын шығар. Негізгі мәселе – экс-вице-премьер Дуйшенбек Зилалиевтің ісі. Мемлекеттің бұрынғы басшысы аталған іс бойынша куәгер бола ма, тергеуге келе ме, әзірге белгісіз. Зилалиев жемқорлық іс бойынша айыпталып, 9 жылға сотталған. Ал 5-6 қазан күндері ереуілшілер оны түрмеден босатқан. Бірақ көп өтпей қапасқа қайта оралды. Осылайша, Қырғыз Республикасының 6-президенті атанған Садыр Жапаровтың алдында міндет көп. Елін саяси және экономикалық дағдарыстан шығарып, тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс. Халқының 25 пайызы кедей саналады. Ол сайлауда жеңсе де, биліктен мақұрым қалған талай саясаткер оны көз жұмып, қолдай қоймас. Бірақ осыншама қарама-қайшылықтарға қарамай, елдің ауызбіршілігін қамтамасыз ететін көшбасшы атанудың орнына ол «кек қайтару» операциясын бастап, экс-президенттердің жолын қайталап жатыр.Нұрмұхамед БАЙҒАРА