20 қаңтарда қызметіне кіріскен АҚШ-тың 46-президенті Джо Байденнің саяси ұстанымы мен қабылдаған шешімдері әлі де болса әлем назарын аударумен келеді. Алғашқы күні-ақ 17 жарлыққа қол қойған АҚШ басшысының ұстанымдары әлемдік саясатқа ықпал етпеуі мүмкін емес еді.
Экология мен денсаулыққа көңіл бөлді
Әлбетте, жаһандағы әскери-саяси тұрғыда да, экономикалық жөнінен де ең қуатты елдің ұстанымы бері айтқанда қаржы-қор нарығына, сауда-саттық пен технологияға, тереңдесек, жаһан жұртының тұтастай тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді. Содан да болар АҚШ-пен үзеңгі қағыстыруға тырысатын ірі мемлекеттер де, алыптардың аузын бағатын орта және шағын елдер де Джо Байденнің алғашқы қадамдарын аңдыды. Ал АҚШ-ты басқаруға кіріскен кәнігі саясаткер салған беттен Трамптың бірқатар жарлығының күшін жоюға бел буды. Сөйтіп, инаугурациядан кейін Байден бірден 17 жарлыққа қол қойыпты. АҚШ президенті алдымен елдің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қайта қосылуы жайлы жарлық шығарды. Осылайша, Трамптың АҚШ-тың бұл ұйым құрамынан шығару жөніндегі жарлығының күшін жойды. Сонымен бірге АҚШ-тың климат бойынша Париж келісіміне қосылуының да алғышартын жасады. Әрине, АҚШ бірден Париж келісіміне қайта қосылмайды, өйткені бір айға жуық уақытқа созылатын құқықтық процестер бар. ДДСҰ, Париж келісімі тәрізді халықаралық сипаты бар ұйымдар мен хаттамаларға, келісімдерге АҚШ-тың қосылуы мұндай ұйымдардың беделін көтеріп, хаттама шарттарының дұрыс орындалуына ықпал етері сөзсіз. Әрі оларға қомақты қаржы да құйылады. Одан бөлек, АҚШ-тың жаңа басшысы өз партиясының атауына лайық болуды да көздеді ме қайдам, Трамп кезінде енгізілген 7 мұсылман мемлекеті азаматтарының АҚШ-қа келуіне тыйым салатын құжаттың күшін жойды. Әрі Мексикамен арадағы «Трамп қабырғасын» қаржыландыруды да тоқтатуға бұйрық берді. Бұдан бөлек, коронавируспен күрес, пандемия кезінде азаматтарға қолдау көрсету тетіктерін қарастыру, миграция, экология қатарлы мәселелерге қатысты тағы бірқатар құжатқа қол қойылды. Осылайша, Байден АҚШ-тың ішкі-сыртқы саясатының қалай өрбитініне қатысты месседжерін жолдап та үлгерді. Ал өзгелер қазір мұның барлығын өздерінше жорып әуре.Әркім өзіне ыңғайлы тұспал айтады
Джо Байденнің қызметіне кірісуіне байланысты түрлі пікір айтылуда. Ақпарат агенттіктерін шолып шықсаңыз, әркім «көрпені өзіне тартуға» тырысатыны байқалады. Әрине, әр елдің масс-медиасы өзінше тұспал жасап, қоғамда Байден қақында белгілі бір көзқарас қалыптастыруға тырысқанымен, АҚШ олар айтқан бағытқа бұрыла қоярына кепілдік жоқ. Мәселен, ресейлік сарапшылар Джо Байден салмақты саясат ұстанып, Ресейге қарсы санкцияны тым күшейте қоймайды деп болжайды. Айталық, 21 қаңтарда өткен «Валдай» клубының отырысында ресейлік зерттеуші Федор Войтоловский Байден әкімшілігі Ресейді тым қатты қыспаққа алмайды деген болжам айтты. Өйткені жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселесінде диалог маңызды болса керек. Калифорния университетінің профессоры Андрей Цыганков Байденнің Қытай мен Ресейге қатысты саясаты Трамп ұстанымынан түбегейлі өзгермейді деген пікір айтады. Сөйтіп, Мәскеу санкция қыспағында қалмайды-ау деген үмітін өшірген жоқ. Бірақ жағдай басқаша қалыптасуы мүмкін. Ал украиндар АҚШ-тың Ресейге қысымы күшейеді деген уәжге көбірек көңіл бөле бастаған. Тіпті, Байденнің түп атасы украин князі болған дейтін ақпаратты да тарата бастады. Шамасы Украинаның шығысындағы сепаратистермен күресте және Қырымды қайтарып алуда Киев АҚШ-қа көп үміт артса керек. Украин патриоттары күткендей Ресейге қатан санкциялар салынғанымен, теріскейдегі жұрттың Қырымнан кете қоярына кепілдік тағы жоқ. Дегенмен Джо Байден қызметіне кіріскен соң Украинаны қолдайтынын байқатқан месседждерін жолдады. Оның үстіне жаңа президенттің инаугурациясынан кейін Қара теңізге АҚШ әскери теңіз күштерінің «Дональд Кук» эсминці келіп кірді. Алайда былтыр Қара теңізде НАТО әскери кемелері 13 рет кезекшілік атқарғанын, олардың қатарында АҚШ-тың «Росс» және «Портер» деген екі эсминці де болғанын ескерсек, жаңа эсминецтің сапары қатардағы кезекшіліктердің бірі ғана болса керек. Айтпақшы, армян сарапшылары да Таулы Қарабаққа Байденнің көмегімен қайта оралудан үмітті екенін байқатты. Армения медиасына сұхбат берген саяси шолушы Сурен Саркисян АҚШ билігі Арменияға қаржылай көмек көрсетуі мүмкін екенін, америкалықтардың Оңтүстік Кавказға ықпал етуге тырысатынын айтады. Бұл өз кезегінде Әзербайжан мен Армения қарым-қатынастарында таразы басының өзгеруіне алып келеді-мыс. Түріктер Байден әкімшілігінен әлі де қауіптенеді. Оның бірнеше себебі бар. Алғашқысы Ресейден атышулы С-400 зениттік зымыран кешендерін сатып алуға қатысты болса, одан соң Ирактағы Күрдістан жұмысшы партиясы, Сириядағы YPG тобына қатысты түсініспеушілік бар. АҚШ-тың жаңа қорғаныс министрі Ллойд Остин, Мемлекеттік хатшысы болуға үміткер Энтони Блинкен ДАИШ-қа қарсы соғыста күрдтерді қаруландыруды жақтаған саясаткерлер. Үшіншіден, Анкара Фетхуаллах Гүленді экстрадициялауға қатысты Вашингтонмен келісімге келе алмай қалудан қауіптенеді. Одан бөлек, «Түркияның Ливиядағы, Сириядағы, Жерорта теңізіндегі әрекеттеріне байланысты қысым күшейе ме?» деген қауіп бар. Қысқасы, Анкарадағылар Байденнің қызметке келуіне тым қуана қойған жоқ. Керісінше, ел ішінде «Трамп жақсы еді» дейтін саясаткерлер де бар.Ресейге санкция салынуы мүмкін
Біздің пайымдауымызша, АҚШ-тың жаңа президентінің сыртқы саясаты Трамп ұстанымдарынан бөлек болатын сыңайлы. Қазірдің өзінде Ресейге санкциялар салынатыны айқындалып келе жатыр. Вашингтон мен Мәскеудің өзара келіскен жалғыз мәселесі – стратегиялық шабуыл қаруларын таратпау жөніндегі келісім. Джо Байден В.Путинмен телефон арқылы сөйлескен кезде де осы мәселеге назар аударғаны айтылады. Сөйтіп, Вашингтон Мәскеумен СШҚ (СНВ) 5 жылға келісім жасамақ. Мұндағы мақсат – Ресейдің жаңа қару жасауына тосқауыл болу. Өзге мүдде жоқ. Сонымен бірге Байденнің Украинаны қолдайтынын ашық мәлімдегені жайлы да мәліметтер тарады. Одан бөлек, Мәскеуге SolarWinds кибершабуылын, АҚШ әскерлерінің Ауғанстанда өлтірілуін ұйымдастыру, АҚШ-тағы сайлауға араласқаны, Навальныйды улау тәрізді бірқатар ауыр айып тағылса керек. Егер Ресейге қарсы санкциялар күшейетін болса, ЕАЭО-дағы және өзге де бірқатар халықаралық ұйымдардағы Мәскеудің одақтасы ретінде Қазақстанның зардап шегуі мүмкін. Әсіресе, экономикалық тұрғыда ауыр соғуы ықтимал. Демек, Ресей мен АҚШ арасының салқындығы бізге қолайлы болмайын деп тұр. Сондай-ақ АҚШ-тың Қытайға қатысты саясаты да анық бола бастады. Вашингтон бәрібір Бейжіңге түрлі тәсілдер арқылы қысым көрсетуі ықтимал. Оның алғышарттары да байқалып қалды. Жуырда АҚШ-тың жаңа қорғаныс министрі Ллойд Остин жапондық әріптесі Нобуо Кисимен телефон арқылы тілдесіп, Жапония мен Қытай таласып жүрген Сенкаку аралын бірлесіп қорғау жөнінде айтқан. Әрі Шығыс Қытай теңізіндегі статус-квоны сақтайтынын мәлімдеген. Ал Орталық Азия аймағына қатысты Байденнің ұстанымына келсек, Вашингтон Ауғанстан мәселесін назардан тыс қалдырмағанмен, ондағы әскери контингентті азайта ма, жоқ па белгісіз. АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан шығарған жағдайда Орталық Азияда экстремизм мен терроризм қаупі күшеюі ықтимал. Онда аймақтағы барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да сыналады деген сөз. Бірақ аймақтағы АҚШ әскері әкетіле ме, жоқ па, ол жағы беймәлім. Қысқасы, Байденнің билікке келуі жаһандық саясатқа біршама өзгерістер енгізуі ғажап емес. Бірақ түбегейлі өзгеретін ештеңе бола қоймас. Ал Байденнің Президент болуының Қазақстанға қандай қатысы бар дегенге келсек, әлбетте дипломатиялық байланыстар жалғаса береді. Тек АҚШ миграциялық саясатын өзгертіп, сайлаудың алдында Джо Байденнің өзі айтқандай АҚШ 11 млн мигрант қабылдауға бекінсе, Қазақстаннан ол жаққа кеткісі келетін азаматтардың қарасын көбейтуі ықтимал. Одан бөлек, сөз басында айтқанымыздай Ресейге салынған санкциялардың кері әсері, АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылар болса еліміз орналасқан аймақта терроризм қаупі артуы ықтималдығы тәрізді мәселелер туындауы мүмкін. Бәрін уақыт көрсетеді.P.S.
Джо Байден қазақты бір қуантып тастағанын да атап өткен дұрыс. Оның протокол қызметі басшысының міндетін атқаруға қандасымыз Әсел Робертсті тағайындауы қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Бірақ мұны Қазақстанға немесе қазақ халқына жолданған месседж деп емес, білімді һәм еңбекқор азаматтың өз жетістігі ретінде бағалаған жөн-ау.
Амангелді ҚҰРМЕТ