Қаңтардың 28-і күні Моңғолия үкіметінің жаңа басшысы белгілі болды. Сөйтіп, 21 қаңтарда отставкаға кеткен Ухнаагийн Хүрэлсүхтің орнына премьер-министр болып Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ тағайындалды. Ал бұрынғы үкімет халықтың наразылығына байланысты отставкаға кеткен еді. Алайда бұрынғы кабинеттің отставкасы тек қана адам құқымен байланысты емес.
Әлбетте, «өз қазанында өзі қайнап» жатқан Моңғолиядағы саяси оқиғалардың маңызын біреу артық, біреу кем бағалауы мүмкін. Алайда ел үкіметінің биылғы отставкасы Моңғолияны Еуразия құрлығындағы біраз елге үлгі ретінде көрсетуге себеп болды. Тіпті, үкімет отставкасын адамгершіліктің жоғары деңгейі ретінде бағалағандар бар. Әңгімені әріден бастасақ, 19 қаңтар күні Ұланбатыр қаласындағы перзентханалардың бірінен нәрестелі әйел инфекциялық ауруханаға ауыстырылған еді. Өйткені әйелден коронавирус табылған. Алайда перзентханадан ауруханаға апарар кезде әйел мен нәрестеге дәрігерлер жылы киім кигізбеген. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды да, 20 қаңтар күні азаматтар қаланың орталық алаңында наразылық акциясын ұйымдастырды. Адам құқы аяққа тапталды дегенді алға тартқан шерушілер үкіметтің жауапсыздығын айыптады. Ал осы оқиғаға байланысты Моңғолия үкіметінің екі мүшесі – Денсаулық сақтау министрі Тогтмолын Мөнхсайхан және вице-премьер, коронавируспен күрес жөніндегі мемлекеттік төтенше комиссияның төрағасы Янгугийн Содбаатар өз еріктерімен отставкаға кетті. Кейін үкімет басшысы Ухнаагийн Хүрэлсүх тұтас кабинетімен отставкаға кететінін мәлімдеп, алдымен халықтан кешірім сұраған. Экс-премьер отставкаға кету себебін жаңа босанған әйелге қатысты жағдаймен байланыстыра келе, кабинетіндегі екі министрдің қызметтен кетуі үкімет жұмысын ақсатады деп түсіндірген еді. Алайда 20 қаңтарда болған наразылық шараларын ұйымдастырушылар қатарында ел президенті Халтмагийн Баттулга бар деген тұспалын айтты. Сөйтіп, жеңіл киіммен перзентханадан шыққан әйелге байланысты оқиға саяси сипат алды. Негізі, нәрестелі әйелге қатысты оқиға Моңғолия саясаткерлерінің арасындағы текетірес үшін тек сылтау еді. Ел президенті мен үкімет басшысының арасындағы түсініспеушілік біраздан бері бар. Президент Халтмаагийн Баттулга «Демократиялық партияның» өкілі болса, үкімет басшысы «Моңғолияның халық партиясының» өкілі. Ал соңғысы парламентте басымдыққа ие. Яғни, нәрестелі әйелдің оқиғасы қос партияның арасындағы текетірестің көрінісі. Өйткені парламенттегі 76-орынның 62-сіне «Моңғолияның халық партиясынан» депутат сайланса, демократтар 11-орын иеленген. Парламенттегі өзге орындарға тәуелсіз кандидаттар мен оңшыл күштердің өкілдері сайланды. Яғни, Моңғолия үкіметінің отставкасы Парламент пен Президент текетіресіне ұқсайды. Сондықтан У.Хүрэлсүх үкіметінің отставкасын қалың бұқараға билік өкілдерінің жаны ашығаны деп түсіндіру біржақты пікір. Ал жаңа үкімет құрамына келсек, премьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ кабинетінің құрамында бұрынғы үкіметтің 8 мүшесі бар. Ал жаңа премьердің өзі бұрынғы үкімет кеңесін басқарған болатын. Министр қызметін атқарған кезі де болды. Л.Оюун-Эрдэнэ – Моңғолияның 32-премьер-министрі.Ардақ СҰЛТАН