АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Иранның «әл-Құдыс» күштерінің командирі, генерал Касем Сулеймани өлтірілген соң әлем Иранның жауабын бақылап отыр. Бұл өңірде жаңа саяси, тіпті әскери дағдарыс басталғалы тұр. 1979 жылдан бері «кілем астында астыртын күрессе де», ашық қарсылыққа бармаған қос елдің арасында соғыс бастала ма? Әлде Тегеран террактілермен шектеле ме?
Генерал Касем Сулеймани тегін адам болмаған еді. Оны Иранның ықпалын бүкіл Таяу Шығыста арттырып, онда бас қарсыластары – Сауд Арабиясы, Израиль және АҚШ-тың «қолын қысқартуға» тырысқан, Иранның осы өңірдегі сыртқы саясатының негізгі бағытын анықтаған, тіпті Ресей президенті В.Путинді Сирия соғысына араласуға көндірген адам деп есептейді. Оған қоса, ол Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеидің оң қолы саналған. К.Сулеймани Таяу Шығыста шииттік елдердің одағын құруға ұмтылған генерал ретінде де мәлім болды. Сондықтан оны суниттік мемлекеттік басшылары, АҚШ, Израиль өзінің бас қарсыластарының бірі санады.
К.Сулеймани АҚШ-тың әуе шабуылынан көз жұмған соң Иран басшылары кек қайтаруға уәде берді. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, бұл елді ашық басыну. Беделді азаматын өлтіру. Екіншіден, К.Сулеймани Иранда тым ықпалды, танымал тұлға еді. Діни қоғам биліктен «қанға – қан» принципінің жүзеге асуын талап етеді. Үшіншіден, бұл жағдай Иранға бұған дейін Батыс алдында орындағысы келмеген шарттардан бас тартуға жақсы мүмкіндік. Қазірдің өзінде бұл ел ядролық келісімшарттан шығатынын мәлімдеді. Төртіншіден, Иранның әскери барлау қызметі кекті сылтау етіп, жоспардағы бірнеше шараларын жүзеге асырып, Таяу Шығыстағы ықпалын одан ары арттырып алуы ғажап емес.
Алайда АҚШ пен Иран арасында ашық соғыс басталуы мүмкін бе? Ауқымды қарулы қақтығыстың басталуы неғайбыл. Неге? Иран ондай қауіпті қадамға дайын емес. АҚШ армиясының қауқарын біледі. Мәселен, globalfirepower сайтының мәліметінше, АҚШ армиясы әлемде бірінші, Иран он төртінші. Бұдан бөлек, екі ел армиясының қаржыландыру көлемі жер мен көктей. Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институты Иран армиясының бюджеті 2018 жылы 13 млрд доллар көлемінде болды дейді. Ал АҚШ әскерінің шығыны 640 млрд доллардың шамасы. Яғни, парсы елінің әскери шығыны 49 есе аз. Бұл көрсеткіш ертең қарулы қақтығыс бола қалған жағдайда шешуші рөл атқаруы әбден мүмкін. Әскер саны жағынан да Америка басым. 1 млн 281 мың сарбазға ие. Ал Кир ұрпағының қарулы күштерінде 523 мың әскер бар. Бұл тек статистика. Ол кімнің басым екенін анық айшықтап тұр. Ал әскердің, мемлекеттің стратегиялық орналасуын қарасақ, ол жағынан да Иран ұта қоймас. АҚШ-тың әскери базалары Иранның барлық дерлік көрші елдерінде жағалай жайғасқан. Әрбірінде кемі 2-3 мың сарбаз, техника бар. Бұл жағынан Американың ұпайы түгел. Ал Иранның армиясы АҚШ-тың көршісі Мексика, Куба, Канада жерінде орналасқан деп айта алмайсыз. Сондықтан қанша қарулы қарсылық болса да, ол Америка жеріне жетпейді, соғыстың талабы – адами шығын әкелмейді. Бәрібір зардап шегетін Иран. Бұл жерде Таяу Шығыс теңіздерінде АҚШ-тың әскери крейсерлері жайлы сөз әлі көтерілмеді.
Қысқасы, барлық көрсеткіштерге қарасақ та, Тегеран Вашингтонға жол беріп тұр, тісін батыруы қиын. Сондықтан Иранның ашық соғысқа бел байлауы қиын мәселе. Оның орнына түрлі қарулы топтар арқылы жарылыстар, әскери базалар мен елшіліктерге шабуылдар ұйымдастыруы мүмкін. Әрине, бұл Вашингтонға ірі қаржылық, әскери, техникалық шығын әкелмесе де, сес көрсетудің, кек
қайтарудың белгісі болуы мүмкін.
Жалпы, К.Сулейманиға шабуыл жасап, оның көзін жою жоспары 2006 жылдан ойластырылған деген мәлімет бар. Бірақ оған Дж.Буш та, Б.Обама да бармады. Д.Трамп бұл қадамға шабуылдың әкелетін тәуекелінен пайдасы көбірек екенін біле тұра барған сыңайлы. Себебі өзге елдің әскери генералын ашықтан-ашық өлтіру Трампқа да асқан абырой бермеді. Осы шешімі үшін оны өз елінде демократтар да, танымал азаматтар да сынға алды. Тіпті, террактілер болмау үшін аятолла Әли Хаменеиден жария кешірім сұрағандар да бар. Ал Конгрестің өкілдер палатасы Иран мәселесінде Трамптың құзыретін шектеу бастамасын көтерді. Дегенмен АҚШ президенті келер жылғы сайлау алдында осындай қауіпті қадамға баруының басқа да себептері болуы мүмкін.
Жалпы, генерал Касем Сулейманидың өлімі АҚШ пен Иран арасындағы көптеген шешілмеген мәселелер дипломатиялық келіссөз арқылы тарқауы мүмкін деген болжамды көптеген жылдарға кейін ысырғаны анық.