Дональд Трамп сайлауда ұтылып, президент қызметін қалдырып кетсе де, тыныш демала қоймайтын секілді. Биыл 6 қаңтарда демонстранттардың Капитолийді басып алу оқиғасына орай АҚШ-тың Демократиялық партиясы экс-президентке екінші импичмент жариялауды жоспарлап отыр. Себебі олардың пікірінше, Трамп сол күні Уашингтон қаласында өткен митингте ереуілшілер алдында сөз сөйлеп, Капитолийді басып алуға итермелейтін ұран тастаған.
АҚШ сенаты Трампқа жарияланатын импичмент Конституцияға сай деп мәлімдеді. 56 сенатор бұл бастама заңға сәйкес деп қолдаса, 44 сенатор қарсы шықты. Импичментті жақтаған сенаторлардың арасында Республикалық партияның алты өкілі бар. Трамп та кезінде осы партиядан сайланды. Ал импичментті толық жариялау үшін 67 сенатор қолдауға тиіс. Дегенмен алдағы уақытта кворумды толтыру үшін тағы 11 сенатор керек. Әрине, Республикалық партиядан сайланған олардың Трампқа қарсы шыға қоюы екіталай. Бұған дейін Конгрестің өкілдер палатасы әлі де президент қызметінен кете қоймаған Трампқа импичмент жариялаған еді. Өйткені онда Демократиялық партияның өкілдері басым (221). Дегенмен ол күшіне ену үшін сенат құрамындағылардың үштен екісі бастамаға қолдау білдіруі керек. Ал сенатта қазір Республикалық партияның мүшелері көптеу (50). Сондықтан демократтардың өз дегеніне жетуі қиындау. Онсыз да қызметінен кеткен экс-президентке Демократиялық партияның өкілдері неге шүйлігіп, екінші рет импичмент жарияламақ? Ең бірінші себеп – биыл 6 қаңтар күні Конгресс орналасқан Капитолий ғимаратын ереуілшілердің басып алуы. Демократтардың пікірінше, бұл – Америка демократиясына жасалған қастандық. Бұл заңсыздыққа сол күні Уашингтон қаласында митинг өткізген Дональд Трамп түрткі болған. Өйткені сол жиында сөз алған экс-президент «Байден сайлау нәтижесін бұрмалап, жеңіске жетті, мен қайтпаймын, осыны Капитолийдегі конгресмендерге жеткізіңдер» деген сөздер айтқан. Демократиялық партияның басшылығы бұл сөздерді арандату, Капитолийді басып алуға итермелеу деп бағалап отыр. Сондықтан демократтар АҚШ тарихында болмаған оқиғаға себепкер Трампты қолындағы бар тетіктерді пайдалана отырып, жазаламақ. Екінші себеп – Трамптың келешекте саясатқа оралуына бүгіннен кедергі жасап, алдын алу. Қысқасы, әдеттегідей саяси есеп. Алайда демократтар өз мақсатына жете ме? АҚШ сарапшылары Конгрестің сенаты импичментке келісім береді дегенге сенбейді. Неге? Жоғарыда айтқандай, Сенатта Республикалық партия өкілдері басым. Дональд Трамп қанша айыпты болса да, олар бәрібір де партияласын жығып, жария жазалауға жол бермейді деп отыр. Өйткені Трампқа импичмент жарияланса, бұл Республикалық партияның да имиджіне үлкен нұқсан келеді дегенді білдіреді. Онсыз да соңғы сайлауда жеңілген республикалықтар өз өкіліне импичмент жариялауға көмектесіп, қоғамдағы жағдайын одан әрі мүшкіл еткісі келмейтін болар. Сондықтан да сенатта алдағы дауыс беру кезеңінде олар импичментке қарсы шығуы бек мүмкін. Трампқа импичмент жариялауды АҚШ қоғамының басым бөлігі де қолдайды екен. Жақында Ipsos компаниясы жүргізген сауалнамаға қарасақ, 56 пайыз азамат импичментті жақтаса, 43 пайызы қарсы шыққан. Сондай-ақ осы сауалнамада респонденттер радикалды экстремистер қай партияда деген сұраққа жауап берген. Жауап бергендердің 42 пайызы радикалдар Республикалық партияда десе, 25 пайызы Демократиялық партияда деп пікірін білдірген. Жалпы, АҚШ-ты есеңіреткен 6 қаңтар күні не болды, не үшін болды деген сұрақ туындайды. Дәл сол күні Конгресте әр штаттағы сайлаушылардың берген дауысын есептеп, өткен президент сайлауының нәтижесін жариялап, жеңімпаз анықталуы керек болған. Бұған дейін сайлаушылардың 302-сі Байденді қолдаса, 232-сі Трампты жақтады. Президент сайлауын жеңу үшін 270 дауыс жинау жеткілікті. Осылайша, Байденнің 46-президент атанғаны анық болған. Тек оны 6 қаңтарда ресми түрде жариялау керек еді. Осылайша, сайлау қорытындысы заңдастырылатын. Аталған шараға кедергі келтіру үшін Трамп дәл сол күні Уашингтонда өз жақтастарын жинап, «Американы құтқар» атауымен ірі митинг ұйымдастырды. Онда сөз алған Трамп, Руди Джулиани, Конгрестің бірнеше мүшесі «елді қайтару үшін бар күшті салып, күресуге» және Капитолийге баруға шақырған. Саясаткерлердің сөзіне сенген жиналған жұрт АҚШ-тың конгресмендері отыратын ғимаратқа лап қойды. Полициямен қақтығыс болды. Нәтижесінде, 5 кісі көз жұмды, оның бірі – полицей. 60-тан аса полицей жарақат алды. 68 адам ұсталды. Екі жарылғыш зат табылды. Қазіргі жағдайға қарасақ, мұндай қылмысты конгресмендер де, қоғам да кешіре алар емес. Трамп АҚШ тарихында Конгрестің өкілдер палатасы екі рет импичмент жариялаған жалғыз президент болып тұр. Алғаш рет 2019 жылы демократтар оны өзінің саяси мүддесі үшін Украина президенті Володимир Зеленскийге қысым көрсетті деп айыптаған еді. Нақтырақ айтса, сол кезде демократтардың басты кандидаты санала бастаған Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге Украинада қылмыстық іс ашуға итермелеген. Бұл ұсынысы қабыл алынса, Трамп АҚШ тарапынан Киевке әскери және қаржылай көмекті уәде еткен. Екі президенттің арасындағы бұл әңгіме 2019 жылы шілде айында болған. Бір қызығы, екеуі телефон арқылы сөйлескенге дейін Трамп Украинаға көмек беруді уақытша тоқтатқан екен. Яғни, сырттай қарасаңыз, саяси қысымның барлық айла-шарасын жасап баққан. Осы себепті Өкілдер палатасы Трампқа «билікті асыра пайдаланды», «Конгресс тергеуіне кедергі келтірді» деген айыптар тақты. Осының негізінде импичмент те жариялады. Алайда аталған екі айып Сенатта қарастырылғанда қолдау таппады және Трамп ақталып, өз қызметінде қалды. Оған бірден-бір себеп – сенатта Республикалық партияның өкілдері басым еді. Сонымен, экс-президент Дональд Трамп АҚШ Конгресінің өкілдері палатасы импичмент жариялаған тарихтағы 3-президент атанды. Жалпы, бұл саяси текетірес кез келген мемлекеттің саяси жүйесінде билік тармақтарының арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйесі қаншалық маңызды екенін көрсетті. Бір-бірінің жұмысына қырағы болған билік тармақтары өзге тараптың кең әрі толық билік иесіне айналмауын бақылайды.Нұрмұхамед БАЙҒАРА