Бүгін, 21 наурызда отандық лоукостер FlyArystan Түркістаннан Стамбулға алғашқы халықаралық рейсін жасады. Екі елдің тарихи қалалары арасында тұрақты рейстер сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады. Бұл туралы әуекомпаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан – Стамбул – Түркістан алғашқы рейсіне орай Хазірет Сұлтан әуежайында брифинг өтті. Оған ҚР ИИДМ ААК төрағасы Талғат Ластаев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай, FlyArystan-ның басқарушы директоры Адриан Хамильтон-Маннс және Түркістан халықаралық әуежайының атқарушы директоры Марат Хасенов қатысты.
«Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына ішкі рейстер орындалып жатыр және екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды Қазақстанның 10 облыс орталығымен аптасына 53 рейс жиілігімен қосу жоспарланып отыр», – деді Талғат Ластаев.
Сонымен бірге бүгін Атырау – Түркістан – Атырау бағыты бойынша алғашқы рейс жасалды. Бұл бағытқа билет бағасы бір жаққа ұшу үшін 8999 теңгеден басталады.
Лоукостердің рейстеріне билетті FlyArystan мобильді қосымшасы арқылы немесе ресми сайтынан брондауға болады.