БҰҰ әлемнің 20 еліне аштық қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Аталған мәселе былтыр да көтерілген-ді. Бұл жолы ұйым проблеманы шешудің амалдарын қарастырып, жағдайға жалпы шолу жасады. Деректерге сүйенсек, дүниежүзіндегі 34 миллион адам аштық салдарынан өлімге бір табан жақын тұр.
Мал терісі мен балшық талғажау
Ұйымның екі мекемесі аштық мәселесі туралы дабыл қағып жатқанына біраз уақыт болды. Атап айтқанда, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы бірнеше елдегі жағдайға бақылау жүргізген. Мәселен, Конго Демократиялық Республикасында 19,6 миллион адам аштық апатын бастан кешірген. Оңтүстік Суданда аналар балаларына өлген малдың терісі мен балшық жегізуге мәжбүр болған. Жалпы алғанда, әлемде 270 миллион адам аштықпен бетпе-бет келген. Зерттеулерге сүйенсек, дүниежүзінде әрбір тоғызыншы адам аштыққа душар болған. Мұның салдары денсаулыққа қауіп төндіріп, СПИД, безгек пен туберкулездің таралуына әкеледі. Одан бөлек, ғаламшардағы 2 млрд адам денсаулыққа қауіпсіз әрі қажетті азық-түлікпен қамтылмаған. Бұған солтүстік Америка мен Еуропа халқының 8%-ы кіреді. Жалпы, көпшілік аштық дегенде Африка елдерін елестетеді. Иә, аталған елде аштық деңгейінің өсіп жатқаны айдан анық. Бірақ Латын Америкасы мен Кариб бассейні маңындағы елдерді де аштық жайлап жатыр. 2010 жылдан бері батыс Азияда ашыққан тұрғындардың саны жыл санап көбейіп келеді. БҰҰ өкілдері осы мәселені тезірек шешіп, аштық таралуы мүмкін елдерді аман алып қалуды ойлап отыр. Қазір Ауғанстан, Нигерия, Йемен, Судан, Оңтүстік Судан мен Сахел аймағындағы жағдай нашарлаған. Таяу Шығыстағы Сирия мен Ливанға, Латын Америкасындағы Гаити сияқты мемлекеттерге халықаралық ұйымдардың көңіл бөліп, жағдайды оңтайландыруға атсалысқаны керек. Өйткені мамандар аштық мәселесі бар елдерде 34 млн адам өлімге бір табан жақын тұрғанын айтқан.5,5 миллиард доллар жәрдем
Мұндай мәселе туындағанда алдымен себебін анықтап, сосын шара қолданатынымыз бар. Сондықтан аштықтың таралу себебін іздейтініміз белгілі. Әлемде болып жатқан қақтығыстар, экономикалық қиындықтар, климаттың өзгеруі мен пандемия салдары жүз мыңдаған адамның аяқ-қолына тұсау салды. Сәйкесінше, тұрақсыздық орнап, мәселе артынан мәселе туындады. Мысалы, қақтығыс орнаған елді жұмыссыздық жайлады. Жұмыссыздық аштыққа, аштық халықтың елін тастап, босқын болуына әкеледі. Осы тұста БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррештің айтқаны бар. Ол қақтығыс аштық пен жоқшылыққа, аштық пен жоқшылық қақтығысқа әкелетінін айтқан. Мәселен, Йеменді ашаршылық жайлаған, азық-түлік тапшы. Елдің мұндай халге түсуіне 2004 жылы басталған азамат соғысы себеп. Мәлімет бойынша, биыл Йемендегі ашыққан халық саны 16 миллионнан асады. БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас экономисі Ариф Хусейн коронавирус пандемиясы, валютаның құнсыздануы, босқындар мәселесі аштықтың етек жаюына әкелетінін атап өткен. Сондықтан кей елдерде тамаққан тарыққан халық жоқшылықтан қайтыс болып жатыр. Иә, пандемияның да әсерін жоққа шығармаймыз. Өйткені індет жағдайы тұралаған елдерді әбден титықтатқан. Әсіресе, азық-түлік бағасына, егін жинау науқанына әсер еткен. Әлем елдері «Қайтсек экономиканы тұралатпаймыз?» деп жоспар құрып жатқаны хақ. Десе де, тұрмысы төмен елдердегі табыс көзін сақтап қалу маңызды. Бас хатшының мәлімдемесі де осындай пікірмен үндес. Оның айтуынша, аштықтың алдын алу үшін гуманитарлық көмек көрсетіп, қажет деп көрсетілген 5,5 млрд долларды жинау қажет. БҰҰ өкілдері 2020 жылы миллиардерлер мен кәсіпкерлерді аштықтан қырылу қаупі бар 30 млн адамды құтқаруға шақырғаны да есімізде. Қазір адамзаттың басты мақсаты – аштық пен азық-түлік тапшылығының алдын алу.Қандай көмек көрсетуге болады?
Мамандар қажетті қаражат пен гуманитарлық көмектен басқа дәнді дақылдардың тұқымын жеткізу қажетін мәлімдеген. Одан бөлек жануарларға вакцина егу, ауызсу мәселесі де күн тәртібінде тұр. БҰҰ мәліметінше, гуманитарлық көмек болған күннің өзінде оны жеткізудің өзі қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан қауіп күшейген аймақтарға көмек қолын созуды тездеткен жөн. Жалпы, аштықтың алдын алу турасында бірнеше маңызды құжаттың бекітілгені бар. Алғаш рет 1996 жылы 182 ел аштықтың алдын алып, 2015 жылға дейін ашқұрсақ халықтың санын екі есеге қысқартуға келіскен. Көп өтпей, 2000 жылы көшбасшы елдер мыңжылдық декларациясын қабылдап, сегіз басымдықты негізге алды. Расымен, аталған декларация аштықтың алдын алуға көмектесті. Атап айтқанда, кедейліктің шегінде тұратын халық санын екі есе қысқарту межесі 2010 жылы орындалды. Дамушы елдердегі аштық мәселесіне тап болған адам саны да екі есеге қысқарды. Мысалы, 1990 жылы әлемде әрбір төртінші бала қажетті салмақ жинай алмаса, қазір әрбір жетінші балада осындай проблема бар. Әрине, мұнымен мәселе біткен жоқ. Декларацияның 2030 жылға дейінгі жоспары бекіген. Басты назар ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін өндіруге аударылмақ. Нақтырақ айтқанда, ашаршылықтың алдын алып, халықты денсаулыққа қауіпсіз әрі қажетті азық-түлікпен қамту көзделген. Бұдан бөлек, бірқатар жоба аштықтың алдын алуға бағытталғанын білеміз. БҰҰ да әлем елдерін көмек қолын созып, міндеттерді тең атқаруға үндейді. Олар аштықтың алдын алу адамзаттың бірдей міндеті екенін қайталаудан жалықпайды.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ