Ташкентте Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның үкіметаралық комиссиясының отырысы өтіп, онда Қытайдан екі елдің аумағын басып өтетін теміржол құрылысын салу туралы әңгіме пысықталды. Айта кетейік, бұл желі Қазақстанды айналып өтеді. Жаңа магистральдің іске қосылуы аталған елдердің өнімдерін Батыс Азия мен Таяу Шығыс нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Ол Қытай жүк тасымалын Еуроодаққа жеткізетін ең қысқа бағдарлардың бірі болмақ.
«Өзбек тарабы Қытай – Қырғыз Республикасы–Өзбекстан теміржолының жекелеген учаскелерін жобалауға және салуға, сондай-ақ оның техникалық-экономикалық негіздемесінің әзірлігіне қарай қоса қаржыландыруға дайын екенін білдірді. Қытай–Қырғыз Республикасы – Өзбекстан теміржол ЕАЭО үшін жаңа нарықтарды ашады» делінген екі жақты үкіметаралық комиссия таратқан хабарламада. Мұндай жоба туралы Қытай өзінің халықаралық тасымалға арналған теміржол және автомобиль инфрақұрылымын жаңғыртуға белсенді кіріскен кездерден, тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері айтылып келеді. Сол кезде-ақ теміржол комиссия құру туралы алғашқы құжаттарға қол қойылып, оған үш елдің өкілдері кірген: ҚХР, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан. 2003 жылы жобаның алғашқы техникалық-экономикалық негіздемесі ұсынылды, ол Қырғыз Республикасы аумағы бойынша Торугарт асуы арқылы Арпа жайлауынан өтіп, әрі қарай Өзген ауданынан Қара-Суу қаласына барып, сол жерден Өзбекстанға шығуы тиіс.Қытай транзиті кімге тиімді?
Ташкент пен Бішкектің өзара экономикалық байланыстарын нығайтуға бағытталған бірлескен жобалары көп. 2017 жылдың қазан айында екі ел Қытайға жүк жеткізетін «Ташкент – Ош – Қашғар» көлік дәлізін ашты, маршруттың ұзындығы – 900 км. Бұл жобаға қатысатын елдердің барлығына пайда әкелді. Біріншіден, үш елді біріктіретін ең қысқа жолдардың бірі пайда болды. Екіншіден, болашақта оның үш елге де беретін экономикалық дивидендтері ауқымды. Үшіншіден, жобаны іске асыруға қатысатын елдер арасында қатынас нығая түсті. Жаңа бағыт Қырғыз жүктерін сыртқы нарыққа тасымалдағанда Қазақстанға тәуелділігін азайтты. Өзбекстанға өз тауарларын жеткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік берді, ал Қытай үшін өнім жеткізу жолын әртараптандыра түсті.Жаңа магистральдің жетістігі неде?
Кезекті бірлескен жоба – «Қытай –Қырғыз Республикасы –Өзбекстан» теміржол магистралі бұл мемлекеттердің тауар айналымын бұрынғыдан бетер үдете түспек. Естеріңізге сала кетейік, бұл жоба Алмазбек Атамбаевтың «2013-2017 жылдар аралығындағы Қырғыз Республикасы тұрақты дамуының ұлттық стратегиясы туралы» Жарлығына енгізілген болатын. Алайда оған дейін 2002 жылы Бейжің осы теміржол жобасы туралы бастама көтерген еді. Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев билікке келген соң «Қытай – Қырғыз Республикасы–Өзбекстан» бағытының орнына «Тәжікстан – Қырғыз Республикасы–Қазақстан–Ресей» тармағын салуды ұсынған. Бірақ бұл идеяны ешкім қолдамаған соң Қырғыз Республикасы билігі «Қытай –Қырғыз Республикасы–Өзбекстан» жобасына қайта оралды.Бұл жоба Қазақстанның мүддесіне қайшы ма?
Сөзсіз жаңа магистраль Қазақстанды айналып өтетіндіктен, сол арқылы жүк айналымының едәуір бөлігінен түсетін табыстан қағылатындықтан бізге тиімсіз. Бұл осы себеппен Ресейге де тиімсіз. «Қытай – Қырғыз Республикасы – Өзбекстан» жобасы туралы 20 жылдан астам айтылып келе жатқанымен, оның нақты жүзеге асырылмауының да бір себебі осы», – дейді Қырғыз тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Темірбек Шабданалиев. «Жоба бойынша нақты жасалған істен гөрі көпіртпе, бос сөз көп. Өйткені жаңа магистральдің салынуы ірі мемлекеттер Қазақстан мен Ресейдің мүддесіне қайшы келеді. Біз осы теміржол желісін салғанда олар бірталай табыстан да қағылады, саяси ықпалдан да айырылады. Бұл көлік тасымалына қатысты да, басқа бағыттарда да біздің тәуелсіз саясат жүргізуімізге мүмкіндік береді», – деді ол. Тағы бір фактор, Қазақстан мен Ресей Қытайдан теміржолмен тасымалданатын жүк қатынасының монополисі деуге де болады. Қазақстанның Қытаймен аралықты жалғайтын шойынжолы ұзындығы бойынша Ресейден кейін екінші орында тұр. Біздің елдің екі теміржол тармағы Қытаймен байланысқан. Реті келгенде айта кетейік, бұл Орталық Азия елдерінің Қазақстанды айналып өтетін алғашқы трансұлттық маршруты емес. Өткен жылы 26 мамырда Түркия мен Қырғыз Республикасы жаңа жүк тасымалы бағытының ашылғанын жариялағаны есімізде.«Қытай – Қырғыз Республикасы – Өзбекстан» қанша тұрады?
Көлік және коммуникация министрінің бұрынғы орынбасары Ұлан Уезбаев жаңа жобаға қатысты мемлекет-жеке бизнес әріптестігі туралы келісім жоқ дегенді айтады. О баста жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі $1,5 млрд болған, қазір ол $4,5 миллиардқа дейін өсті, әлі де оның құны қымбаттай түсуі ғажап емес. Сарапшылар теміржол құрылысы басталғанда тіпті $8 миллиардқа жетуі де мүмкін дейді. «Қытай–Қырғыз Республикасы–Өзбекстан» жобасының бастапқы кезде сегіз нұсқасы ұсынылған. Кейін үш елдің сарапшылары екі нұсқаны таңдап алған. Оның солтүстік бағыты – Қашқардан Торугарт асып, Арпа және Кара-Суу арқылы Андижанға дейін. Оңтүстік бағыты – Иркештам, Сары-Таш және Ош. 2002 жылы ҚХР Қырғыз Республикасына жаңа магистральді зерттеу үшін 20 млн юань грант бөлді. Ақыр соңында қырғыз жағы солтүстік бағытқа таңдау жасаған. Маршруттың жалпы ұзындығы 268 км болды. Жаңа магистраль Қырғыз Республикасы аумағында Балыкчи – Кочкор – Кара-Кече – Арпа – Кара-Суу елді мекенін басып өтетін болды. Сол арқылы қырғыз жағы ел аумағын теміржол тармағымен тұтастай қамтып қалмақ. «Жаңа магистраль екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын кеңейтіп, тауар айналымын арттыра түседі. Жоба Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның сауда-экономикалық байланысын күшейте түсетіні өз алдына, бұл Орта Азияның көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосатыны сөзсіз», – деп ойын түйіндеді Қырғыз Республикасының премьер-министрі Ұлықбек Марипов.Дәулет АСАУОВ