6 сәуір күні жаһандағы ең бақуатты кәсіпкерлердің тізімі жарияланды. Forbes-тің дәстүрлі рейтингі осы жолы тым ерек. Қазақстан үшін айрықша болатын себебі — миллиардерлер тізімі үш отандасымызбен толықты. Ал енді әлем үшін не үшін ерекше десеңіз, айтайық. Пандемия жылында экономика қанша жерден қиын кезеңді бастан өткерді десе де, 2021 жылы бай адамдар тізіміне қосылғандардың саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай рекордтық көлеммен көбейгенін байқап отырмыз.
Басынан бастасақ, СOVID-19 байлар тізімін арттырмаса, кеміткен жоқ. Себебі әлемдік миллиардерлер тізімі биыл 493 адаммен толыққан. Америкалық Forbes бұған қатысты «бұл дегеніміз – әлемде орта есеппен әр 17 сағат сайын жаңа миллиардер топқа қосылып отырғанмен тең» деп жазды. Бұған дейінгі рекорд 2015 жылы жасалған екен. Сол жылы 290 кәсіпкер тізімге енген екен. Ал енді биылғы көрсеткішпен өзіңіз салыстыра беріңіз. Тізімге биыл енгендерді бәйгеге енді қосылған тұлпарға теңесек, сол жаңа «сәйгүліктердің» орташа жеке капиталы 2 млрд доллар екен. Орташа жасы – 54. Бір байқағанымыз, жыл өткен сайын бақуаттылар тізіміне жастар көптеп қосылып жатыр. Жалпы тізім бойынша орта жас – 63. Сондай-ақ қатарға осы жылы қосылғандардың 84 пайызы – өз күшімен жетістікке жеткендер. Яғни, мұрагерлікпен иеленбей, компанияның негізін қалап, күн-түн демей жұмыс істеген. Бұл да трендке айналып келе жатыр деген сөз.Дәулетті дәрігерлер
Алдымен пандемия жылының миллиардерлер тізімінің қалыптасуына қалай әсер еткенін айта кетсек. Былтыр наурыздың ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік пандемия жариялағанын бәріміз білеміз. Сол кезде нарық біткен құлап, экономика рецессияға ұшыраған еді. Соған қарап, биылғы тізім мүлдем басқаша болуы мүмкін деген болжам да жасалған. Әйтсе де, қатарға 2021 жылы қосылған бақуаттылардың ішінде кемі 40 шақтысы коронавируспен күреспен шұғылданып жатқан компаниялардың арқасында байығанын байқап отырмыз. Тіпті, миллиардерлер тізіміне енген дәрігерлер бар. Мысалы, денсаулық сақтау саласында COVID-пен күресте алдыңғы шепте жүргендердің бірі – Пратап Редди. Байлығы 1,5 млрд долларға бағаланған. Үндістандық миллиардер дәрігердің ауруханалар желісі бар. Коронавирусты емдеу және диагностика жасаудың арқасында қызметінің құны шарықтап, сол арқылы тізімге қосылған. Pfizer-мен серіктесіп вакцина жасаған Угур Шахиннің байлығы – 4 млрд доллар. Тегі түрік дәрігер – BioNTech неміс фирмасының тең құрылтайшысы. Америкалық Moderna фирмасының бас директоры Стефан Бансельдің байлығы 4,3 млрд долларға бағаланып отыр. Олардың фирмасы да вакцина жасап шығарған. Жаңа милиардерлердің ішіндегі ең ауқаттысы – Ли Цзяньцюань. Медициналық тауарлар шығаратын қытайлық Winner Medical компаниясының президенті. Әлемнің түкпір-түкпіріне медициналық бетперделер мен арнайы комбинезондар жеткізіп отырған компанияның IPO-сы 2020 жылдың қыркүйегінде Shenzhen Stock Exchange-ге шығып, 64 жастағы Цзяньцюаньді табан астында миллиардерлер тізіміне қосты. Мұндай мысал айта берсе өте көп.Қазақстанға +3 миллиардер
Отандастар ішінде әлемдік рейтинг бойынша көшті баяғыша Владимир Ким бастады. Оның байлығы 4,6 млрд доллар деп бағаланып, 622-орынға жайғастырылған. Бір жылдағы тапқан табысы – 900 млн доллар. Ол –металлургия саласындағы алпауыт KAZ Minerals иесі. Қазақстандық кәсіпкерлер ішінде әлемдік рейтингтен орын алған үш отандасымыз барын басында айттық. Соның ішінде қаржы саласында алға жылжу байқалып отыр. Олай дейтініміз, Forbes тізіміне биыл енген үшеуі де осы саладан. Kaspi FinTech-компаниясына тікелей қатысы бар екеу – Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе тізімге қосылды. Кимнің байлығы 3,3 млрд долларға бағаланса, Ломтадзенікі – 3,5 млрд доллар. Жалпы тізімде, сәйкесінше 925 және 956-орынды иеленді. Қатарға енді қосылғандардың да, жалпы тізімдегі қазақстандықтардың тізбегін тәмамдайтын да – Тимур Тұрлов. 2,1 млрд доллар байлығы бар ол әлемдік рейтингте 1517-орында тұр. Тимур – еліміздегі ең жас миллиардер. Нақты айтқанда, оның жасы 33-те. Клиенттеріне АҚШ, Ресей және Еуропа қор биржаларына қол жеткізуге мүмкіндік беретін Freedom Holding боркерлік компаниясының негізін қалаушы әрі директоры. 2020 жылы қазанда Freedom Holding Corp инвестициялық тобы NASDAQ Capital Market-ке шыққан еді. Компанияның нарықтық капитализациясы – 3,29 млрд доллар, ал бір акциясының құны 56,61 долларға бағаланған.Америка мен Қытай – көшбасшы
Бұған дейін де миллиардерлер саны бойынша Америка көш бастап келген. Дәстүр биыл да жалғасты. Әлемдік тізімде 724 америкалық азамат бар. Былтыр ол көрсеткіш 615 болған. Ал екінші орында – қытайлық ауқаттылар. Биыл саны тіпті көбейе түсті. Олай дейтініміз, 2020 жылдың наурызынан бері 239 жаңа миллиардер қосылып, жалпы саны 626-ға барып жығылған. Бақуатты жандардың саны бойынша үздік үштікке осы жылы өзгеріс енді. Бұрын Германия жайғасып келген орынды 2021 жылы Үндістан басты. Бұл елдегі миллиардер саны – 140. Ал төртінші орынға ығысқан Германияда аталған көрсеткіш төрт адамға кем. Бір жылда Үндістанда 19 жаңа миллиардер пайда болыпты. Бесінші орында – Ресей. Ал жалпы ондыққа қысқаша шолу жасасақ, бұдан кейінгі орындарды Гонконг, Бразилия, Канада, Ұлыбритания және Италия иеленген.Ғаламдағы ең бай 5 адам
Бұл тізім туралы да қысқаша атап өтпесе болмас. Әлемнің ең бай адамы деп осымен төртінші жыл қатарынан Джефф Безосс танылып келеді. Байлығы – 177 млрд доллар. Бір жылда қалтасын 64 млрд долларға қампайтқан. Ал екінші орында – Илон Маск. Өзі де Марсқа адам ұшыруды мақсат етіп жүрген ол екінші орынға құстай ұшып келді десек болатын шығар. Себебі бұған дейін 31-орыннан көрінген Маск бір жыл ішінде 126,4 млрд доллар табыс тауып, әлемдегі екінші бақуатты адамға айналды. Оған басты себеп — Tesla акцияларының 705 пайызға өсуі. Үшінші орынға сән әлемінің серкесі саналатын француз магнаты Бернар Арно жайғасты. Louis Vuitton және Christian Dior брендтеріне иелік ететін LVMH акциялары 86 пайызға қымбаттап, бір жылда табысы екі еселенген. Яғни, оның байлығы биыл 150 млрд долларға бағаланған. Билл Гейтс 124 млрд долларлық байлығымен төртінші орыннан көрінсе, 97 млрд долларға иелік ететін Марк Цукерберг бестікті тәмамдап отыр.Жадыра АҚҚАЙЫР