Алматы облысындағы 4 ауыл ауызсу үшін несие төлеуі мүмкін. Сол себепті ауыл тұрғындары наразылық білдірген. Жергілікті әкімдік пен ауданнан қолдау таппаған олар Президент Әкімшілігіне хат жазған. Мәселен, жақында Ақжазық ауылы елдің халін мінбердегілерге жеткізу үшін телеарнаны көмекке шақырған. Алмалы ауылының тұрғындары болса соттасамыз деп отыр. Ал Пенжім ауылының тұрғындары несие туралы естігенде жағасын ұстаған. «Шекара маңындағы ауылдың жағдайын ешкім білмей қалады деп ойлағандар, қателеседі», – дейді олар.
Облыстың қитұрқы жоспары
Пенжім ауылының тұрғыны Ербосын Жақсынқаевтың ауызсу мәселесін көтеріп жүргеніне біраз уақыт болған. Ол бастапқыда тарифтің қымбат екенін айтып, шағымданған. Жағдайдың анық-қанығын білгесін «мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылғандай» күй кешкен. Есепке жүйрік зейнеткер қазір ауызсуға төлеп жүрген 139 теңгенің артық екенін күні бұрын білген. Есеп-қисабын түгендеп әкімдікке барғанында ауылының қарыз екенін, су тарифі көтерілетінін естіген. «Су құбырын жүргізу үшін Ұлттық қордан 1 млрд 267 млн 388 мың теңге бөлінген. Соның ішінде Пенжімге 359 млн теңге қарастырылған. Бізге келер жылдан бастап текше метріне 466 теңге төлейсіңдер деп отыр. Сонда 1 230 отбасы несиені 16 жылда қайтарамыз. Мұны білгесін жергілікті әкімдікке, аудан мен облысқа шағым айттым. Нәтиже жоқ болған соң Президент Әкімшілігіне хат жаздым. Өйткені облыстан келген маман мен «Панфилов су құбырының» экономисі мені сендіре алмады. Қазір текше метріне 139 теңге төлейміз. Мұның өзі қымбат. Менің есебім бойынша, әр үйге орта есеппен 100 теңге 39 тиыннан келеді. Ал ауданнан келген экономист жиналыста 139 теңгенің есебін шығарып бере алмады. Сонда бұлар әр текше метрден 39 теңгеге артық алып жатыр. Монополияға қарсы ұйым бағаны қадағаламайды. Мәселен, мердігер компания 2018 жылы су құбырын жүргізу жұмысын бастап, 2019 жылы аяқтады. «Панфилов су құбыры» компания қазған шұңқырларды жаппай, жұмысын толық аяқтамай жатып жұмысты қабылдап алды. Білуімше, компания бір бай-бағланға тиесілі. Аудан мен жергілікті әкімдік қолшоқпар болып отыр. Бар қитұрқы істі облыс жүргізіп жатыр. Әйтпесе, мердігер компания жиналыста су құбырын несиеге тартып жатқанын айтқанда, бас тартар едік. Олар тұрғындарды алдап, құрыққа түсірді», – дейді Пенжім ауылының тұрғыны Ербосын Жақсынқаев. Аталған жылы болған жиналысқа қатысқан ауыл тұрғындары несие жайлы сөз қозғалмағанын айтады. Олар әкімдік бірауыз ескерткенде, қазіргідей шарасыз күйде қалмайтын еді. Өйткені белсенділер несие туралы әңгіме болғанда, ауызсуды құдықтан тасып ішуді жалғастыратын едік деп отыр. Қолда бар дерекке сүйенсек, несие төлеуі мүмкін өзге ауылдар да іске көшкен. Мәселен, Талды ауылы бұлай жалғаса берсе, су құбырына ақша төлемейтінін, суды құдықтан ішетінін мәлімдеген. Шекараға жақын елді мекен тұрғындары дауысының Президент құлағына жеткенін қалайды. Олар түсінбейтін бірнеше мәселе бар. Біріншіден, «Ақбұлақ» сияқты ауылдарды ауызсумен қамтитын бірнеше бағдарлама бар. Ауыл тұрғындары топ бағдарламаның ішінен қалай ғана несие шеңгеліне топ ете қалғанын түсінбейді. Расымен, тұрғындар жолдаған сауалға ресми мәтінде Ұлттық қордан алған несие сомасын жазған хат келген. Екіншіден, іс сотқа дейін жеткен күннің өзінде тәуелсіз ұйымдардан көмек болу-болмауы белгісіз. Өйткені тұрғындардың айтуынша, аудан әкімдігі түрлі сылтаумен жағдайды жылы жауып қоймақшы. Себебі қуырдақтың көкесі 2022 жылы басталмақ.Ел назарын аударса...
Иә, несиені төлеу 2022 жылы желтоқсан айында басталады. Несие тұрғындар есебінен төленсе, текше метр үшін Ақжазық ауылы 996 теңге, Талды ауылы 918 теңге, Пенжім ауылы 466 теңге төлейді. Демек, қарапайым ауыл тұрғыны үшін ауызсу ақысын төлеу қиындайды. Себебі су ақысына айына 2 мың теңге төлейтін отбасы енді үш есе көп төлейді деген сөз. Ал Панфилов ауданының әкімдігі ауызсу жүйесін тартуға жұмсалған несие қаржысы халық есебінен қайтарылмайтынын атап өтті. Аталған төрт ауыл үшін ауызсу бағасы қымбаттамайтынын ескертті. Өйткені ұңғыма қазып, құбыр тартуға кеткен несие қаржысы жергілікті бюджет есебінен өтелмек. «Бұл бюджеттік несиеде соңғы қарыз алушы – сол ауданның су арнасы. Егер «Панфилов су құбырының» есебі, қаражаты несиесін қайтаруға жетпеген жағдайда бұл жергілікті бюджеттен қайтарылады. Биыл аталған мәселе енді қарастырылмайды. Неге десеңіз, несиені қайтаратын мезгіл – 5 желтоқсан 2022 жыл. Панфилов ауданындағы төрт ауылға ауызсу тарту үшін 1 млрд 200 млн теңге жұмсалған. Қарсы «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, бюджеттік несие алынған. Осындай жүйемен облыста бірнеше жоба іске асқан», – дейді Алматы облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов. Аудан әкімдігінің айтуынша, бұл бір ғана несиелік жоба емес. Олар он жобаға 4 млрд бюджеттік несие алған. Қаржы су, кәріз, электр желілерін қайта жөндеу жобаларына жұмсалған. Шарт бойынша несие 20 жылға берілген. Оның 7 жылы демалыс есебінде екен. Сонда несиені 7 жылдан кейін 13 жыл ішінде қайтарады. Сол себепті су құбырын тарту үшін алған несиенің мерзімі келесі жылға түсіп тұр. Дегенмен Панфилов ауданының тұрғындарында күдік басым. Өйткені келесі жылы бірнеше еселенген тариф бойынша ақша төлеңдер демесіне кім кепіл? Облыстағы маман да мәселені биыл қарастырмайтынын жеткізген. Сол үшін ауыл-аймақ қазірден бас көтере бастады. Ақжазық ауылының тұрғындары ауызсу қымбат болғанымен, бағаға сай сапалы су жоғын айтады. Соған сай әкімдіктен суға сынама жасауын өтінген. Мамандар жүргізген сынама қорытындысына сәйкес тіршілік нәрін ішуге жарамды деп бағалаған. Бір қызығы, бізге әкімдік пен тұрғындар берген санда айырма бар. Мысалы, «Панфилов су құбыры» мекемесінің бас экономисі Назира Қасенқызы Пенжім ауылы текше метріне 124 теңге 56 тиын, Талды ауылы 138 теңге 68 тиын, Ақжазық ауылы 156 теңге 07 тиын төлейтінін көрсетті. Ал Пенжім ауылының азаматтары суға 139 теңге төлейтінін, Ақжазық тұрғындары 174 теңге төлейтінін айтты. Сонда кім жалған ақпарат таратып отыр? Халықтың айтқанында қате бар дейін десек, шарасыз тұрғындар жанайқайын жоғары жаққа жеткізе алмай жүргені бар. Ал әкімдік саннан жаңылса, заң алдында жауап беретіні тағы бар. Сол үшін жағдайды тәуелсіз топтың тексергені жөн болар. Белсенділердің де ойы осыған саяды. Жалпы, Жаркент қаласы ауызсу үшін текше метріне 80 теңге төлеп отыр. Ақмола облысының өзінде текше метріне 92,55 теңге төлейді. Ақжазық сияқты алақандай ауыл үшін 174 теңгенің өзі қымбат. Ал Пенжім ауылының мердігер компанияға өкпесі қара қазандай. Олар жағдайдың толық шешілгенін күтеді. Мұнымен тоқтамайтындарын, істі соңына дейін жеткізетіндерін айтады. «Жергілікті бюджеттің қарызына ортақтасып, жем болатын біз емес» деп отыр.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ