Жуырда Президент Мәжіліске ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату мен жалға беруге тыйым салатын заң жобасын енгізген еді. Депутаттар заңды жедел қарап, бір пәтуаға келді. Алайда ауыл шаруашылығы жерлерін отандастарымыздың сатып алуға қаншалықты мүмкіндігі бар, ауыл шаруашылығы жерлерін күтіп пайдалана аламыз ба? Инвестиция тарату мүмкін бе? Қысқасы, әлі біраз сауал бар.
Қазақстанда жалпы аумағы 272 млн гектар жер болса, оның 80 пайызы, яғни 218 млн гектар ауылшаруашылық жері. Соның 1 млн 500 мың гектары 128 субъектінің меншігіне өтіп кеткен. 92,9 мың гектар телімін шетелдіктер мен қандастар иеленіп отыр. Бұл аумақтардың бәрі 2016 жылы жер сатуға мораторий қабылданғанға дейін беріліп қойған екен. Шарт бойынша олардың пайдалану мерзімі 2022-2025 жылдары аяқталады да, жер мемлекетке қайта қайтарылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті. «2016-2020 жылдар аралығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елімізде 15,4 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жері анықталды, оның 5,6 млн гектар мемлекет меншігіне қайтарылды, 5,4 млн. гектар ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылды, ал 4,4 млн гектарды сот органдары арқылы алып қою жұмыстары жүргізілуде»,– деді Сапархан Омаров. 2020 жылдан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингтеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Ал 2021 жылдың 1 қаңтарынан ғарыштық мониторинг республиканың бүкіл аумағында қолданылып отыр.Қазақтың жер сатып алатын ақшасы бар ма?
Сонымен, көпшіліктің көңілін күпті қылған Жер қатынастары бойынша заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда бірауыздан қабылданды. Аталған құжатта ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға жекеменшікке және жалға беруге тыйым салынады. Ал сырттан көшіп келген қандастар жер телімін бақшалық пен саяжай құрылысы үшін ала алады, оларға жер азаматтық алғаннан кейін жалға беріледі. Бірақ босаңсуға әлі ерте, жер қазақстандық азаматтарға да сатылмауы тиіс, ал бұл талап шешілмей қалды. Бүгінде қоғам мүшелерінің бір тобын алаңдатып отырған басты мәселе – осы! Жер реформасы комиссиясының жерді шетелдіктерге жалға беруге, сатуға тыйым салу туралы заң жобасын дайындай отырып, оны ел азаматтарына да сатпау жөнінде үнсіз қалды. Бірақ өздерінің ішінде бұл мәселе жөнінде қиян-кескі пікірталас қызып тұр. Сатуға қарсы топ пікірталаста «жер сатылсын» дегендердің арасалмағы басып кететініне қауіптенетін сыңайлы. Өйткені қоғамда «олардың артында ірі жер иелеушілер тұр» деген қауесет тарап жүр. Естеріңізге сала кетейін, 2016 жылғы алғашқы комиссия отырысында жер мәселесіне байланысты мұның барлығы айтылды. Халықтың талабы белгілі: жер шетелдіктерге жалға берілмесін, өз азаматтарымызға да сатылмасын! Қазір шаруаларда жерді сатып алатындай қаражат жоқ. Сондықтан қара қазақтың атын жамылып, жерге алақандарын ысқылап отырған қалталылар ғана иелік ете алатын болады. Осыдан келіп жерге иелік ететін алпауыттар шығады, жер екінші сатылымға көшеді, тауарға айналады. Екіншіден, жерді өз азаматтарымызға рәсімдеп, шетел азаматтары емін-еркін пайдаланып отыруы мүмкін. Мұндай қауіп – үлкен. Шетелдіктер заңды айналып өтіп, қазақ жеріне иелік ете алатын жолдар көп. Сондықтан жерді өз азаматтарымызға сатуға біржола тыйым салу керек деп санайды біраз жұрт.Халық қалаулысының уәжі қандай?
Жердің шетелдіктерге сатылмайтыны, жалға да берілмейтіні жөнінде өзгертулер көпшілікті қуантқаны рас. Бірақ ол қазақстандық азаматтарға сатылатын болса, өзгелер халықтың атын жамылып, жер алып кетуі мүмкін деген күдігімізге Парламент Мәжілісінің депутаты, Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Айдос Сарым өз уәжін айтты. – Ең бірінші, жерге қатысты ақпараттардың бәрі толыққанды ашық, көрнекі болуы керек. Екіншіден, байқап отырсаңыз, кейінгі кездері Азаматтық туралы, Көш-қон туралы заңдарға, жергілікті жерлерде әкімдерді сайлауға қатысты, басқа да тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр – мұның бәрі жер мәселесінде ашықтықтың болуына, оны қоғамның бақылап отыруына мүмкіндіктерді арттырады. Сондай-ақ жерге қатысты салықтың 4 түрін жергілікті бюджеттің өзінде қалдыру туралы өзгеріс түсті, ол да қабылдануы тиіс. Осыған байланысты жердің дұрыс пайдаланылуына, пайдалануға берген телімдердің уланбауына, бүлінбеуіне, салығының дер кезінде төленуіне әкім ғана емес, халықтың өзі де мүдделі болуы тиіс. Яғни, ауылдың бюджеті сол салықтан құралатын болады. Сол себепті жерге қатысты ақпараттардың ашықтығы, халық бақылауы жердің шетелдіктердің сатып алмауына, басқа заңдылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді деп ойлаймын,– дейді депутат. Ол «егер жер жекеменшікке берілмесе, агросекторға инвестиция келуіне кедергі келтірмей ме?» деген де күдік бар екенін алға тартады. – Бірақ өз басым Қазақстанның ауыл шаруашылығына келіп таласып, осы жерге қыруар қаржы салайын, оны дамытайын деп кезекте тұрған инвесторларды көрген жоқпын. Жерге қаржы салып жатқандардың дені – өз азаматтарымыз,– дейді депутат. Жерді жекеменшікке беру-бермеу мәселесі қоғамды қатты алаңдатып, абдыратып, сенімсіздік тудырып отыр, тіпті қасақана теріс ақпарат таратып, ел ішіне іріткі салушылар да бар. Ол жағын да айтпауға болмас. Сондықтан мұндай күрделі жағдайда ұлттық ымыраның, ауызбіршіліктің, сенімнің орнауы маңызды. – Жер комиссиясының басты мақсаты – алдағы 15-20 жыл болар, одан да көп болар, осы ауылшаруашылық мәселесінде үлкен айқындық жасау, бұлжымас, өзгермес айқын саясат жасау. Ол ұзақмерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді, әйтпесе жұртшылық екі күннің бірінде біресе салығы, біресе тәртібі, біресе операторы өзгереді деп наразы. Бұл шарттардың бәрі тұрақтандырылса, жермен айналысамын деген адам кем дегенде 20-30 жылға арналған жұмысын жоспарлай алады. Және осындай нормалардың өзгермейтініне, мызғымайтынына кепілдік керек. Егер осы ойға алған мақсатымызды жүзеге асыра алсақ, ауыл шаруашылығы еліміздің дамуының үлкен драйверіне, жаңа қуат көзіне айнала алатын болады,– деді Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең көлеңкелі экономика. Ал көлеңкелі экономикада дұрыс нарық пайда болмайды, дұрыс есеп-қисап жүргізілмейді, ұзақмерзімді жоспарлау мүмкін емес. Енді жаңа заң арқылы ауыл шаруашылығында жаңа ойын ережесі бекітілсе, оның шарттары мызғымайтын болса, бұл – капитал мен мүліктің мызғымастығы. Егер адам адал қызмет етіп жатса, оның жерін, мүлкін, қызметін ешкім тартып ала алмастай болуы керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Бизнеске қол сұғу – ең үлкен қылмыстың бірі» деп айтқандай, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер өзінің бизнесін ешкім тартып алмайтынына сенімді болуы тиіс. Мысалы, Қазақстанда 300 мыңнан астам фермер бар. Бұл жекеменшік кәсіпкерлерді санамағанда. Соған қарамастан елімізде кооперация дамып жатқан жоқ. Ал ауыл шаруашылығын дұрыс игереміз десек, ең алдымен олардың арасында бір-біріне деген сенім болуы керек, кооперация сонда ғана дамиды. Сонда бұл салаға жаңа инвестиция келеді. Енді бір күрмеуі қиын мәселе – латифунистер. Бұлар қатардағы қарапайым адамдар санатынан емес. Қайсысының болсын билікте тамыр-танысы, зор қаржылық мүмкіншілігі, басқа да ықпал ету күштерінің бар екені түсінікті. Оның үстіне бұлар қазір бізге мәлім жерлерден де көп мөлшердегі өңірлерге иелік етуі ғажап емес. Ірі жер иеленушілер біреулерге субсидия береді, біреуге тұқым, біреуге май береді, сол арқылы басқалардың да кесімді телімдерін иемденіп, аты солардыкі болғанымен, заты өзінікі болып, табыс тауып отыруы мүмкін. Жаңа заңға енгізілген өзгерісте жер иеленудің шекті көлемін белгілеу арқылы бұл мәселе оңтайлы шешілуі тиіс. Жерге қатысты жаңа заң сәуір айының ішінде толық Парламенттен өтіп, мамыр айында қолданысқа енеді. Бұл жоғарыдағы келеңсіздіктердің бәрі тосқауыл болады, ел экономикасының дамуына ықпал етеді деп сенеміз.Дәулет АСАУ