Украина НАТО-ға мүше болу жоспарын жариялады. Әскери сарапшылар бұл бастама жүзеге асса, соңы неге әкеліп соқтыратынын болжауда. Сценарийдің бәрі қорқынышты. Бір нәрсеге назар аударған жөн: 2014 жылы Уашингтон қолдаған төңкеріс арқылы билігін ауыстырған Украина ТМД бірлестіктерінен бас тартып, Батысқа бет бұрды. Бірақ онда ел басшылығы НАТО-ға кіретінін ресми мәлімдеген-тін.
Сарапшылардың айтуынша, Украина үшін қырқыс – қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі қос алпауыт держава арасындағы бірінші ашық тайталасқа айналуда. Бұл ретте Америка Барак Обама мен Дональд Трамп басшылығы кезінде әлдеқайда ұстамды саясат ұстанып келсе, АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден әп дегеннен табанды ұстанымын танытты: ол НАТО-ға кіруде Украинаға қолдау көрсететінін мәлімдеді. Нақтылай кетсек, 2 сәуір күні Владимир Зеленскиймен тұңғыш рет телефон арқылы әңгімелескен Байден НАТО-ға мүше болу мәселесінде Украинаның ілгерілеуіне Құрама Штаттар жәрдемдесетінін жеткізді. Бұл уағдаластық туралы Украина президентінің баспасөз хатшысы растады. 6 сәуір күні НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергпен келіссөздер жүргізген Украина лидері өз елі НАТО-ға қосылса ғана Донбастағы қарулы қақтығыс аяқталатынына сенім білдірді: «Киев қарулы күштерін және қорғаныс секторын жаңғыртуда. Алайда жалғыз реформалармен Ресейді тоқтата алмайсың. НАТО – Донбастағы соғыстың аяқталуына апарар жалғыз жол! Ал осы Альянсқа мүшелік жөніндегі іс-қимыл жоспары (ПДЧ) Ресейге нақты белгі береді», – деді Зеленский. Ол НАТО басшысын, әсіресе қара теңіз өңіріне баса көңіл бөлуге шақырды және Альянстың осы өңірде тұрақты орнығуы «Ресейді тырп еткізбеу үшін қажетті, қуатты фактор» болатынын атап өтті.Украина ата заңына берік
Кейбір қазақстандық және ресейлік сарапшылар мұның бәрін «бос сандыраққа» жатқызуға тырысуда. Шынында, солтүстікатлантикалық альянсқа мүше болу – енді Украинаның басты бір саясаты әрі оның конституциясында бекітілген стратегиялық бағдар. 2019 жылдың 19 ақпанында бұл елдің сол кездегі мемлекет басшысы Петр Порошенко конституцияға өзгеріс енгізетін, Рада қабылдаған заңға қол қойды. Осылайша, Украина НАТО мен Еуропалық одаққа енуге ресми түрде және түпкілікті бағыт алды. Заң бойынша үкімет осы бағдарды жүзеге асыруға міндеттелді, ал президентке аталған бағдардың кепіл-гаранты мәртебесі берілді. Бұған қоса, НАТО мен ЕО-ға мүше болу мемлекеттің сыртқы саясатының басымдығы ретінде бекітілді. В.Зеленский мемлекет басшысы ретінде осы саясатты жүзеге асыруда. Өз кезегінде НАТО өкілдігінің басшысы Александр Винников Украинаның әлі күнге дейін неге Альянсқа қабылданбағанын түсіндірді. Оның байламынша, Украинаның өзі соған дайын болуы керек: ұлттық армиясында терең және жүйелі реформалар кешенін жүргізуі шарт. Әйтпесе, украиналық әскерлер негізінен, Кеңес Одағында және Ресейде жасалған қару-жарақ пен техниканы қолданады, елдегі әскери оқу орындары да кеңестік жүйеден мұраға қалған әдістемелермен оқытылып, даярланды. Бұл елдің оңтүстік-шығысындағы қарулы шиеленіс кезінде ресейшіл күштердің басымдық алуына және ұрыс тактикасын еркін болжап-білуіне септігін тигізді. «Одақтастардың пікірінше, Украина өз болашағын өзі анықтауы тиіс. Олар Украинадан НАТО-ға мүше болуға лайықты дайындалуын күтіп отыр. Бұл үшін мемлекет тек қауіпсіздік пен қорғаныста ғана емес, сондай-ақ өзге де салаларда кең ауқымды, терең және жүйелі реформалар кешенін жүргізуі қажет», – деді А.Винников. Бұл нені білдіреді? НАТО өз құрамына кіретін елдерден қазір демократиялық институттарды дамытуды, заң үстемдігін орнатуды, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресуді, адам құқықтарын сақтауды талап етеді. Осы арқылы қатарына диктатура жайлаған мемлекеттің қосылып кетуіне және Альянс шешімдерінің соның ұстанымына тәуелді болып қалуына тосқауыл қоймақ. Себебі НАТО-да шешімдер бірауыздан, ымыра-консенсуспен қабылданады. Тиісінше, Украинаны мүшелікке қабылдау туралы шешімді де НАТО-ның барлық 30 мүшесі бірауыздан құптауы тиіс. Би-би-сидің хабарлауынша, 2014 жылдан айырмашылығы сол, бүгінде Уашингтон да, Лондон да, Еуроодақ та, сонымен бірге НАТО-ның штаб-пәтеріндегілер де ешқандай абыржу танытып, құты қашып отырған жоқ. Керісінше, көршісінің қарсылас ұйымға қосылу ісін жандандыруы Мәскеудің мазасын кетірді. Ресей қомақты әскерін Украинамен шекара жаққа аттандырып, орналастыруда.Үрейлі сценарийлер жария етілді
Кремльге ұнамай тұрған тағы бір жайт бар: мәселен, 2014-2015 жылдардағы шиеленіс кезінде Германия мен Франция лидерлері жандәрмен Путинге қоңырау шалып, шұғыл келіссөз жүргізуге және кең ауқымды соғысқа жол бермеуге үгіттеді. Оның соңы Минск келіссөздеріне ұласты. Ал бұл жолы не Ангела Меркель, не Эмманюэль Макрон телефон соқпады, эскалацияға жол бермеуін сұрамады. «Яғни, Кремль осы қадамы арқылы еуропалықтарды саудаласуға иліктірмек болса, онысынан бұл жолы түк шықпады. Батыс болса, Украинаның НАТО-ға мүше болуы Ресейдің ісі емес деп санап, енді одан рұқсат түгіл келісімін де сұрамайтын ыңғай танытты», – дейді ресейлік сарапшы Константин Эггерт. Батыс сабырлы отырса, ал солтүстік көршіде қарама-қарсы жағдай орнады: федералдық БАҚ «қырғи қабақ соғыс» кезіндегідей милитаристік пиғылды қоздырды, РФ сыртқы істер министрлігі дипломатия тілін ұмытып, Уашингтонға дөрекі тіл қатуда, Мәскеу ресейлік-украиналық шекараның өне бойында қарулы күштерін өрістетуде. Ресейлік әскери сарапшылар мен саясаттанушылардың болжамынша, оқиғаның өрбу барысының бірнеше сценарийі ықтимал. Біріншісі бойынша, Ресей өз бақылауындағы Донбасс аумағы арқылы Украинаның өзге өңірлеріне – Херсон мен Мариуполь бағытында шабуылдауы ғажап емес. Өйткені бүгінде Украина басты арнаны жауып тастағандықтан, Қырым тамшы суға зар болды. Ендеше осы өңірлерді басып алса, Қырымды сумен жабдықтайтын арналарды қолға түсіреді. Екінші жорамалға сәйкес, Ресей ЛНР мен ДНР-ды ресми танып, оларды Украинаға қайтаруға қатысты келісімнен шығуы ықтимал. Оның үстіне, бұл территориялардағы халық Ресей паспортын жаппай иеленді және табыс табу үшін Ресейге қатынауда. Алайда халықаралық құқыққа сәйкес, мұның бәрі өзге мемлекеттің жерін аннексиялау болып есептеледі. Ондай жағдайда Мәскеудің онсыз да нашар халықаралық беделінен сау-тамтық қалмайды. Сондай-ақ бұл Ресейге қатысты жаңа санкциялардың енгізілуіне әкеледі. Ал Путин бейбіт Минск келісімін бірінші болып бұзған тұлғаға айналады. Өйткені бұған дейін оның өзі сол келісімдерді орындауды Украинадан талап етіп келген болатын. Сөйтіп, Украинаның НАТО-ға қарқынды ұмтылысы «одақтасымызды» екі оттың ортасында қалдырды. Егер бұған ол қарсыласпаса, НАТО Ресейдің дәл іргесінде орналаспақ. Қарсы іс-қимылға барса, қуатты санкциялық соққының астында қалып, экономикасы құлдырайды. Жалпы, посткеңестік кеңістіктің көкпарға тасталған серкедей жұлмалануы, әртүрлі күштің күрес алаңына айналуы Қазақстанға да қажет емес. Алайда Ресей – Украина қатынастарының кейінгі тағдыры не болатынын әзірге ешкім болжай алмаса керек. ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы драматизмге толы оқиғалармен әдіптелуі әбден мүмкін.Айхан ШӘРІП