Қырғызстандық саясаткер Марат Қазақпаев пен Қырғызстан қазақтары қауымдастығының бұрынғы басшысы Марат Токтоучиков елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында қамауға алынды. Бұл туралы Первомайский сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Sputnik Қырғызстан хабарлады.
15 сәуірде сот Қазақпаевты 14 маусым сағат 00:34-ке дейін, ал Токтоучиковты 13 маусым сағат 23:56-ға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарды.
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті олардың мемлекетке опасыздық жасағанын растайтын бұлтартпас айғақтар бар екенін мәлімдеді.
Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды және кейбір азаматтардың осы қылмысқа қатысы бар екенін растайтын дәлелдер алынды.
Қырғызстан заңы бойынша мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазақпаев пен Токтоучиковтың ұсталғаны туралы 14 сәуірде белгілі болды.