Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы күн санап өзін жаңа қырынан «танытып» жатқанға ұқсайды. Оған соңғы кездері вирустың бірнеше мәрте мутацияланып, әлі бірқатар елде ауыздықтауға жол бермей тұрғаны дәлел. Жағдайы қиын елдердің қатарында Түркия да бар.
20 млн адам вакцина салғызды
Соңғы күндері Түркияда коронавиурс жұқтырғандар саны өте мол болып тұр. 18 сәуір күнгі деректерге қарағанда, елде 55 802 адамнан коронавирус анықталды. Ал қайтыс болғандар саны бір күнде 3 101-ге жетті. Осылайша, Түркия былтырдан бері 35 мың 926 азаматынан коронавирустың кесірінен айырылса, жалпы ауырғандар саны 4 268 447-ге жетті. Бүгінде Түркия картасы қып-қызыл түске боялып тұр деуге болады. Онда жағдай өте күрделі. Алайда Түркия халқының тең жартысы немесе 43 млн 768 мыңнан астамы ПТР-тест тапсырғанын, коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған түріктердің саны 7,79 млн адамға жеткенін, ал бірінші компонентін қабылдағандар саны ел халқының 14,4 пайызы болғанын ескерсек, Түркиядағы жағдайға сәл басқаша көзқарас керек сияқты. Яғни, ресми Анкара халықты толық ПТР-тесттен өткізуге ұмтылатын сыңайлы. Ал тест неғұрлым көп жасалса, вирус жұқтырғандар саны да соғұрлым мол анықталатыны даусыз. Сонымен бірге вакцинаның бірінші компонентін салдырғандар 12 млн-ға жуықтағанын, оған толық вакцина алғандарды қосқанда, жалпы коронавирусқа қарсы вакцина алғандар үлесі ел халқының төрттен біріне жақындағанын ескеру керек. Нақтырақ айтқанда, вакцинаның бірінші және екінші компонентін салғызған түріктердің саны 20 млн 79 мыңнан асқан. Демек Түркияда жағдайдың қиындап бара жатқаны жайлы деректердің астарында саясат жатқанға ұқсайды. Керісінше, онда ұжымдық иммунитеттің қалыптасу мүмкіндігі артып келе жатқан сияқты.Пандемияның емес, саясаттың салқыны әсер етті
Негізі, Түркияда жағдайдың өте қиын екенін алған тартқандар ресейлік мамандар еді. Сөйтіп, біраз уақыт бұрын Ресей Түркиямен арадағы ұшақ байланысын үзу керек деген шешімге келген. Енді 1 маусымға дейін Түркияға Ресейден ешқандай әуе рейсі болмайды. РФ вице-премьері Татьяна Голикованың айтуынша, «Концерн Титан-2» компаниясының Түркияда салып жатқан атом электр стансасына қатысы бар мамандарға бұл тыйым салынбайды екен. Әрі Мәскеу-Стамбұл және кері бағытта аптасына екі рейс сақталатын болыпты. Алайда бұл шешімді қабылдауға пандемия емес, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, Қырымды ешқашан Ресей жері деп мойындамайтынын айтқаны себеп болған сияқты. Мәскеу түріктердің ашық мәлімдемесіне үн қатып, «Қырымды Ресей жері ретінде мойындаңдар» деуге бата алмады да, Түркияға қыр көрсету үшін рейстерді тоқтатып, туристік маусымда біраз шығын келтірмекке бекінген тәрізді. Алайда Түркияға тек Ресей туристері ғана бармайтынын, өзге елдерден де саяхаттап баратындар мол екенін ұмытты. Әрі Түркия экономикасы тек туризмге сүйеніп тұрған жоқ. Сан салалы қазір. Ал Ресейдің өзіне келсек, ел халқының 6,8 пайызы ғана коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салғызыпты. Бұл дегеніңіз – 9 млн 900 мыңнан астам адам. Вакцинаның екінші компонентін салғызғандар Ресейде 5,78 млн адам. Осылайша, вакцинаның бірінші және екінші компонентін салғызғандар Ресейде 16 млн адамнан асады. Демек, ел халқының оннан бірінен астамы ғана вакцина салғызып үлгерген. Ал жалпы Ресейде бір жыл ішінде 4 млн 710 мың адам ауырған.Туризм бәрібір жанданатын сыңайлы
Негізі биыл Жерорта теңізі аймағындағы туризм былтырғыға қарағанда табысты болатын сыңайлы. Қазірдің өзінде аймақ елдері туристерді қабылдауға даярланып жатыр. Мәселен, Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой туризм маусымы мамырда ашылуы мүмкін екенін айтты. «Мақсатымыз – мамырда туристік маусымды ашу. Пандемияға байланысты жағдайды бағамдаймыз. Ал туристердің санына келсек, Ресейдің әуе рейстерін шектеуіне байланысты мамырда туристер саны 500 мыңға аздау болуы мүмкін. Бірақ жазда туристер көбірек келеді», – деді ол. Ал Ресей туроператорлары одағы 15 сәуір-1 маусым аралығына арналып 533 мың турпакет сатылғанын, оның жалпы құны 413,7 млн доллар болғанын мәлімдеді. Әрине, Түркияға баруды көздеген біраз ресейлік азамат енді басқа елге сапар шегуі мүмкін. Оларға Ресей қазірдің өзінде түрлі мүмкіндіктер қарастырып жатыр. Атап айтқанда, Мәскеу Мысырға бағытталған әуе рейстерін жандандыруды көздейді. Оны Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың өзі айтқан. Яғни, ресейліктер биыл бәрібір Жерорта теңізіне қарай ағылғалы тұр. Ал Мысырда күні бүгінге дейін 2 млн 677 мың ПТР-тест жасалып, 216 мың 300 адам коронавируспен ауырған. Қайтыс болғандар саны – 12 738 адам. Қазір Мысырда 40 мың адамның ауырып жатқаны жайлы дерек бар. Ал вакцина салғызу туралы мәлімет кездеспейді. Әрине, 100 млн тұрғыны бар Мысыр үшін 216 мың азаматтың вирус жұқтырғаны – айтарлықтай төмен көрсеткіш. 0,2 пайыз шамасында ғана. Алайда Түркиядан айырмашылығы, Мысырға барғандар қауіптің қайдан екенін сезбей қалуы мүмкін. 19 сәуірде Мысырдан келген 4 қазақстандықтың бойынан коронавирустың анықталуы соған дәлел. Өйткені Мысыр халқының басым көпшілігі ПТР-тесттен өткен жоқ. ПТР-тест тапсырғандар үлесі артқан сайын ауру жұқтырғандар саны да көбейетіні, дәлірек айтқанда коронавируспен ауырғандар көбірек анықталатыны белгілі. Бұл қай аймақта қаншалықты қауіп бар екенін анықтауға септесуі тиіс.Ардақ СҰЛТАН