Үндістан «коронавирус дауылының ортасында қалды»
Үндістан «коронавирус дауылының ортасында қалды»
223
оқылды

Соңғы күндері Үндістан ко­­­ронавирус жұқтырған­­дар саны жағынан антирекорд жасап тұр. 22 сәуірден бері елде күн сайын 300 мыңнан астам адам індет жұқ­тыратын болды. Ал мұндай ан­­тирекорд бұрын АҚШ-тың ен­­шісінде еді. Оның өзінде қаңтарда тір­келген болатын.

Рас, коронавирус жұқ­­­­тырғандар саны жағынан әлі де болса жаһанда АҚШ көш бастап тұр. Одан кейінгі орынға сәуірден бастап Үндістан орна­­­ласты да, үшін­ші, төртінші және бесінші орындарды Бразилия, Фран­ция және Ресей бөлісті.

Үндістандағы жағдай күрделі

Сәуірде аяқастынан Үн­дістандағы жағдай күрт нашарлап кетті. 15 сәуір күні шамамен 200 мың адамнан вирус анық­­­талса, 22 сәуір күні елде бірден 332 мың адам індет жұқтырды. Ал 24 сәуір күні 349,6 мың, 26 сәуірде тағы 352,9 мың адам коро­навирус жұқтырды. Сөй­тіп, індет жұқтырған үндіс­тан­­дықтардың саны 20 млн-ға жақындап қалды. Дәлі­­рек айтқанда, 17 млн 313 мыңнан асты. Былтыр Үндістандағы ең жоғарғы анти­­рекорд ре­тінде күніне 93 мың адам­ның вирус жұқтырғаны анық­талған сәтті атай­­тын. Биыл көрсеткіш 4 есеге жуық көп. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди елді «коронавирус дауылы­ның ор­тасында қалды» деп баға­лады. Расында да, Үндіс­тан­дағы анти­рекорд қата­­рынан 5 күн бойы тіркел­ді. Қазір ел­­­дегі ауруханалар толып кетті. Оттегі концептра­тор­­лары, өкпені жасан­ды жолмен желдету құралдары өте тап­шы. Сондықтан бір­қатар мемлекет Үндіс­­танға қол ұшын созып жатыр. Мәселен, Ұлыбритания Үндістанға 495 оттегі концентраторын, 140 өкпені жасанды желдету ап­паратын жіберген. АҚШ экс­пресс-тесттер мен вакцина жолдамақ. Мұндай құрал­дарды алдағы уақытта өзге мем­лекеттер де жіберуі мүм­­кін. Алайда сырттан келетін көмек жағдайды түзетуге сеп­тесе ме, жоқ па, ол жағы бей­мәлім. Қазір елдегі жағдайдың қиындап бара жатқаны сонша қайтыс болған адам­дарға қатысты діни жоралғы жасау да мүмкін болмай бара жатыр. Бірқатар ақпарат құралы қайтыс болған адам­дарды көшеде өртеп жат­қанын хабарлауда. Яғни, діни ғұрыптар жасау­­дың да мүм­кіндігі қалмаса керек. Ғұрып демекші, Үндістанды қапы қалдырған жағдай бірінші толқынның зардабын мей­лінше сәтті азайтып, тәжірибе жи­нап қалғанына сенген биліктің қателігі мен ха­­лықтың тым дәстүршілдігі тәрізді. Салтына берік үнділер шектеу шара­ларына қарамай жүр. Сөйтіп, салғырттық пен сауық­шылдықтың зар­дабын тартып жатқанға ұқсайды.

Дәстүрдің тозығының зияны

Бірқатар ақпарат құралы Үндістанда коронавирус пандемиясының өршуіне ал­дымен жаңа штам әсер етті десе де, қосымша себеп ре­тінде халықтың бей­қамдығы мен салт-жоралғының кесірі тиіп жатқанын алға тартады. Тіпті, көпте­­ген аймақта шек­теу шаралары да қабыл­дан­баған. Дәлірек айтқанда, үн­ділер түрлі кезеңде тойлайтын діни рәсімдерін, фести­вальдарын өткізуді жалғас­тыра берген. Оның үстіне, көп­конфессиялы елде діни мейрамдар да мол екені анық. Мәселен, осы күндері Үн­дістанда индуизмнің Кумбха Мела фестивалі өтуде. Оған биыл 150 млн-нан астам адам келеді деген болжам бар. Sky News индуизм діндегі арылу ғұрпын өт­­кізуге жина­ла­­­тын­дардың ең көбі сәуірде бола­тынын хабарлаған еді. Де­генмен фестивальдің қаң­тарда басталып, адам­дар сол кезден-ақ бірнеше қалаға көптеп келе бастағанын ес­керу керек. Биыл олар Ха­ридвар қаласын ең басты құл­­шылық орны ретінде бағалап, сонда ағылуда. Әрі Ганг өзеніне жаппай шомы­луда. Мұның өзі пандемия кезінде вирус­тың жаппай таралуына әсерін тигізіп жат­қанға ұқсайды.

Жаңа штамм пайда болды деседі

Әзірге мамандар Үн­дістанда не себепті коро­на­вирус жедел тарап кетке­ніне қатысты нақты бір байламға келген жоқ. Алайда елде үндістандық штамм пайда болғаны жайлы мәліметтер тарай бастады. Корона­ви­­­­рустың бүгінге дейін белгілі болған штамдарына қарағанда әлдеқайда тез тарайтын «үн­дістандық үлгі» Еуропаға де жеткен сыңайлы. Reuters бұл штамм Чехия мен Швей­царияда тіркелгенін жазды. Дегенмен мамандар вакцина салғызған жағдайда корона­вирустың осы жаңа мутация­сына адам ағзасының қарсы­лық көрсету мүмкіндігі жо­ғары болатынын айтады. Луи­зиана университетінің ви­­русологі Джереми Камил үн­­дістандық штамның Оңтүстік Африка мен Бразилиядан табылған штамдарға ұқсас екенін айт­қан. Сөйте тұра, жаңа штамм Үндістанда ін­деттің күрт өршуіне әсер етпегенін алға тартатын ма­мандар да бар. Өйткені жаңа штамм жайлы әлі де болса дерек аз. Ал GISAID де­ректер базасында бұл штамның 21 мемлекетке тарағаны жай­­лы көрсетілген. Мұның өзі Үн­діс­тандағы жағдайға нақты баға беру мүмкін­­дігін шектеп тұр.

Коронавирус Эверестке жетсе, Еуропа «есін жия»бастады

Үндістанда індеп өршіп кеткен тұста коронавирус алғ­аш рет Эверест шыңы­ның баурайында тіркелді. Былтыр аль­пинистердің сапарлауына тыйым са­­­­­­лынып, жабық бол­ған Гималайдың шың­дарына биыл қайтадан өрме­леуге рұқсат етілген еді. Алай­да нор­вегиялық альпинист Эр­ленд Несс тауда алты күн ауырып, ақыры тікұшақпен эвакуация­ланды. Оның COVID-19 жұқтырғаны белгілі болды. Альпинист масс-ме­диаға берген сұхбатында тауға шығушылар мен оларға көмектесетін жүк тасу­шы­лардың ешқайсысы бет­перде тағып, сақтанбайтынын, өзі вирусты Кхумбу алқабындағы шайханалардың бірінен жұқтырып алуы мүмкін еке­нін айтқан. Бұл жағдай жы­лына альпинизмнен 4 млн доллар табыс табатын Непал үшін соққы болуы мүмкін. Өйт­кені індет өр­­ші­­­­се, тауға шығуға да шектеу қойылады. Ал түстік Азия осылай аласапы­ран болып жатқанда Еуропада жағдай жақ­­­сарып келе жатқанға ұқсайды. Оған Еуропаның бірнеше шенді­сінің айтқаны дәлел. Жуырда Франция премьер-ми­­нистрі Жак Кастекс пандемияның үшінші толқынын өткізгенін мәлімдеп, 3 мамырдан бастап жоғары сынып оқу­­­­­шылары мектепте оқи бастайтынын айтты. Ақпарат құралдары Францияда індет жұқтыр­ғандар саны соңғы он күнде 7 пайызға төмендегенін жазуда. Ал Да­­ния парламенті түнгі комменданттық сағатты тоқ­татқан. Ашық мейрам­хана­лар мен терассалардың жұмысына рұқ­сат етілді. Мажарастан премьері Вик­тор Орбон келер аптада ел халқы­ның 40 пайы­зына вакцина салына­тынын, екпе алғандар кинотеатрларға, барлар мен мейрамха­­­­наларға еркін бара беретінін айтқан. Алайда Данияда да, Мажар­станда да, Еуропаның өзге де бірқатар елінде тест арқылы коронавирус жұқтырып ал­ғаны анықталған адамдар саны әлі де көп.

Амангелді ҚҰРМЕТ