Аялдамада жасөспірім қызды соққыға жыққан әйелдер іздестіріліп жатыр
Аялдамада жасөспірім қызды соққыға жыққан әйелдер іздестіріліп жатыр
268
оқылды

Алматы облысында өрімдей қыздарды соққыға жыққан екі әйел іздестірілуде. Ащы суға сылқия тойған келіншектер кешкісін көлікпен кетіп бара жатқанда аялдамада тұрған 16 жасар жасөспірімдердің қысқа көйлегіне шүйліккен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Өзіне сөз қайтарған жастарға жақындап келіп, төпелеп тастапты. Қазір полицейлер Камила Жанбекова мен құрбысын қанжоса еткен екі әйелді іздеп жатыр. Екі келіншек жасөспірімді аялдамада соққыға жыққан. Кешкұрым уақытта қоғамдық көлік күткен қызға бас салғандар сол арада ізін суытқан. Тіпті оқиғаны көзбен көргендер көп болса да, ешкім араша түспеген. Жанжал басталғанда айналада адам да, көлік те көп болған. Жағдайға куә болғандар масаң келіншектердің жастарға қол көтергенін растап отыр.
"Қызым дүкеннен келе жатып аялдамада екі қыздын отырғанын көріпті. Артынша кептелісте тұрған көліктердің бірінен қос әйел түсіп, қыздарға атыла жөнелген. Арты айқай-шуға ұласыпты. Өзі жақында ғана ауруханадан шыққандықтан, жанына жақындауға шамасы болмаған", — дейді Алматы облысының тұрғыны Любовь.
Қанжоса болған Камила Жанбекова Алматыдағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Айдын-күннің аманында таяқ жеймін деп ойламаған оның миына зақым келгені анықталды.
"Түскендегі диагнозы: жабық ми жарақаты. Жыртылған, соғылған. Басы жарылған. Жаралары бар. Жалпы жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Қазір жағдайының тұрақтануына байланысты біздің әкімшілік пен психолог көмек көрсетіп жатыр", — дейді Алматы қаласы балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігер орынбасары Алуа Жексенова.
Қазір Камила Жанбекованың анасы баласының аман қалғанына қуанады. Кінәлі екі әйелдің тез табылып, жазадан құтылып кетпеуін тілеп отыр.
"Қазір барлық жастар киінетіндей қысқа белдемше киген қызыма тиіскен. Көліктің ішінде отырып өрімдей қызға аузына келгенін айтыпты. Артынша көліктен атып шығып, есінен танғанша ұра жөнелген. Қаптаған көлік ішінен біреуі болсын тоқтап, ажыратуға тырыспаған адамдардың болмағаны қынжылтады", — дейді зардап шеккен қыздың анасы Гүлмира Жанбекова.
Қазір тергеушілер жасөспірімнен дәрігерлердің рұқсатынан кейін ғана жауап ала алады. Күдіктілер мінген такси арқылы мекенжайлары анықталған. Бұдан бөлек, екі келіншектің сол сәтте мас болғаны айтылуда.
"Ересек әйелдер жасөспірімді соққыға жыққан. Бұл факті Іле ауданы полиция басқармасында тіркеліп, сол бойынша қазір жедел шара жүргізілуде. Күдікті екі әйел іздестіріліп жатыр", — деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Қазір полициядан бөлек, зиян шеккен қыздың ата-анасы да іздестіруге кірісіп кетті. Олар қандай да бір куәгерлердің табылатынына үміттенеді.