Әлемнің әр бөлігінде Израильдің әрекетіне наразылық шаралары өтіп жатыр. Бұл қозғалыстар, әсіресе араб қоныстанушы-босқындарымен біршама толыққан Еуропада күшті. Сонымен бірге, Израиль бұл жолы Америка қоғамының да сөзсіз әрі жаппай қолдауына ие бола алмады. Өйткені заман өзгерді. Енді АҚШ жұртшылығы жәбірленгендерге жақ. Мысалы, қара нәсілділердің құқығын қорғаушы BLM (Black Lives Matter) қозғалысының өкілдері өз акцияларына Палестина туын көтеріп шыққан.
Газа секторындағы шетелдік БАҚ кеңселері орналасқан 11 қабатты «Әл-Джаля» ғимаратына Израильдің соққы беріп, жарып жіберуі Батыстағы наразы көңіл күйлерді тіптен күшейтті. Тель-Авив байламынша, ол нысанда «Хамас» әскери барлау штабы орналасыпты. Бұл соққыдан Associated Press, Катар телеарнасы және басқа да халықаралық медиа бөлімшелері зардап шекті. Израиль тарапы Газа қаласындағы көпқабатты ғимараттардың көбін қиратын үлгерді. Палестиналықтарды қолдаған акциялар Нью-Йорк, Лондон, Париж, Марсель, Страсбург, Леон, Сидней, Мельбурн, Анкара және басқа да жаһандық ірі шаһарларда өтті. Мысалы, АҚШ-тың басты қаржылық орталығы – Нью-Йоркте қарсылық шеруін ұйымдастырған америкалықтар президент Джо Байденнен «Израильдің Газа секторына шабуылын және оккупациялауын тоқтатуды», сондай-ақ Израильге әскери қолдау көрсетуді доғаруды талап етті. Халықаралық сарапшылар бір қызық өзгеріске назар аударып отыр: АҚШ-та палестиндіктерді тек мұсылмандар мен афроамерикалықтар ғана емес, сонымен бірге кемсіту көретін қоғам топтарын қорғаушылар, BDS (бойкот, оқшаулау, санкциялар) қозғалысы, тіпті ЛГБТ қауымдастығының өкілдері де жақтап жатыр. Ал бұлар – Америка қоғамының бүкіл беталысын, тренд-үрдістерін белгілейтін аса қуатты күш екені мәлім. Оның өкілдері Израильдің Палестина жеріне шабуылды үдетуі, палестиналық отбасылардың өз үйінен күштеп қуылуы, Газа секторына жойқын авиасоққылар, бейбіт тұрғындардың қаза табуы өздерін қатты алаңдататынын білдірді. Сондай-ақ олар Палестинада болып жатқан оқиғаларды елемейтін америкалық БАҚ саясатын сынады. Бұл қақтығыс «Әл-Ақса» мешітіне полицейлік шабуылдан басталғаны мәлім. Газа секторындағы палестиналық қарсы тұру топтары биылғы 10 мамырда Израиль полициясынан 18:00-ге дейін «Әл-Ақса» мешітінің аумағын және еврейлер иелігіне көшкен Құдыстағы (Шығыс Иерусалимдегі) Шейх Джаррах алабын босатуды талап етті. Себебі осының алдында израильдік сот Шейх Джаррахтан бірнеше палестиналық отбасыны күштеп көшіру туралы үкім шығарған. Наразылық білдірушілер мешіт аумағында баррикада жасап алды. Израиль полициясы бұл талапты орындаудан бас тартты және қарсыласушыларды қару қолданып, ысырып шығарды. Таспен және қарапайым фейерверкпен қаруланған палестиндіктер, әрине мұндай күшке төтеп бере алмай, мешіт аумағын тастап шықты. Осыдан кейін «Хамас» Израиль бағытында қолдан жасалған зымырандарды ұшыра бастады. Көбісін Израильдің әуе шабуылынан қорғаныс кешендері әуеде тұтып, жойып жіберді. Ізінше израильдік армия 5 мың жауынгерін жұмылдырып, Газа секторына қарсы «Қабырға қорғаушылары» деген атпен әскери операция бастады. Оның барысында әскери нысандарға ғана емес, сонымен қатар тұрғын үй алаптарына нысаналы әрі үстемеленген соққы берді.Жағдай ушығуы бек мүмкін
Халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, 10 мамырдан бері Палестинада кем дегенде 192 адам қаза тапты. 1 225 адам жараланған. Жантәсілім еткендер арасында 58 бала және 21 әйел бар. Батыс қоғамын шошындырып отырғаны да осы. Көз жұмғандар саны одан ары көбеюі мүмкін: жедел жәрдем және азаматтық қорғаныс бригадалары Газадағы қираған ғимараттар арасынан адамдарды іздеп жатыр. Жалпы, арабтар мен еврейлер тайталасының тамыры тереңде. XIX ғасырдың екінші жартысында Еуропадағы антисемитизм қаһарынан бас сауғалаған иаһудилер Палестинаға қоныстана бастайды. Мигранттар тасқыны ХХ ғасырдың басында күрт күшейді: Германияда бас көтерген нацизмнен қашқан еврейлер заңды-заңсыз жолдармен тарихи Отанына ағылды. Келе сала, жерді жаппай сатып алып жатқан бай еврейлердің «шапқыншылығы» жергілікті арабтардың ашынысын туғызды. Ақырында, сол жерлерді біріктіріп, 1948 жылы тәуелсіз Израиль мемлекеті құрылды. Шетелдік ақпарат көздерінің хабарлауынша, содан бері бұл мемлекет жаңа жерлерді өзіне қосу бойынша ауыр, бірақ жеңісті соғыс жүргізуде. Арабтар тарапынан әскери және азаматтық шығын – адам шығыны осы жолда қаза тапқан израильдіктерден бірнеше есе көп. Жүздеген мың араб босқынға айналды. 1967 жылы Израиль әскері «Алты күндік соғыс» нәтижесінде Шығыс Иерусалимді (әл-Құдыс) басып алды және оны өз астанасы деп жариялады. Алайда мұны және Израильдің қару күшімен өз қолына көшірген жерлерін БҰҰ мойындамайды. Дегенмен ұзақ жылдардан бері бұл мемлекетке АҚШ жан-жақты, соның ішінде заманауи қару-жарақпен көмек көрсетіп келеді. Әлемдік державаның ғаламат қолдауы арқасында Израиль жауларының қоршауында тоз-тоз болмай, қайта барған сайын қуаттанып, дамып жатыр. Израильге қарсы тұру – Араб мемлекеттері лигасының (ЛАГ) басым мақсаттарының бірі саналады. Осы бірлестік құрылғаннан кейін араб елдері өз ортасында төл мемлекетін құруға тырысқан еврей халқына қарсы бірлесе соғыс ашты. Бұл қарулы шиеленісті еврейлер өз тарихына «Тәуелсіздік үшін соғыс» (1947-1949) деп жазды. Ал арабтар оны «Накба» (катастрофа) деп атайды. Себебі арабтар жеңіліп қалды. 1979 жылы Мысыр көшбасшылары Израильді мойындап, онымен келісім жасасуға барды. Осы қадамы үшін ризалығы ретінде Израиль оған байырғы заманда, Бірінші әулет кезінде ежелгі египеттіктердің құтты мекені болған Синай түбегін қайтарып берді. Осы тірлігі үшін араб елдері Египетті ЛАГ-тан 10 жылға шығарып тастап, оған қарсы санкциялар енгізді. Тек 2002 жылы ғана араб лигасы қатаң ұстанымын жұмсартып, «Саудия бастамасын» жариялады: оның аясында Палестина аумағын қайтаруға айырбас ретінде Израильге бейбітшілік ұсынылды. Бұл бастама араб әлемінде біраз дүрлігіс тудырғанымен, ілгері баспады. Өйткені ресми Тель-Авив ешқандай үн қатпай, елеусіз тастады. Содан бері бұл түйткіл ары қарай ушықпаса, тарқамайтынға ұқсайды.Американың адымы қандай болады?
АҚШ басшылығы дәстүр сабақтастығын сақтап, бұл жолы да Израильге қолдау білдірді. Дегенмен The Jerusalem Post хабарлауынша, Израиль тарапы Байден әкімшілігін Таяу Шығыста батыл, тиімді саясат жүргізбей отырғаны үшін бәрібір сынауда. Себебі оның алдында Дональд Трамп АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіруге дейін барды. Бұл Иерусалимді Израильдің бас қаласы деп танумен бірдей еді. Енді Ақ үй байсалдылық сақтап отыр: «Хамас» тобы Израиль аумағына 2,9 мыңнан астам зымыран ұшырғанда, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки «Вашингтонның мұндай зымырандық шабуылды айыптайтынын» айта келе, маңызды түзету жасады: «Палестиналықтар да, израильдіктер де бостандыққа, қауіпсіздікке және өркендеуге тең дәрежеде лайықты!». Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс: «Хамас» соққысына жауап беруге Израильдің қақысы болғанымен, дұрысы, Палестина халқы қауіпсіз өмір сүруі тиіс, осыған байланысты Вашингтон қақтығыстың қос тарапын ұстамдылық танытуға шақырады», – деді. Израиль басты одақтасы тек өзіне қолдау көрсеткенін қалайды. Оның үстіне, Джо Байден билік басына келгелі, Қытаймен текетіреске және климаттың өзгеруіне баса көңіл бөліп, Таяу Шығыстағы жағдайға назар аудармапты. Сарапшылар Ақ үйдің қазіргі басшысында Палестина-Израиль шиеленісін деэскалациялау жоспары жоқ екенін айтады. Джо Байден 15 мамырда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен және Палестина президенті Махмуд Аббаспен жеке-жеке келіссөз жүргізді. Ол Аббасқа АҚШ-тың екі ел арасындағы қақтығысты «дипломатиялық жолмен» реттеуді жақтайтынын мәлімдеген. Кезінде Кеңес Одағы Палестинаны қолдағаны мәлім. Бүгінде Ресей шиеленіске араласудан қалыс қалып отыр. РФ президенті Владимир Путин Израиль мен Палестина арасындағы қарулы қақтығыс Ресей шекарасына жақын жерде жүріп жатқанына алаңдаушылық білдірумен тыйылды. Ресей СІМ-і қос тарапты сабырлыққа және шиеленістің ушығуына соқтырар қадамдардан бас тартуға үндеді. Қазіргі кезде әскери қимылдар одан әрі жалғасуда. Израильдің өз ішінде араб және еврей тұрғындарының бірін-бірі жабыла сабау оқиғалары тіркелген. Шейх Джаррахта жүргізуші өз көлігімен полицейлер тобын басып кетті: көлік соғу нәтижесінде 6 тәртіп сақшысы жараланды. Ал үстемеленген жарылыстар кесірінен Газа секторы жарықсыз қалды. 17 мамыр түнінде Израиль Әскери-әуе күштері Газа секторына қақтығыс басталғалы бергі «ең күйретуші соққыны» жасағанын жариялады. Он минут бойы жүрген, үстемеленген зымырандық шабуыл бүкіл Газа қаласын қалың түтінге көмді. Қаза тапқандар саны белгісіз. Бұл алапат шабуыл Палестинада жүрген шетелдік журналистерді шошытты. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысында қос тарапты зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырды. Әлемдік алпауыт державалар араласып, шешімін тауып, шырағдан жақпаса, Таяу Шығыстағы бұл түнектің түңлігі түрілмейтін түрі бар.Елдос СЕНБАЙ