Франция президенті Эммануэль Макрон 1994 жылы Руандада болған тайпааралық қақтығысқа өз елінің де жауапты екенін айтып, мойындады. Жергілікті хуту мен тутси тайпаларының жанжалынан 800 мыңнан аса кісі көз жұмған еді. Франция бұл трагедияға тікелей қатысы болмаса да, Макрон неге ондай мәлімдеме жасады? Басқа қандай мемлекеттер тарихтағы қылмыстарды мойнына алды?
Руандадағы геноцид. 1994 жылы Руандада болған трагедия 1990 жылдан бергі ең ірі қайғылы оқиғаның бірі саналады. Сол жылы сәуір айында белгісіз топ Руанда президенті Жювеналь Хабиаримана мен көрші Бурунди президенті Сиприен Нтарьямира отырған азаматтық ұшақты атып түсірді. Бұл шабуыл елде геноцидтің тұтануына түрткі болды. Хуту тайпасының өкілдері тутси өкілдерін жоюға кірісті. Қысқа уақытта 800 мыңдай адам қайтыс болды. Тутсилықтарды қорғауға тырысқан Бельгия сарбаздары өлтірілді. Кейін Франция әскері көрші елдерден жіберіліп, 30 мыңнан аса адамды аман алып қалды. Биыл 7 сәуір күні араға 25 жыл салып, Франция аталған геноцидке қатысты мұрағат деректерін жариялады. Ал оған дейін, 26 наурыз күні осы оқиғаға қатысты мыңға жуық беттен тұратын зерттеу есебі Макронға таныстырылды. Зерттеу авторлары геноцид аяқасты туындамағанын, оның ұзақ уақыт дайындалғанын, ал Франция бұл дайындыққа көз жұмғанын жазады. Алайда Франция геноцидке тікелей айыпты екенін дәлелдейтін дерек жоқ. Макронның пікірінше, Франция аймақтық жанжалдың алдын алуға тырысқан, бірақ іс жүзінде геноцидті ұйымдастырған хуту режимін қолдап шыққан. Мойындаған Германия. Жалпы, адамзат тарихында мұндай трагедиялар аз емес. Дегенмен қолымен жасаған қылмысын жария мойындаған мемлекет санаулы. Соның бірі – Германия. 2019 жылы Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер неміс халқының әскери қылмыстарын мойындап, Польшадан кешірім сұрады. Ал былтыр осы елдің Сыртқы істер министрі Хайко Маас Spiegel журналында мақала жариялады. Онда Германия Польшаға шабуыл жасап, Екінші дүниежүзілік соғысты бастады. Холокостқа да өз елі жауапты екенін жазды. Германия саясаткерлерінің мойындауы тек сөзбен шектелмейді, фашистік режимнің құрбандарына әлі де өтемақы, зейнетақы төлеп келеді. Мәселен, Германияда 2000-2007 жылдары «Мұра, жауапкершілік және болашақ» қоры жұмыс істеген. Ол қор соғыс жылдарында Германияға күштеп әкелінген жұмысшыларға өтемақы төледі. Жалпы 1,66 млн адам 4,4 млрд еуро ақша алды. 2011 жылы неміс үкіметі холокосттың 16 мың құрбанына зейнетақы төлеуге келісті. Сол кезде 10 жылда жалпы 650 млн еуро аударылады деп хабарланды. Сондай-ақ Германия 2014-2017 жылдары Израильде холокосттың құрбандарына қолдау білдіретін түрлі ұйымдарға 772 млн еуро төледі. Корея, Нанкин және Жапония. Күншығыс елі көп жылдар бойы 1945 жылға дейінгі қылмыстары үшін сын садағына ұшырап келді. Жапон әріптестігін қаламаған елдің бірі Оңтүстік Корея болды. Себебі Жапония 1910-1945 жылдары аралығында Кореяны басып алып, түрлі қылмыс жасаған еді. Соның бірі – жапон императорлық армиясының жауынгерлерінің жыныстық қажеттіліктерін орындау үшін Корея, Тайланд, Қытайдан 200 мың әйелді еркінен тыс әкелуі. Корея мұны тарихи қылмыс санады және кешегі күнге дейін Жапониядан кешірім сұрауын талап етіп келді. Алайда Токиодағы шенеуніктер мұндай қадамға бара қоймады. Тек 2015 жылы ғана ресми түрде кешірім сұрап, бүгінде тірі қалған әйелдерге өтемақы төлеу үшін 8 млн долларлық қор құрды. Бұдан бөлек, жапон премьер-министрлері өз елінің Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қылмыстары үшін тек 1995 жылы ғана алғаш рет кешірім сұрады. Ресми мәлімдеме жасаған Томиити Мураяма еді. Кейін 2005 жылы Жапония капитуляциясының 60 жылдығының қарсаңында басқа үкіметбасы Дзюнъитиро Коидзуми да кешірім сұрады. Соңғы рет соғыстың аяқталғанына 70 жыл толғанда, яғни 2015 жылы Синдзо Абэ өз елінің атынан тағы да кешірім сұрады. Алайда сөзінің соңында жапон армиясының қылмыстары үшін кейінгі ұрпақ өзін шексіз айыпты сезінбеуі керек деп қосып қойды. Бірақ Жапония әлі күнге Нанкин қырғыны үшін кешірім сұрамады. Қайта оның орнына жапон үкіметінің министрлері, қала басшылары бұл оқиға ойдан шығарылған деп мәлімдеген. 1937 жылы жапон армиясы Қытайдың Нанкин қаласында, Шанхай шабуылында 500 мыңға жуық кісінің көзін жойған. Ресей де үнсіз. Сондай-ақ қолымен жасағанды мойнымен көтеруден бас тартатын мемлекеттер жетерлік. Соның бірі – Ресей. Солтүстік көршіміздің тарихында ондай «қара дақтар» аз емес екені мәлім. Мәселен, 1940 жылы Смоленск облысындағы «Қатын қырғыны». Ол кезде 22 мың адам атылған еді. Оның басым бөлігі поляк офицерлері мен зиялы қауым өкілдері болатын. 1990 жылы КСРО президенті Михаил Горбачев аталған қылмысқа КСРО жауапты деген еді. Бірақ Владимир Путин 2010 жылы оқиғаның 70 жылдығында бұл трагедияға сол кездегі қауіпсіздік органдарының, елдің саяси басшылығы кінәлі, бүкіл халық жауапты емес деп кешірім сұраудан да, елін жауапты етуден де бас тартты. Бұдан бөлек, 1932-1933жж. жаппай ашаршылық, голодомор, 1937-1938 жж. репрессия үшін де Ресейдің қазіргі саяси басшылығы ешкімнен кешірім сұраған емес. Түркия және армян қырғыны. Кешірім сұраудан бас тартатын елдердің қатарында Түркия да бар. Тағылатын айып – 1915 жылы армян халқына қарсы ұйымдастырылған геноцид. Кейбір есептерге сәйкес, сол жылы миллионға жуық армян көз жұмған. Алайда қазіргі Түркияның саяси басшылығы Осман империясы кезінде болған қырғынды мойындаудан бас тартып келеді. Жақында АҚШ президенті Джо Байден армян қырғынын ресми түрде геноцид деп мойындады. Оған дейін Батыс елдерінде бірнеше саясаткер де осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. 2020 жылы Түркия парламентінің спикері Мұстафа Шентоп «Айқын» газетіне берген сұхбатында аталған мәселеге қатысты былай деді: «1915 жылы Бірінші дүниежүзі соғысы Түркияның (Осман империясы) шығыс бөлігінде жүрді. Соғыс болған соң түрлі жағдаяттар болған. Ол кезде түрік, араб, күрд ұлтының өкілдері де мыңдап қаза тапты. Сондықтан геноцид болды деп айта алмаймыз. Қазіргі президентіміз 2005 жылы премьер-министр қызметін атқарып тұрғанда осы мәселеге қатысты архивті ашайық деп ұсыныс айтқан болатын. Өзім құқық тарихшысы ретінде 1326 жылға дейінгі құжаттарды қарадым. Себебі бізде мұрағат жақсы сақталған. Онда ақпарат мол. Біз бұл тақырыптың ақ-қарасын анықтау үшін Армения тарихшылары бізге келсін, Түркия тарихшылары Арменияға барсын деп ұсындық. Алайда біздің архив ашылғанымен, армян тарапы өз мұрағатын толық ашпады. Сондықтан геноцид болды дегенге келіспейміз, оны құжатпен дәлелдей аламыз». Сөз соңында. Тарихта болған ірі трагедиялардың салдары бүгінге дейін жетіп жатыр. Кейбір ұлттар болған қырғындарды кешіре алмаса, басқалары оны мойындауға не саяси ерік-жігері жетпейді, болмаса саяси менмендігі жібермейді. Мұндай өкпе-араздық қазіргі мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа кері әсерін тигізеді. Дегенмен қоғамның саяси мәдениеті өскен кейбір елдерде саясаткерлер болған жайттарды ресми түрде ашық мойындайды. Тіпті, елінің бұрынғы басшылары жүргізген саясатынан зардап шеккендерге өтемақы төлейді. Оны Германияның мысалынан көруге болады. Бәлкім мұндай қадамға бару үшін қоғамның ізгі құндылықтары, саяси мәдениеті, гуманистік көзқарасы толысуы керек шығар.Нұрмұхамед БАЙҒАРА