Сирияны тағы 7 жыл басқарады
Сирияны тағы 7 жыл басқарады
198
оқылды

Сирия президенті Башар Асад 13,5 миллион сайлаушының дауысын жиып, 95% басымдықпен президенттік сайлауда жеңіске жетті. Ол төртінші рет мемлекет басшысы атанды. Дамыған елдердің бірде-бірі бұл жеңісін мойындамады. Басты одақтасы Ресей президенті Вла­димир Путин құттықтаған. Солтүстік көршіміздің ақпарат құ­рал­дары мұны «соғыстан қажыған елде тұрақтылық орнауының нышаны» ретінде дәріптеуде. Ал Сирияның көршісі Түркия бұл сайлауды «жалған», «көзбояушылық» деп атады.

Түркияның ресми басылымдары, «Анадолу» агенттігі және басқасы сол сайлаудың бірнеше «жалған» сипатына назар аудартты. Біріншіден, соғыста ин­фрақұрылымы қираған, халқының тең жартысы дауыс беру мүмкіндігінен айырылған Сирияда «сайлаушылардың сайлауға қатысу көрсеткіші» (явка) 87,64% болыпты. Екіншіден, оған қа­тысатын үміткерлерді Конституциялық сот анықтады. Билеушіге қарсы оппо­зициялық күштер сайлауға жіберілмеді. Үшіншіден, Асад та, оның бәсекелестері де халық алдына шықпаған, белсенді үгіт жүргізіп, өз бағдарламаларын жете тү­сіндірмеген. Сайлауалды науқан биылғы 16 мамырда басталып, 25 ма­мырда аяқ­талған-тын. Оның барысында кан­ди­даттар бірқатар БАҚ-қа сұхбат берумен шектелді. Әлеуметтік желіде де белсенді бол­маған. А.Абдулла қызметін Instagram парақшасында – 33, ал Facebook-те 300 жазылушысы қадағалады. М.Меридің Twitter-дегі TogetherSYR аккаунтына 100-дей ғана жазылушы қызығушылық танытты. Кандидаттардың сайлаушы­лармен кездеспегеніне, байланыс жаса­мағанына қарамастан, Сирияның сырт­қы істер министрі Фейсал Микдад: «біздегі сайлауалды науқан Амери­ка­дағыдан 1 мың есе жақсы өтті» деп мақ­танды. Тағы бір жайт назар аудартады: Б. Асад­тың 95,1 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткенін сайлау органы емес, парламент спикері Хаммоуд Саббага (Hammoud Sabbagha) жария етті. Бұл туралы Сирияның ресми SANA ақпарат агенттігі хабарлады. Саббаганың мәлім­деуінше, Б.Асадты 13 540 860 дауыс бе­руші жақтаған. Ал оның бәсекелесі Махмут Мериді 470 276 адам (3,3%) қол­дапты. Жұртшылыққа бейтаныс Абдулла Селлум Абдулла 214 968 сай­лаушының (1,5%) дауысын жинаған деседі. Түркияның Башар Асадты жақ­­тырмайтын жөні бар: «біртұтас сириялық араб ұлтын» құру идеясын тізеге салып ілгерілеткен Асад Түркияға жақын қон­ған, Сирия жерін бұрыннан мекен еткен түркі тілдес ұлыстарға күн бермеді, өз тілінде сөйлеуін, газет шығаруын шек­теді. Тек сириялық араб тілінде сөйлеуді талап етті. Бұған қарсы үдере көтерілген сириялық түркілер елде азаматтық соғыс басталғанда, қолдарына қару алды. Башар Асад елді 29 жыл басқарған әкесі Хафез әл-Асад дүниеден өткен соң, 2000 жылы билік басына келді. Ал 2011 жылғы наурызда Сирияда соғыс бас­талды: әскерилер оқ атып, басып-жан­шыған бейбіт шерулер соңы қарулы қақ­­тығысқа ұласты. БҰҰ-ның босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары басқар­масының дерегінше, содан бері Сирияда 11 миллиондай адам босқынға айналды. Жүздеген мың адам қаза тапты. Қалай болғанда да, Башар Асад 7 жылдық жаңа мерзімге сайланып отыр. Осының құрметіне мерекелік отшашулар ұйымдастырылды. Ірі қалаларда мың­даған адам көшеге шығып, Сирия туы мен президент бейнесін биік көтеріп, ән айтты. ABC News бұл шерулерді ресми үкімет ұйымдастырғанын жеткізді. Әйтсе де, халық бейбіт күнді Асадтың атымен байланыстырады. Шетелдік сарап­­шылардың байламынша, сириялықтар соғыстан қалжырады, енді ең құрығанда бейбіт өмір болуын қалайды, бұрынғы демократияға ынтыққан көңілдер жоққа теңелген. Ресми Дамаск «сайлау қорытындысы онжылдық қарулы қақтығысқа қара­мастан, Сирияның қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді» деп мәлімдеді. Айта кету керек, Сирия жерінде «квази­мемлекетін» құрып алған террористер Ресейдің қуатты әскери соққысы арқа­сында ығыстырылды. Ел аумағы толық болмағанымен, негізінен қалпына кел­тірілді. Қашқан, тығылған лаңкес­термен күрес жалғасып жатыр. «Сирия балалары мен жастарының болашағы үшін Сирияны қалпына келтіру науқанын бастайық!», – деп жаз­ды Facebook-те Башар Асад. Бірақ бұл оңайға соқпайтын түрі бар. Оның ре­­жиміне қарсы америкалық санкциялар қатайтылуда. Оны қолдаған көрші Ливан қаржылық күйреуге ұшырады. Елде ко­ронавирус жайылуда: тек ресми дерек бойынша 24,4 мыңнан астам сириялық ауырып, індеттен 1 754 адам көз жұмған. Қатаң санкция қыспағынан шыға алмай, экономикасы құлдыраған басты одақтастары – Ресей мен Иран Сирияға жеткілікті көлемде экономикалық және гуманитарлық көмек көрсете алмай жа­тыр. Reuters бағалауынша, «қайта қал­пына келтіру перспективалары нашар көрінеді». Дегенмен бейбіт сайлау өтуінің өзі бейбіт өмірдің бір нышаны болса керек. Заманында Шам әлемдік өркениеттің бір ошағы болғаны мәлім. Енді ол өркениет түгіл, бейбітшілікке зар.  

Елдос СЕНБАЙ