АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің Еуропадағы қуатты жаңа жобасы – «Северный поток-2» (Солтүстік ағын-2) құбырына санкция енгізуден бас тартты. Германия канцлері Ангела Меркель Америка басшысымен мамырдағы келіссөзінде осы жобаға тосқауыл қоймауды сұрапты. Осының бәрін көршінің идеологтары В.Путиннің жеңісі ретінде көрсетуде. Шынында солай ма? Экономистер жобаның экономикалық пайдасы жоғын айтады.
Өткен сенбіде аяқталған Санкт-Петербор халықаралық экономикалық форумында (XXIV ПМЭФ) РФ лидері «Северный поток-2» магистралінің бірінші желісін төсеу табысты аяқталғанын зор мақтанышпен жария етті. Бір қарағанда, бұл шынымен де Ресейдің халықаралық деңгейдегі жеңісі мен ірі жетістігі көрінеді. АҚШ бұған дейін ресейлік осы жобаны санкция қыспағына алып, оның құрылысы бітпеуіне күш салып келді. Себебі америкалық газ өндірушілер сұйытылған күйде танкермен тасылатын төл «көгілдір отынымен» еуропалық нарықты емін-еркін игермек болған. Америка Құрама Штаттарының тізгіні Байденнің қолына тигелі жағдай өзгерді. Ресейлік жобаның құрылысы тың серпін алды. Алып жоба, әрине АҚШ үшін тиімсіз: оның қарсыласының Еуропа нарығындағы үлесін арттырады. Соған қарамастан Джо Байден әкімшілігі «СП-2» жобасының операторы – Nord Stream 2 AG компаниясына және оның бас директоры Маттиас Варнигке (Matthias Warnig) қарсы санкция енгізбеу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қадамға ол Германия сұраған соң барып отыр. Өйткені Дональд Трамп тек Американың мүддесіне күш-жігерді шоғырландыру үшін НАТО бойынша серіктестерінен іргесін аулақ сала бастаған-тын. Одан айырмашылығы сол, Джо Байден сайлауалды бағдарламасында Еуропамен тығыз ынтымақтастықты қайта қалпына келтіруге уәде етті. Оның үстіне аталған газ құбырының құрылысы бітуге таяу. Оны осы кезеңде тоқтатып тастаса, тек Ресей ғана емес, еуропалық, бірінші кезекте германиялық бизнес үлкен шығын шекпек. «Германияға не жасау немесе нені жасамау керегін нұсқауға қақымыз жоқ. Әйтпесе, әуел бастан Nord Stream 2 жобасына қарсы шығып келемін», – деді Джо Байден журналистерге берген сұхбатында. «95% дайын тұрған жобаның аяқталмауынан неміс тұтынушылары зардап шегер еді. Байден әкімшілігі жобаға бола Еуропамен, Германиямен қатынасын бұзғысы келмейді», – деп түсіндірді Fox News. Жобаға 5 еуропалық фирма қаржы салып жатыр. Бұл жайтты АҚШ-тың республикалық партия өкілдері ауыр қабылдады және мұны «Путин мырзаға көп миллиардтық сыйлық» деп бағалады. Ресейлік экономистер шын мәнінде, мұның Ресей үшін «көп миллиардтық шығын» екенін алға тартады. Біріншіден, «СП-2» 2012 жылдан бері қолданыстағы «Северный поток-1» магистралінің (ол сол бойы толық қуатында жұмыс істеуге көше алмады) «егізі» саналады. Қос құбыр Ленинград облысынан Балтық теңізінің түбі арқылы Германияға 55 миллиард текше метр «көгілдір отын» жеткізуді қарастырады. Әйткенмен Еуропа ресейлік осы отын түрін тұтынуды азайтып жатыр. Мысалы, 2020 жылы Ресей қолданыстағы газ құбырларымен Еуропаға Украина арқылы 55,8 млрд текше метр газ жеткізді. Бұл 2019 жылғыдан 38%-ға кем. Яғни, «СП-2» қолданысқа берілгенге дейін Орталық және Шығыс Еуропаның көп елі орыс газына тәуелділікті азайтуда айтарлықтай табысқа жетті. Сондықтан экономистердің байламынша, бұл жағдайда жаңа, алып газ құбыры өзін-өзі бәрібір ақтамайды. Екіншіден, «СП-2» жобасының қызығын Ресей толығымен әрі жалғыз көрмейді: табыстың үлкен бөлігін жобаға қаржылық демеу көрсеткен еуропалық компаниялар алады. Бірақ бар шығынын Ресей өзі көтереді. Үшіншіден, Ресей осы жоба арқылы Украинаны жазаламақ болды. Ресейлік газ Еуропаға негізінен Украина арқылы жеткізілетіні мәлім. Ал «Солтүстік ағын-2» жобасын іске қосу және ГФР-де хаб құру арқасында Мәскеу көршісіне тәуелділіктен құтылып, оның аумағымен өтетін «көгілдір отынды» мүлдем доғаруға ниеттенген. 2019 жылғы 31 желтоқсанда Ресей мен Украина арасындағы газ тасымалы бойынша 11 жылдық келісімнің мерзімі аяқталды. Мәскеу осы датаға дейін «Северный поток-2» және «Түрік ағыны» газ құбырлары жобасын аяқтауға жанталасты. Бұл жағдайда Украинамен жаңа келісім бекітудің қажеті болмайтын. Санкциялар кесірінен үлгермеді. Содан Киевпен келіссөз жүргізіп, жаңа келісім жөнінде уағдаласуға тура келді. Жаңа шартқа тараптар 2019 жылғы 31 желтоқсанда қол қойды. «Газпром» Стокгольм арбитражының үкімін орындап, Украинаға 2,918 млрд доллар айып төледі. Президент Владимир Зеленский осы келісім арқасында 5 жыл ішінде Ресей Киевке 7,2 млрд доллар аударатынын мәлімдеді. Егер тасымал көлемі 40 млрд текше метрден артса, төлейтін ақысы да өседі. Осыдан кейін-ақ «СП-2» жобасы «жазалаушы құрал» мәнін жойғанға ұқсайды. Ресей Украина арқылы «көгілдір отын» тасымалдаудан бас тарта алмайды. Әзірге Nord Stream 2 жобасы солтүстік көршіге тек шығын әкеліп жатыр. ТАСС хабарлауынша, 2021 жылғы ақпанда «Газпромның» еуропалық серіктестерінің бірі – Wintershall Dea бұл жобаға қаржы құюдан бас тартты: «Немістің мұнай-газ компаниясы жалпы сомасы 730 млн еуро инвестиция салды және ары қарай бұл жобаны қаржыландыру ниеті жоғын жариялады». Ресейлік БАҚ-тың бұл ақпаратын германиялық Deutsche Welle түзетті: Wintershall Dea 730 миллион еуроны инвестиция түрінде емес, несиеге беріпті. Оны «Газпром» қайтаруға міндетті. Мұны компания да растады. Ол-ол ма, жобаға қатысушы өзге 4 ірі еуропалық энергетикалық кәсіпорын да «тек қана кредит ұсынумен шектелген». Экономистердің есептеуінше, Ресей санкциялар кесірінен еуропалық осы серіктестерінен қаражатты көзделгеннен 1,1 млрд еуроға кем алды. Осылайша, жобаның құрылысын «Газпром» жалғыз өзі аяқтауға мәжбүр. Бұған қоса, ірі компаниялар ары қарайғы ынтымақтастықтан бойды аулақ салғандықтан, жобаны сақтандыру шығыны өсіпті. Жалпы, бұл жоба Ресейге 9,5 миллиард еуродан қымбатқа түспек. Бүгінде «Северный поток-2» 100% акциясы «Газпромның» меншігінде болғанымен, олар тегіс еуропалық компаниялардың кепілінде тұр: бұл жобаға берілген кредиттің қайтарылуын қамтамасыз етуі тиіс. Сонда «Солтүстік ағын-2» солтүстік көршіге не үшін керек? «Ақпарат құралдарының орасан зор қызығушылық білдіруі және саясиландырылуы салдарынан «Северный поток-2» коммерциялық жобадан бірінші кезекте символдық мәні бар жобаға айналып шыға келді. Нәтижесінде, оның экономикалық мазмұны кейінгі орынға сырғыды. Ресей үшін бұл державалық күш-қуатын және басымдығын паш ету құралы саналады. Сондай-ақ Мәскеу осы арқылы Батыстың санкцияларын еңсере алатын қабілетін көрсетпек. Сол себепті Кремль газ құбырын тезірек іске қосуға маңыз беріп отыр», – дейді РФ үкіметі жанындағы Қаржы университетінің доценті Геворг Мирзаян.Елдос СЕНБАЙ