Мәрмәр теңізінің бетін қабыршық жапты
Мәрмәр теңізінің бетін қабыршық жапты
506
оқылды

Түркия билігі бүгіннен бастап Мәрмәр теңізінің бетін жапқан шырышпен күресуді бастамақ. Сөйтіп, теңіз жағасындағы 7 ауданда арнайы шаралар ұйымдастырмақ. Өйткені соңғы күндері Мәрмәр теңізінің бетін жапқан жалқаяқ тәрізді шырыш кемелер мен қайықтардың жүзуіне кедергі жасап, теңіз флорасы мен фаунасына қауіп төндіріп тұр.

BBC телеарнасының ха­бар­лауына қарағанда, гель тәрізді қою шырыш теңіз жануарларына қажетті оттегі көлемін қазірдің өзінде азайтып жіберген. Шы­рыштың кесірінен теңіз жұлдызы, бақалшақтар мен мидиялар, ба­лықтар қырылуы мүмкін. Сон­дықтан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған теңізді тез арада тазалауға пәрмен берді. Соның ішінде Стамбұл қала­сындағы теңіз жағалауларын тазалау бі­рінші кезекте тұр. Өйткені бұл шырыш Мәрмәр теңізінен Қара теңізге өтіп кетер болса, үлкен экологиялық апат болмақ. Мәселенің күрделі екенін ескерген Түркия басшысы 300 адамнан құралған арнайы комиссия жасақтады. Комиссия теңіздің бетін жатқап шырышты қабықты аршу ісін ұйым­дас­тырумен қатар жағдайдың не себепті бұлай күрделенгенін анық­тайды. Дегенмен Түркия президентінің болжамына қа­рағанда, теңізге төгілген таза­ланбаған кәріз суы мен қалдықтар экологияны осылай бүлдіріп тұрса керек. Жалпы, жағасы Түркияға тірелетін теңіздердің жұқа шы­рышты қабықпен жабылуы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2007 жылы Эгей теңізінің бетінде осындай шырышты қабық пайда болған. Сол жылы шырышты жалқаяқ теңіздің Грекиядағы жағалауынан да табылған. Биыл қайтадан Мәрмәр теңізінде пайда болыпты. Әрі көлемі жа­ғынан антирекорд жасап тұр. Яғни, өте үлкен. Ал бұл теңіз Стамбұлдағы Босфор бұғазы арқылы Қара теңізбен жалғасып жатыр. Содан да болар, түріктер теңіз экологиясын жақсарту үшін барын салып жатыр. Сарапшылар теңіз бетін жап­қан өсімдік шырышының пайда болуына климаттың өзгеруі мен судың ластануы себепші деген пікірде. Яғни, фитопланктон тым жылдам өскен кезде осындай құбылыс пайда болады. Өзі өсім­діктектес болғанымен шы­рыш теңіздегі барлық тіршілікті жойып жіберуі мүмкін. Өйткені ол судағы оттегіні азайтып жі­береді. Ал түркиялық ғалым Нес­лихан Өзделиже шырышты қабықтың пайда болуына бір­клеткалы жәндік әсер еткен деп отыр. Олар әдетте кәріз суымен еріп келеді екен.  

А.СҰЛТАН