Әлемде вакцинация паспорты немесе сертификаты бар адамдар үшін біраз ел шекарасы мен құшағын кең ашты. Алайда халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, бір жерден үйлестірілмегендіктен, бұл іс бейберекет жүріп жатыр. Айта кету керек, әзірге коронавирусқа қарсы егілгендерді өз аумағына қабылдау-қабылдамау туралы шешімді әр ел жеке, өз бетінше шығарады. Бұл жерде «дүниежүзінде қанша ел қазақстандық вакцинациялау паспортын мойындады? Өзге елдер тегіс мойындауы үшін Қазақстан қандай мәселелерді шешуі керек?» деген сауал туады.
Күні бұрын құлағдар болып, қамданыңыз!
Мысалы, Аустрия вакцина салғызғанын немесе COVID-19 індетінен жазылып, бойында антиденелері көп екенін дәлелдеген адамдардың өзін ПТР-тест анықтамасынсыз кіргізбейді. Бұл адамдар Аустрияда тек шетелдіктерге арналған 10 күндік міндетті оқшаулаудан ғана босатылады. Еуроодақтың өзге елдері одаққа мүше бірқатар елдің ғана вакцинация сертификатын мойындады.
Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған вакцинаны салғызған азаматтар Сейшел, Мальдив аралдарына, Кореяға, Грекияға, Албанияға, Мороккоға, Болгарияға, Босния мен Герцеговинаға, Исландияға, Испанияға, Кипрге, Израильге, Польшаға, Румынияға, Словенияға, Хорватияға, Чехияға, Черногорияға, Туниске, Гватемалаға, Эквадорға, Эстонияға, Әзербайжанға, Грузияға, Бахрейнге, Непалға, Тәжікстанға және басқасына ешқандай ПТР-тест тапсырусыз кіре алады.
Бұл жерде бір гәп бар: Қазақстанда өткен аптадан бері ДДСҰ мойындаған қытайлық Sinovac (Синовак) вакцинасы салынып жатыр. Соған қарамастан көптеген ел қазақстандық вакцинация паспортын мойындамайды. Салдарынан осы аталған елдердің кейбіріне қазақстандықтар кіре алмай қалуы мүмкін.
Сондықтан мамандар ол елдерге сапарламас бұрын елшілікке және туроператорға хабарласып, мән-жайды анықтап алуға кеңес береді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі вакцинация паспорты азаматтарымыздың шет мемлекеттер аумағына ешқандай шектеусіз өтуін кепілдендіретін құжат болып есептелмейтінін ескертті.
«Қазақстан кейбір елдердің коронавирус бойынша қызыл тізімінде тұрған мемлекет саналады. Сондықтан біздің вакцинация паспорты ол елдерге кіруге рұқсат ететін құжат тізіміне кірмейді. Кейбір ақпарат құралдары егілген қазақстандықтарға қандай да бір елдердің ашылғаны туралы ақпарат таратуда. Алайда ресми деңгейде мұндай ереже әзірше қабылданбаған», – деді СІМ.
Мысалы, Израиль вакцина салғызған немесе КВИ-ден жазылған барлық туристті қабылдауға көшті. Алайда қазақстандықтарға бәрібір виза бермей жатыр. Өйткені қазақ елі Израильдің қызыл тізімінде тұр.
Осы орайда еліміздің сыртқы саясат ведомствосы азаматтарға Қазақстандағы шетелдік елшіліктерден сұратып, «виза беру тәртібімен және кіру ережелерімен» күнібұрын танысып алуды ұсынады.
Әрине, егілгендерге бәрібір жеңілдік бар: аталған паспорт елге оралғанда жарамды. 2021 жылғы 30 сәуірден бастап, Қазақстан вакцинацияланған қазақстандықтардан елге қайтқанда ПТР-тесттен өтуді талап етпейтін болды. Осылайша, Қазақстанға ұшақпен, теміржол пойызымен, теңіз, өзен көлігімен, жеке машинасымен немесе автобуспен кіретін азаматтарымыз COVID-19 індетіне қарсы екпе еккізудің толық курсынан өткенін растайтын құжатын ұсынса, ПТР-тесттен босатылады. Рас, балаларында ондай анықтама болуы шарт. Себебі елімізде әзірге вакцина 18 жасқа толмағандарға егілмейді.
Вакцинация паспортының кінәраты неде?
Отандық вакцинация паспортының (ВП) әлемде көп жерде жарамсыз болуының бірінші себебі айтылды: коронавирустың таралуы тоқтамаған, керісінше, өршіп бара жатқан Қазақстан көптеген мемлекеттің қызыл тізімінде тұр. Ешбір мемлекет мұндай елден қаптатып турист қабылдап, вирустың таралуына жол ашқысы, өз азаматтарының басын бәйгеге тіккісі келмейді.
Екіншіден, қазақстандық ВП-ның дұрыс рәсімделмегенін сарапшылар да, қарапайым адамдар да айтып жүр.
«Біздің сертификаттың тек электронды түрі ғана бар, онда не мөр, не жауапты тұлғаның қолы жоқ. Ондайға әрине, дамыған елдер түгілі, кенже қалған елдер де қауіптене қарайды. Қазақстан Ресейдің қателігін қайталап отырған сияқты. Ресейлік вакцинацияланғандарды тек Грекия, Хорватия, Черногория, Кипр мен Грузия ғана қабылдап отыр. Өзгелері оған сенім білдірмейді. Біздің ВП-ны Қырғыз Республикасы да мойындамай отыр. Ыстықкөлге барғыңыз келсе, ПТР-тесттен өтуді талап етеді», – дейді кәсіпкер, саяхатшы Владимир Набойченко.
Үшіншіден, қазақстандық ВП ақауға толы, қателері де өріп жүр.
«Мен QazVac-тың екі компонентін де салғыздым. Өзімді жақсы сезінемін. Екінші дозасын 14 күннен кейін еккізді. Алайда вакцинация паспортын толтыру кезінде қате жіберіпті. Енді екі инъекцияның арасында 1 апта ғана өткендей болып тұр. Мұндай «халтураны» әлемде кім мойындасын? Өте мұқият болып, дұрыс толтырса қайтеді?!», – деп ренжиді Алматы тұрғыны Сәуле.
Төртіншіден, Еуропалық одақ, дамыған елдер сыбайлас жемқорлық жайлаған мемлекеттердің вакцинация сертификатын танудан бойын аулақ салды. Олар жемқорлық өркен жайған елдерде ондай сертификат шын мәнінде вакцина салғызған адамға берілетініне сенбейді. ЕО осы салада әлемде «көлеңкелі нарық» дамып жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Қазақстанда екпе еккізген адамның орнына ВП-да басқа тұлғаның аты-жөні жазылған жағдайлар кездесіп жатыр. Елорда тұрғыны Марат Ырза өзіне вакцинацияланғаны туралы sms-хабарлама келгенін айтады, онда: «Құттықтаймыз, вакцинациядан сәтті өттіңіз. Электрондық вакцинация паспорты eGov mobile қосымшасында қолжетімді» деп жазылыпты. Шынында, ол вакцина салғызбапты.
«Мен биылғы 23 сәуірде «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алдым. Алайда вакцинациялау паспортына сол бойы қол жеткізе алмадым. Қосымшаны сансыз рет жаңарттым, қайта жүктедім. ВП пайда болатын емес. Айтпақшы, өзгелерге келіп жатқан смс-хабарлама да келмеді. Мен бұрын Қазақстан азаматы болғанмын, қазір шет ел азаматтығына өттім. Проблема содан ба екен деп ойлаймын», – дейді Александр Бернер.
Ол Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданыпты. ДСМ-нің Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің мәліметінше, министрліктің «Вакцинация» ақпараттық жүйесінің модулінде А.Бернер деген адамның вакцинациялаудың екі кезеңінен өткені туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан ведомство осы модульге егілгендердің дерегін дұрыс, сапалы және уақытылы енгізуге қатысты мәселелермен жергілікті Денсаулық сақтау басқармаларына және вакцинация рәсімін жүргізген медициналық ұйымға жүгінуге кеңес береді. Себебі «модульге вакцина еккізген пациенттердің дерегін жергілікті органдар енгізеді», – деді ДСМ.
Асықпай, аңдап басқан жөн
Мұндай шағым аз емес. Арызданушылар өз паспортын бөгде біреулер иемденіп кетті ме деп қауіптенеді. ВП алу үшін қайтара вакцина салғыза алмайтыны белгілі. Ендеше мұндай қателерді түзетпейінше және қайталануына түбегейлі тосқауыл қойылмайынша, қазақстандық вакцинация паспорты әлемде кең мойындала алмайды.
Азалия Мейрамбек 27 сәуірде коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін алды. Мобильді eGov қосымшасында паспорты сол күні пайда болыпты. Алайда іле-шала қуанышы су сепкендей басылған: оның ағылшын тіліндегі бөлімінде медициналық ұйымның атауы сияқты деректер аудармасыз, орыс тілінде беріле салған. Ондай құжаттың халықаралық деңгейде күші болмайды.
«Бұл қатені жойғызу үшін 1414 байланыс орталығына қоңырау соқтым. Консультант бұл мәселемен айналыспайтынын айтып, вакцина салған медұйымға жүгіну керегін мәлімдеді. Өз кезегінде клиниканың терапевтік бөлімінің меңгерушісі Сатыбаева медұйымның қызметкерлері тек пациенттің деректерін ғана енгізетінін жеткізді. ВП-дағы басқа деректердің қалыптасуына олар жауапты емес көрінеді. Содан қосымшаның өзінде туындаған техникалық ақау болар, өзі жөнделер деп, біраз күттім. Әйтсе де, ағылшын нұсқасы сол қалпы тәржімаланбай тұр. Бұл ағаттықты жөндеуге кімнің жауапты екенін білмей дағдардым», – дейді Азалия.
Жалпы, вакцинация паспортына нақты жауап беретін тұлғаны табу қиын, өйткені оны Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті әкімдіктерге бағынатын Денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізеді. Бірақ әрқайсысы тек өзіне бекітілген жұмыстарды ғана орындайды. Салдарынан осы саланың бар жауапкершілігін өз мойнына алатын, азаматтардың проблемасын «бір терезе» қағидатымен шешетін мекеме таппайсыз.
«Цифрлық құжаттарда, соның ішінде «Вакцинация паспортында» көрініс табатын барлық ақпарат меморгандардың деректер базаларынан тартылады. Оның ішінде «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры да, Денсаулық сақтау министрлігінің базасы да бар. ВП-ның ағылшынша нұсқасының дұрыс толтырылмауына қатысты айтсақ, вакцинациялауға қатысты бүкіл ақпаратты меморган 3 тілде беруге тиіс. Осындай қиындыққа жолыққан адамдарға «Цифрлық құжаттар» бөлімін қайта жүктеп отыруға кеңес береміз. Егер осыдан кейін вакцинация паспортындағы деректер жөнделмесе, онда жергілікті уәкілетті органға жүгінген жөн. Біз өз тарапымыздан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», – деді Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов.
Дүниежүзіндегі көп елде ВП әлі күнге енгізілмеген. ЕуроОдақ елдері вакцинациялау сертификаттарын тек 1 шілдеден бастап іске қоспақ. Қазақстан болса, ВП-ны асығыс-үсігіс енгіземін деп, оны жан-жақты, жете ойластырмаған секілді. Соның кесірінен, тіпті қазақстандық санаторийлер де вакцинацияланған адамдардан ПТР-тест тапсыруды талап етіп жатыр. Мұндай жағдайда шет мемлекеттерден қазақстандық осы паспортты мойындауды талап етудің өзі әбестік. Бұл істе абыройсыздыққа қалмау үшін асықпай, аңдап басқан жөн.
Елдос СЕНБАЙ