Куба халқы да көшеге шықты
Куба халқы да көшеге шықты
© 24.kz
277
оқылды

Жаһанда тағы бір мемлекет төңкерісті жағдайды бастан өткеруде. Әлемдік ақпарат құралдары Кубадағы саяси ахуал тез күрделеніп бара жатқанын хабарлайды. Осыдан он күндей бұрын «Бостандық аралында» коммунистік билікке қарсы наразылық бұрқ еткен еді. Соңғы рет мұндай кең ауқымды бұқаралық қарсылық 30 жыл бұрын болыпты.

Жаңа шеру 11 шілде күні Сан-Антонио-де-лос-Баньос және Пальма-Сориано қалаларында бейберекет түрде басталды. Оған жүздеген адам ғана қатысқан. Өткен ғасыр соңында ұйымдас­тырылған наразылық шара­ла­рынан басты айырмашылығы сол, бұл жолы демонстрациялар ту­ралы жаңалық мобильді интернет және әлеуметтік желі арқылы ел арасына тез тарады. Осылайша, заманауи технологиялар толқу­лардың күрт күшеюіне серпін берген. Митингтер 10 муници­палитетті қамтыды.
Ел астанасы Гавананы және бірқатар ірі қалаларды мыңдаған адам қатысқан наразылық акция­сы, көше шеруі дүрбелеңге түсірді. Ресми үкімет бұған АҚШ-ты және империалистік батысты, сондай-ақ мафияны айыптады. Ал қар­сылық шараларына қатысушылар коммунистік режимнен шар­ша­ғандарын ашық айтып, бостандық пен демократияны талап етуде. France-Presse (Франс-Пресс) агент­тігінің хабарлауынша, де­монстранттар көтерген транс­паранттар арасынан «Диктатура жойылсын!», «Біз қорықпаймыз!» және «Отан және өмір!» деген ұрандарды байқауға болады. Соңғысы Куба компартиясының «Отан не өлім!» (Patria o muerte) деп келетін милитаристік ұранына қарсы бағытталған болса керек.
Кубаның қазіргі президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-ты, Батысты және кубалық-амери­калық мафияны «аралдағы ахуал­ды тұрақсыздандыруда» деп айыптады. Өз кезегінде Уашингтон Кубадағы тұрақсыздыққа қатысын жоққа шығарып, мұны «үлкен қателік» деп атады. Президент Диас-Канель шұ­ғыл телеүндеуінде барлық комму­ниске көшеге шығып, үкіметке қолдау білдіруге, наразыларға тойтарыс беруге шақырды. Оның айтуынша, революцияны қорғай­тын кез келді. Reuters агенттігінің мәліметінше, Гаванаға зеңбірек­термен жарақталған күш құры­лымдарының техникасы кірген. Негізі, кубалықтар мемлекетке қарсы шығуға бейіл емес. Мұндай ірі наразылық шаралары әлгінде айтылғандай, тек 1990 жылдардың басында өтіпті. Одан кейінгі ке­зеңде Куба халқы «сыртқы жау­ларға» қарсы билікпен тастүйін ынтымақтастық пен ортақ күреске дайындығын паш етіп келді. Сондықтан осы жолы төзім теңізін тасытқан тамшының не болғанын болжап, саясаттанушылар мен сарапшылар бас қатыруда. Кубадағы митингтерде жария етілген басты талаптың қатарында «коронавирус пандемиясымен күресте пәрменді, батыл қимылдар жасау» айтылды. Сарапшылар наразылықтың күшеюіне де COVID-19 індетінің кең таралуы түрткі болғанына назар аудартады. 11,3 миллион тұрғыны бар Кубада осы кезге дейін ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық адам КВИ дертімен ауырған. Дегенмен нақты қанша адамның ауру жұқтырғаны белгісіз. Оның үстіне бұл сан күн сайын ресми түрде 6 мың адамға артып отырады.
Көшеге шыққан адамдар би­ліктен вакцинациялау қарқынын еселеп арттыруды талап етті. Он күн бұрын Куба Abdala 2 атты төл вакцинасын мақұлдап, өндіріске жіберді. Жергілікті ғалымдар мен мемлекеттік билік оны «әлемдегі 100 пайыз тиімді жалғыз вакцина» деп дәріптеуде. Бірақ оны Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы мойындай қойған жоқ. Қалай болғанда, Abdala 2 – Латын Аме­рикасы мен Кариб бассейні елдері аймағында жасалған тұңғыш ко­вид-вакцина. Ресейдің де, ба­тыс­тың да көмегінен бас тартқан Куба билігі өзінде әзір­ленген қос вак­цинаға арқа сүйеуге шешім қа­был­дады. Бүгінде КВИ-ге қарсы екпе миллионнан аз адамға ғана жет­кен. Елдегі ең та­нымал хэш­тегтер – #SOSCuba және #SOSMatanzas. Осы белгімен жазба қал­­дырған­дар халықаралық гума­нитарлық көмек пен вакцина сұрауда.
Әрине, ел наразылығының түп-төркінін тек пандемиямен шектеп тастауға болмайды. Ха­лықаралық сарапшылардың па­йым­дауынша, Кубада проблемалар жылдар бойы қордаланып, күр­меулі түйінге, тұтас кешенге ай­налған. Оған елде туындаған электр қуатының тапшылығы, азық-түліктің қымбатшылығы қосылып, ауыртпалықты үстеме­лей түсті.
«Мені көшеге аштық, дәр-дәрмектің жетіспеуі, электр бе­рудегі үзілістер шығарды. Өйткені бізде қазір барлығы дефицит. Біз түбегейлі өзгерістерді қалаймыз: үкімет ауыссын, адал сайлау өтіп, көппартиялы жүйе орнасын, коммунизм құрысын» деп пікір білдірді The Guardian тілшісіне қарсыласушылардың бірі.
Республика жағдайын пан­демия тіптен нашарлатты. Ел экономикасын қуаттандырып келген туризм әбден тұралады, сол арқылы елге құйылған валюта сұйылды. Туристерге қызмет көр­сетуге тартылған миллиондаған тұрғын жұмыссыз қалды. Баға 900%-ға өскен! Кейбір қалада үкіметтің қолдауымен «валюталық дүкендер» пайда болды, олар жергілікті валютаны қабылда­майды, бірақ азаматтар қолында доллар тым аз. Халықаралық қатынастар са­рапшысы, профессор Виктор Хей­фецтің байламынша, Куба­дағы билік тақтан таяды деуге ерте.
«Біз ресми билікке қарсы кө­терілген күштердің нақты ауқы­мын, қуатын білмейміз. Бұл ретте қалыптасқан жағдайға көңілі толмайтын адамдар билікте де, күш құрылымдарында да бар екеніне күмән келтірмейміз. Олар бұрыннан бар. Мезгіл-мезгіл би­лік өкілдерінің, генералдардың бірі шекара асып, шетелге қашып жатады. Кубада оппозиция әлжуаз және жете құрылымданбаған. Бірақ бұқараның бейберекет қарсылығы жағдайды тез өзгертіп жіберуі мүмкін. Әзірге коммунис­тік биліктің қуаты жеткілікті және жағдайды бақылаудан шығармай, ұстап отыр», – деді В.Хейфец.
Өткен ғасырдың 40-жылда­рынан бері Бостандық аралының басты одақтасы болып келген Мәскеу қазір серіктесіне еш көмек бере алмай отыр. КСРО мұрагері саналатын Ресей Кубаның ескі қарыздарын кешіргеннен басқа салмақты қаржылық қолдау көрсете алмады.. Кубадағы жаңғыруларға ұмтылысты америкалықтар қызу қолдады: 2 миллионға жуық кубалықтар шоғырлана тұратын АҚШ-тың бүкіл шығыс жағала­уындағы қалаларда – Нью-Йорк­тен Флоридаға дейін «Бостандық аралығындағы» қарсылық ше­рулерін құптаған, мыңдаған адам қатысқан митинг өтті. Дүйсенбіде Ақ үй де Джо Байденнің Кубадағы коммунистік режимге қарсылық білдірушілерге қолдау көрсеткен мәлімдемесін жариялады. Бүгінде Кубадағы наразылық акцияларын билік қатал басып-жаншуда. Осы орайда кейбір америкалық саясаткер көрші елге интервенция жасауды ұсынды. Уашингтон бұл бастаманы құп­тамады. Қалай болғанда, өз елінің тағдырын кубалықтардың өзі шешкені жөн.

Айхан ШӘРІП