Үш держава назарындағы Қазақстан
Үш держава назарындағы Қазақстан
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
661
оқылды

Бірер күн бұрын Мәскеудегі Карнеги орталығының сайтында «Всякому друг. Смогут ли Россия и Китай вытеснить США из Казахстана» атты сараптама жарияланды. Мақала авторы Темур Умаров АҚШ, Қытай және Ресейдің Қазақстандағы мүддесі жайлы және бұл үш алып мемлекетпен Қазақстанның тең қатынас орнатып, әлі де мүдделер балансын сақтап отыр­ғанын сипаттаған. Ал енді мақаланы бір сүзіп шығып, Қазақстан айналасында қалыптасқан геосаяси жағдайға өз еліміздің «көзімен» қарап көрелік. 

Автор Қазақстанды үш дер­жава үшін де Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес ретінде қарас­тырады. Мысалы, Ресей мен Қа­зақстан құрлықтағы ең ұзын ортақ шекараға ие, Мәскеу бастама бол­ған бірнеше интегра­циялық ұйым­дарға мүше. Қазақ­стан Қы­тайға да қызық, Си Цзинь­пин кезінде «Бір жол, бір белдеу» жо­ба­сын осында жа­риялады, оған қоса, Шың­жаң аймағымен ше­каралас. Бұл ай­мақ Бейжіңге бас ауру бол­ғанын ескерсек, онда Қа­зақ­станмен түзу қатынас ұс­тауға ең алдымен Қытай да мүдделі дейді автор. Алайда мақаладағы басты назар АҚШ–Қазақстан қарым-қатынасына ауған. Бүгінде АҚШ Ауғанстаннан кетіп бара жатқан соң Орталық Азия елдері Уашингтонды арқасүйер әріптес санамайды. Оның орнын Ресей мен Қытай басып жатыр. Бірден-бір себеп – АҚШ-тың өзі Орталық Азияға қызығушылығын жоғалтты деген ой айтылады. Бірақ автор материалда АҚШ пен Қазақстан байланысы бұл логи­кадан алшақ, өйткені екі ел еш­қашанда «де­мо­кратияны үй­ретуші және үйрену­ші», «Ауған­станға бірге көмек­тесуші» мәр­тебесінде байланысқан жоқ, оларды мұнай айналасындағы инвестициялық жобалар жақын­датқанын атап өтеді. Оған дәлел ретінде Қазақстан территория­сында америкалық Chevron, ExxonMobil, Fluor, Schlumberger, Baker Hughes, General Electric, Citibank, Uber, Starbucks, McDonalds сияқты компаниялар еш кедергісіз жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Автор Қазақстанды АҚШ-тың тек мұнай, газ, бұрғылау құрылғылары, басқа да тауар саласындағы сауда әріптесі ғана емес, саяси байланысты да берік орнатқан мемлекет ретінде сипаттайды. Мысалы, 2012 жылдан бері екі ел арасында Стра­тегиялық даму жөніндегі комиссия аясын­да саммиттер өтеді. Салыстырмалы түрде айта кетсек, Уашингтон Өзбекстанға 5 жыл жүргізілген реформадан соң 2021 жылы ғана аталған комиссияны құру туралы уәде берді. Тек уәде, әлі құрылған жоқ. Сондай-ақ АҚШ Конгресінде Қазақстан кокусы жұмыс істейді. Бұл Конгресте бір елдің мүддесін қорғайтын саяси отырыстар. Бұл да аз жетістік емес. Сондай-ақ АҚШ Орта­лық Азияда өзгелерге қарағанда Қазақстан азаматтарына көбірек виза береді. 2003ж бері НАТО-мен «Дала қыраны» әскери оқу-жаттығу өтеді. АҚШ 2004-2019 жылдар ара­лығында қазақ еліне 43 млн доллардың қару-жарағын жеткізген. Егер АҚШ Ауғанстаннан шығып бара жатқанын ескерсек, онда Уашингтон бұл байланысты нығайтуға тырысады. Өйткені Ауғанстан­мен қатынасты үзбеу үшін Орталық Азияда сенімді серік керек. Автор Темур Умаров осы фактілерді келтіре отырып, Қазақстан АҚШ-пен жан-жақты қатынас орнатқанын, байланыс бір саламен шектелмегенін және көрші елдер­мен салыстырғанда Нұр-Сұлтан мен Уа­шинг­тон арасы анағұрлым алға кеткенін жазады. Мақалада Қазақстан басшылығы АҚШ-пен қарым-қатынасты жоғары деңгейге шығару арқылы Ресей мен Қытай мүддесінің тепе-теңдігін сақтап отырғаны айтылады. Себебі жыл өткен сайын екі ел тарапынан қазақ еліне саяси қысым артып келеді. Мысалы, былтыр көктемде Қытайда «Қазақстан неге Қытайға оралмақ?» деген мақала кең тарады, онда қазақ жерінің жар­ты­сы қытайдікі деп көрсетілген. Қазақ­стан Сыртқы істер министрлігі Қытай елшісін шақыртқан соң ғана дау басылды. Алайда Ресей мұндай жанама қадамдармен шектелмейді. Тіпті, Қазақстанның егемен­дігіне күмән келтіреді. Ресейлік депутаттар қазақ жерінің тұтастығына қарсы пікірлер айтты. Ал  В.Путин 2014 жылы «бұрын қазақ­тарда мемлекетшілдік болған емес» десе, кейін «орыс халқы жер таратып, көршілеріне үлкен сыйлық жасады» деген болатын. Әрине, мұның барлығы Қазақ­стан тәуелсіздігіне жасалған шабуыл. Сон­дықтан Мәскеуге кіріптар болмау үшін АҚШ-пен байланыс нығая береді. Автор материалда мұндай саяси қы­сым­ға Қазақстанның қазіргі басшылығы дипломатиялық сабырлық сақтай отырып, дер кезінде жауап қайырғанын жеткізеді. Мысал ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз мақаласында «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді» деген сөзін келтіреді. Сондай-ақ Темур Умаров Қазақ­стан халықаралық даулы мәселелерде қиын да болса, бейтараптық танытып, саяси блоктарға мүше болудан бас тартып отырғанын жазады. Мәселен, Қазақстан Қырымды Ресей территориясы деп ресми мойындаған емес, бірақ сонымен бірге Президент Тоқаев болған жайтты аннексия деп те атамайды. Бұдан бөлек, Ресейдің контрсакцияларына қосылмайды, өйткені «Батыстың санкциялары ЕурАзЭО мүше­лері­не емес, бөлек мемлекеттерге салынды» деп түсіндіреді немесе Қытайдың Шыңжаң аймағында жүргізіп отырған қатаң сая­сатын ашық сынға алмайды. Бірақ Бей­жіңнің бұл аймақтағы әрекеттерін қол­дай­тын құжатқа Ресей секілді қол қоймайды, қазақ-қытай шекарасын заңсыз өткендерге босқын мәртебесін береді. Автор осы мысалдарды келтіре отырып, Қазақстан басшылығының жанжалдарды айналып өтіп отырғанын көрсетеді. Материалда ерекше назар аударылған мәселе – АҚШ, Ресей және Қытай арасын­дағы қарама-қайшылықтың өршуі және әр тараптың Қазақстанды өзіне жақтас ретінде шақыруы. Дегенмен Қазақстан басшылығы қиын да болса, әлі де өзінің сая­си бейтараптығын сақтап қалуға бар күшін салуда, себебі ірі ойыншылардың блокадалық жанжалына араласу – сау ба­сыңа сақина тілеумен тең. Екінші жағынан, үш державаның ешбіреуі Қазақстанды өзіне қарай «тартып алатындай» ықпал ету ресурсына ие емес. Яғни, қазақ елі әлі де өзінің саяси, экономикалық, әскери, дипло­матиялық байланыстарын тәуелсіз жүргізуге қабілетті. Сонымен, бұл материалға өзіміздің бағамызды берсек. Жалпы, Мәскеудегі Карнеги орталығын бір сарапшылар АҚШ-тан қаржыландырылған соң батыс­шыл деп айыптаса, басқалары 2012 жылдан кейін путиншіл бола бастады деген сын тағады. Ал жалпы мақала Қазақстанның күрделі геосаяси жағдайында державалар мүдде­сінде баланс сақтап, өзінің көпвек­торлы сыртқы саясатын сәтті жүргізіп отырғанын сипаттаған. Бұл шындыққа жанаса ма? Иә, жана­сады. Елбасы Н.Назарбаев кезінде жасақ­тал­ған сыртқы саясат стратегиясын Пре­зидент Тоқаев бүгінде одан әрі жалғас­тыруда. Өйткені бұл уақытпен тексерілген бағыт және о баста аталған саясатты жүзеге асырушылардың бірі өзі болды. Ал мақалада автор жазғандай, соңғы уақытта үш державаның мүддесін тең ұстау Қазақстанға қиын болып бара ма? Иә, ол анық сезіледі. Біз еуразиялық интеграцияға мүше болғалы, 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған соң, Қытай Шыңжаң мұсылмандарына «қайта тәрбиелеу лагерь­лерін» соғып, олардың құқығып таптаған соң, АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығару туралы шешім қабылдағаннан кейін бей­тарап болу күрделене түсті. Өйткені Батыс­тың экономикалық санкциялары, Қытай мен Ресейдің заңсыз шешімдеріне баға беру Қазақстанға жанама түрде болса да қа­тысты. Егер олардың біреуін қолдасақ, онда автоматты түрде қалған екеуіне қарсы шыққандай боламыз. Алайда жоғарыда сипатталған «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» стратегия жемісін беріп келеді. Ол неден байқалады? Қазақстан әлі ешбір елдің санкциясы, контрсакциясына ілінген жоқ, ешбір ел Қазақстанды қара тізімге енгізген жоқ, елшілерін шақыртып алмады, сауда-саттық айналымы жыл сайын өсіп келеді, президент, министр деңгейінде тұрақты кездесулер, саммиттер өтіп тұрады. Яғни, ірі державалардың қысымы, мүддесі қаншалықты ықпалды болса да, олармен тең қатынас орнату, олардың тепе-теңдігін сақтау мүмкін. Көпвекторлы сыртқы саясат бұл орайда тиімді стратегия болып есептеледі.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА