Соңғы күндері бірқатар ақпарат құралдарында Түркия мен Әзербайжанның ортақ армия жасақтауға келіскені жайлы мәліметтер жарияланды. Әсіресе, орыс тілінде ақпарат тарататын медиа бұл ақпаратты жалаулатып-ақ жатыр. Шынымен солай ма?
Бір халық, екі мемлекет
Негізі, Түркия мен Әзербайжанның кейінгі жылдары өте тығыз қарым-қатынас орнатқаны баршаға белгілі. Әсіресе, Анкара мен Бакудің ынтымақтастығы былтыр Қарабақ үшін болған соғыста анық байқалды. Түркияның әскери оқу орындарында оқыған офицерлер әскери бөлімдерді басқарып, Қарабақтағы операцияда түрік генералдарының әзербайжан қолбасшыларына кеңес бергені де жасырын емес. Одан бөлек Әзербайжан армиясындағы түрік инженерлері жасаған пилотсыз ұшатын қондырғылар соғыста шешуші рөл атқарғаны да есте. Бәлкім содан ба, жоқ әлде кейінгі кездері Түркия мен Әзербайжанның бірлескен әскери оқу-жаттығуларға көбірек көңіл бөлгеннен бе, әйтеуір 27 шілдеден бері «екі мемлекет бірлескен армия құрады екен» деген қауесет желдей есіп тұр. Ал оған Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоптың Бакуге жасаған сапарында айтқан бір сөзі себеп болғанға ұқсайды. Саясаткер журналистердің «Екі мемлекет бірлескен армия құруы мүмкін бе?» деген сауалына «Әзербайжан мен Түркия көптеген келісімге келді. Олардың арасында әскери көмек пен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы келісімдер де бар. Осы келісімдер аясында көптеген зерттеу жасалып, екі елдің бірлескен оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Бірақ біздің негізгі ұранымыз, Гейдар Әлиев айтқандай «бір халық, екі мемлекет». Бұл бағытта көптеген жұмыс істеліп жатыр» деп жауап берген. Яғни, М.Шентоп бірлескен армия жасақталатыны туралы ашық айтқан жоқ. Тек Г.Әлиевтің әйгілі сөзін ғана алға тартты. Алайда орыс тілінде ақпарат тарататын масс-медиа саясаткердің сөзін өздерінше жорығанға ұқсайды. Ал түрік және әзербайжан ақпарат құралдары, тіпті батыс медиасы да «ортақ армия құрылғалы жатқаны» жайлы бірде-бір мәлімет таратпады. Керісінше, әзербайжан масс-медиасы М.Шентоп айтты делінген сөздің жалған екенін де алға тартты. Демек, түріктер мен әзербайжандар арасында кеңінен тараған «бір халық, екі мемлекет» дейтін қанатты сөздің астарына үңілгендер сирек болып тұр. Іс жүзінде Г.Әлиевтің бұл сөзі екі халықтың қаншалықты жақын екенін сипаттау ғана еді. Оны бірқатар масс-медиа өкілдері тура мағынасында түсінсе керек.Бұл идея бұрын да айтылған
Негізі, қоғамда «Тұран одағы», «түркітілдес елдердің бірлескен армиясы» тәрізді ақпараттардың талқыланып жүргеніне біраз болды. Мұндай қауесеттердің тарауына кейде түркітілдес елдердің белсенділері себепші болса, кейде Ресейдің саясаткерлері ықпал етеді. Айталық, 2020 жылғы тамызда Әзербайжанның «Ұлттық қайта түлеу» партиясының төрағасы Фарадж Гулиев ортақ қорғаныс күштерін құру идеясын көтергені бар. Ол «Ортақ қорғаныс күштерін құруымыз керек. Бірлескен армия жасақтайтын уақыт келді. Егер Түркия барлық техникасын, қару-жарағын, дрондарын, қорғаныс өнеркәсібін Әзербайжанға беретінін айтқан болса, біз де барлық тізгінді оларға беруіміз керек» деген еді. Ал ресейлік саясаткер В.Жириновскийдің «Ердоған Тұран армиясын жасақтамақ ниетте» деп байбалам салғаны да бар. Сөйтіп, осындай мәліметтер масс-медиада «Түркия мәне Әзербайжан бірлескен армия жасақтағалы жатыр» дейтін қауесеттердің таралуына алғышарт қалыптастырса керек. Әйтпесе, Баку мен Анкара бірлескен жаттығулардан әріге барған жоқ. Әрине, өзара әскери-техникалық көмек, көптеген мәселеде ұдайы бір позиция ұстану қос мемлекет үшін қалыпты құбылысқа айналған. Бірақ ортақ армия құру түгілі қандай да бір ресми одақ құру жайлы да әзірге ешқандай келіссөздер жасалған жоқ. Демек, ресейлік масс-медиа таратқан мәліметтер түркітілдес елдер интеграциясын милитарлық бағытта сипаттаудан басқа ештеңе емес. Тіпті, Орталық Азиядағы түркі халықтарына «Анкара мен Баку сендерді Тұран одағынан ығыстырып тастады» дейтін месседжге де ұқсап кетті. Алайда іс жүзінде Түркия мен Әзербайжанның бірлескен әскери оқу-жаттығулары, өзара тығыз қарым-қатынасы түркі интеграциясына ешқандай да кері әсер ете қоймайды.Әскери одақ құрылуы мүмкін бе?
Әрине, масс-медиада бауырлас екі мемлекеттің ортақ армия жасақтағалы жатқаны жайлы қауесеттің тарауы «Түркітілдес елдердің әскери одағы құрыла ма?» дейтін сауалды да күн тәртібіне шығарары анық. Біздің пайымдауымызша, түркі интеграциясы әзірге мәдени-гуманитарлық бағыттан ауытқи қоймайды. Әрине, одан соң сауда-экономикалық бағытқа айрықша мән берілуі мүмкін. Қандай да бір саяси, әскери одақ құрылатыны туралы әзірге айту ертерек. Тек антитеррорлық құрылымдар арасындағы байланыстар тереңдетіліп, технология алмасу жағына көңіл бөлінуі мүмкін. Айталық, түріктің Aselsan, Otokar тәрізді қорғаныс өнеркәсібіне маманданған кәсіпорындарының Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқаны тәрізді қадамдар болуы мүмкін, одан әріге бара қоймайды. Рас, 2013 жылы Түркия, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы мен Моңғолия «Әскери мәртебесі бар құқық қорғау органдарының Еуразиялық ассоциациясы» дейтін ұйым құруға талпынған. Төрт мемлекет атауының бас әріптерінен құралған TAKM дейтін шартты жоба әлі де пысықталып жатыр. Оған, тіпті Қазақстан да қосылуы мүмкін екені сөз болған. Бірақ бұл ұйым адам саудасы, терроризм мен есірткі саудасына қарсы күрес тәрізді міндеттерді орындайтыны айтылған. Кейбір сарапшылар әскери мәртебесі бар құқық қорғау ұйымдарының төрт мемлекеттегі жеке құрамының саны 2 млн 800 мыңға жететінін алға тартқан. Әзірге бұл жоба ғана. Алайда жоба дегеннің өзінде мұндай ұйым құру күрделі халықаралық келіссөздерден кейін ғана жүзеге асатын дүние. Біріншіден, Түркия НАТО-дағы одақтастарының «алдынан өтуі» керек. Қырғыз Республикасы ҰҚШҰ-дағы «ағалардың» «батасын» алуы тиіс. Әзербайжан мен Моңғолия «Қосылмау қозғалысы» деп аталатын 120 мемлекеттен құралған әскери блоктарға қосылмау ұйымына да өз уәждерін айтуы тиіс. Демек, ТАКМ-ды құру қаншалықты қиын болса, Әзербайжан мен Түркияның әскери одақ құруы да соншалықты күрделі процесс. Сондықтан «Тұран армиясы жасақталады» деген уәж жуық арада орындалуы неғайбіл, «арман» күйінде қала бермек.Амангелді ҚҰРМЕТ