Түркістан қаласына кіреберісте 5 мың адамға арналған мешіт салынып жатыр. Жобаға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетеді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Көрші Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде салынып жатқан мешіттің құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізіліп жатыр. Жаңа жоба жан-жақты зерделенген. Әлем елдеріндегі озық тәжірибелер ескерілген. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленген", – делінген хабарламада.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы құрылыс алаңдарында болды. Жауапты басшылармен кездесіп, тапсырмалар жүктеді.
"Түркі әлемінің рухани темірқазығы, қасиетті Түркістанда салынатын жаңа ғибрат орнында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Мешіт құрылысы заман талабына сай озық үлгіде жүргізіліп жатыр. Ислам орталығының жалпы көлемі – 20 000 шаршы метр", – делінген хабарламада.