Францияның "Пари Сен-Жермен" футбол клубы (ПСЖ) аргентиналық шабуылшы Лионель Мессидің таныстырылымы үшін Эйфель мұнарасын жалға алған.
Бұл туралы El Chiringuito спорт бағдарламасының журналисі Хосе Альварес мәлім етті. Ақпарат бойынша, футболшының таныстырылымы 10 тамызда өтеді деп жоспарланған.
Marca мәліметінше, аргентиналық шабуылшы париждік командада қандай нөмірде ойнайтынын шешіп қойған.
34 жастағы ойыншы өзіне 30-ойын нөмірін таңдады. Дәл осы нөмір таңбаланған жейдеде аргентиналық футболшы «Барселонадағы» алғашқы ресми матчын өткізген.
ПСЖ көшбасшысы Неймар Мессиге 10-нөмірді беруге дайын екенін жеткізгенімен, Лионель бас тартқан.
Аргентиналық футболшының "Барселонамен" келісімшарты 30 маусым күні аяқталды. 5 тамыз күні каталониялық клуб ресми баспасөз-мәслихатында Месси келісімшартты ұзартпайтынын мәлімдеді.
Өткен маусымда Месси 47 ойын өткізіп, 38 гол және 14 сәтті пас авторы атанды.