Ауғанстан билігінің әлемдегі көптеген ел мен Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» күштерінің қолына көшуі талайдың ұйқысын бұзып тұр. Қазақстан билігі үшін де аталған мәселе өзектілін жоймақ емес. Демек, етек-жеңді жинап, сақтана отырғанның артықтығы болмаса керек. Әсіресе, әскери қызметкерлердің арқалайтын жауапкершілігі ауыр.
Осыдан бір апта бұрын Қорғаныс министрлігінде аппараттық кеңес өткен. Министр Нұрлан Ермекбаевтың басқаруымен өткен басқосуда халықаралық армия ойындарына даярлық, әскери ғимараттар мен казармалардың дұрыс болуы, оқу-жаттығу, запастағы әскери қызметкерлердің сапасы мен біліктілігі тәрізді мәселелер сөз болғанымен, іс жүзінде Ауғанстандағы жағдайға байланысты Қарулы Күштердің даярлығын пысықтау айрықша назарда болды. Тіпті, министрлік таратқан ресми мәлімдемеде «Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту бойынша шаралар қабылданды. Ең алдымен бұл арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне, майдан және әскери-көлік авиациясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты болып отыр» делінген. Бұл дегеніңіз – биліктегілердің «Талибан» қозғалысына сенуге болмайтынын жақсы түсініп отырғанын көрсетеді. Бәлкім, барлаушылардың қосымша мәліметтері бар ма, кім білсін, әйтеуір «сақтансаң, сақтаймын» дейтін қағиданы әскерилер жақсы түсінген сыңайлы. Жиынның мәні де осында.Қауіпсіздік бірінші орындағы мәселе
Әдетте қауіпсіздік жайлы сөз еткенде бұқара бірден Қарулы Күштерге қарайды. Рас, Қарулы Күштердің ел қауіпсіздігін қорғаудағы рөлі бірінші орында тұратыны жасырын емес. Алайда елдің ішкі қауіпсіздігі, тұрақтылықты сақтау, геосаясатта қате қадам жасамау тәрізді сансыз шарттардың да мемлекеттің тыныштығына тікелей әсер ететінін ескерген жөн. Оның үстіне, бүгінгінің қаупі бір қырлы емес екенін барша мемлекет мойындайды. 2017 жылы қабылданған Әскери доктринада да Қазақстан оны ашық көрсетті. Сол құжатта «гибридті күрес», кибер және ақпараттық қауіпсіздік тәрізді тың ұғымдар бар. Демек, Ауғанстан жақтан төнуі мүмкін қатердің алдын алу үшін ішкі саясатқа жауапты органдар, ішкі істер саласы қызметкерлерінің, ҰҚК мамандарының, қала берді ҚМДБ өкілдерінің де қырағы болмағы керек. Әйтпесе, әскерді қанша даяр қылдық дегенмен, армия ел ішінде қиғылық салатын өз азаматтарымыз болса, оларға қарсы қолданылмайды. Жалпы, Ауғанстан тарапынан төнуі мүмкін қатерлерді әскери, әлеуметтік, идеологиялық деген үш түрге бөлуге болады. Әскери қауіп әдетте бірден қарулы қақтығыстарды еске түсіреді. Мұндай жағдайда армияның күшейтілуімен қатар көрші мемлекеттермен өзара ынтымақтастықтың да маңызы арта түседі. Мұны бірқатар саясаттанушы да айтып жүр. Жас саясаттанушы Асхат Қасенғали Ауғанстан тарапынан төнуі мүмкін қауіпке байланысты Орталық Азия елдерінің консультациялары жиілегенін айтады.Орталық Азия елдерінің оңтүстік шекарасында жағдай ушықса, онда әскери көмек беру жағын да қарастырған дұрыс. Отты жағалаудың бергі жағында емес, арғы жағында сөндірген абзалырақ қой. Тәжікстанға онсыз да ҰҚШҰ аясында Парламент рұқсатымен әскер жіберуге болады, әрине егер Душанбе сұрап жатса. Ал Өзбекстан мен Түрікменстан ұйымда болмағандықтан, мемлекетаралық келісімдер аясында іске асыруға болады деп санаймын.
«Ауғанстандағы жағдай Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздік саласын күшетуге итермелеп отыр. Бұл тұрғыдан Орталық Азия елдерінің басшылары өзара кеңестер өткізсе, қорғаныс министрліктері бірнеше мәрте жаттығу өткізді. Мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстан әскерлері Ресейдің бастамасымен әскери жаттығулар өткізіп, полигондардың шаңы басылмай жатыр. Қазақстан Республикасы да Ауғанстандағы жағдайдан кейін қырағылықты арттыру керегін түсініп отыр. Арамызда Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан сынды буферлі елдердің барына қарамастан, қауіпті жоққа шығаруға болмас. Әрі алыс перспективада айтатын болсақ. Орталық Азия елдерінің оңтүстік шекарасында жағдай ушықса, онда әскери көмек беру жағын да қарастырған дұрыс. Отты жағалаудың бергі жағында емес, арғы жағында сөндірген абзалырақ қой. Тәжікстанға онсыз да ҰҚШҰ аясында Парламент рұқсатымен әскер жіберуге болады, әрине егер Душанбе сұрап жатса. Ал Өзбекстан мен Түрікменстан ұйымда болмағандықтан, мемлекетаралық келісімдер аясында іске асыруға болады деп санаймын. Алдымен ондай келісімдерді жасау керек. Сол себепті Ауғандағы жағдай бізден алыс деп арқаны кеңге салмай, етек-жеңді жинап отырғанымыз жөн», – дейді саясаттанушы. Біздің пайымдауымызша, әскери қауіп-қатердің төну ықтималдығы аздау. Алайда «Талибанның» билікке келуінің әлеуметтік және идеологиялық қаупі күштірек тәрізді. Өйткені қазір Ауғанстанда «Талибандардан» қашып кетуді көздейтін мыңдаған азамат бар. Олар, әрине мүмкіндігінше Түркияға, Араб елдеріне, Еуропа мен АҚШ, Канадаға кетуге тырысады. Бірақ ең жақын елдер Орталық Азия мемлекеттері екенін де жақсы біледі. Әрі Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының таулы-тасты аймақтары Ауғанстаннан қашып өтуге де қолайлы. Тіпті, шекарашыларға пара берсе де өтіп кету мүмкіндігі бар. Одан кейінгісі белгілі. Босқындар Орталық Азияны көктей өтіп, Ресейге бір-ақ тартуды көздейді. Ал елге кіріп кеткен босқындарды күшпен шығаруға құқымыз тағы жоқ. Біраз халықаралық құжатқа қол қойғанбыз. Тіпті, асырап-бағуға да мәжбүр болуымыз мүмкін. Мұндай жағдай қоғамдағы әлеуметтік шиеленістерді ұлғайтуы мүмкін. Асхат Қасенғали да мұны жоққа шығармады, «Оңтүстік шекараны күшейту керек. Ауғанстаннан Өзбекстанға босқындардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Олардың нақты саны қанша екені де айтылмайды. Мүмкін жүз, мүмкін мың. Сондықтан шекара бекеттері арқылы өтуі мүмкін жандарды да бақылауды күшейту керек. Өкінішке қарай, Орталық Азия елдеріндегі жемқорлық пен парақорлық деңгейін ескерсек, аз болса да бұл қауіпті естен шығармаған жөн», – деді саясаттанушы. Ал идеологиялық қауіп тіптен жоғары.Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету керек
Әрине, ресми мекеме қызметкерлері мен дін саласының мамандары радикалды көзқарастағы азаматтар саны азайғанын, оларды «үйірге қосу» жұмыстары қызу жүргізілгенін айтады. Дінтанушы Мұхан Исахан 2011 жылдан бері діни оңалту бағытында қызу күрес жүргенін айтады. Ол біздің бір сұрағымызға «Діни радикализм тежелді. Егер сол кезде қамданбағанда, қазір Ауғанның ар жақ, бер жағында болар едік» деп жауап берген еді. Әрине, дін саласында жүрген мамандардың уәжін де ескеру керек. Расында да, діни радикализм Қазақстанда азайған болуы мүмкін. Алайда дін төңірегінде жүрген мамандардың өзі түрлі ағым бар екенін мойындайды. Демек, радикализмді жойдық дегенмен, іштей тынып жүргендер ел арасында кездесуі мүмкін. Ондайлар «Талибанның» Ауғанстанды билеп-төстеу бастауынан «рухани күш» алуы ғажап емес. Тіпті, «Талибан» өкілдеріне сүйкімді болып көрінуге де ұмтылуы мүмкін. Оның үстіне, қозғалыс құрамында түрлі діни, этникалық және саяси топ бар. Саясаттанушы Асхат Қасенғали сол себепті радикалды көзқарастағы азаматтарды бақылау қажет деп санайды. Ол Қорғаныс министрлігінде өткен жиында бұл мәселе қаралған шығар деген үмітте, «Ең алдымен Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында радикалдық көзқарастағы жандарды бақылауды күшейтті деген ойдамыз. Өйткені лаңкестердің жетістігі мен жеңісі біраз радикалдық ағымды желпіндіріп қойғаны анық», – дейді А.Қасенғали. Айтпақшы, алыстағы Ауғанстаннан тікелей қауіп төнбегеннің өзінде қоғамдағы бірлікке сына қағатын қосалқы ықпалы да бар. «Талибанның» билікке келуін жақтап сөйлейтіндер мен даттап сөйлейтіндер, Ауғанстан қазағын көшіріп алуды құптайтындар мен қарсылар, салафилік ағымның ел ішіне дендеп енгенінен қауіптенетіндер дейсіз бе, әйтеуір әлеуметтік желіде топ-топқа бөлініп дауласып жататындар көп. Мұндайда қоғамның қалтарыс-бұлтарысында ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін өзге процестер басталып кетуі ғажап емес. Ресейдің Қазақстандағы тіл мәселесіне қатысты тұрмыстық деңгейдегі әңгімені орталық телеарналар эфиріне дейін шығарып, біздің буынсыз жерімізге пышақ ұрып отырған тәрізді жағдайлар соның айқын дәлелі. Қоғам мүшелері қауіптің қайдан төнуі мүмкін екенін назардан тыс қалдырып, гибридті күрес амалдарының елімізде де қолданылуына жол беріп алды. Бұл да ескеретін дүние.Ардақ СҰЛТАН