Ресей «амалдап» сайлауын өткізді
Ресей «амалдап» сайлауын өткізді
240
оқылды

Өткен жексенбіде Ресей тарихындағы жанжалға толы сайлау өтті: солтүстік көршінің халқы жаңа МемДуманы сайлады. Билік бұл науқанның әділ әрі ашық өткенін мәлімдеді, ал оппозиция сайлаушылардың үлкен бөлігінің дауысы ұрланғанын хабарлады. Қалай болғанда да, Ресейдің көшбасшы саяси күші – «Единая Россия» партиясы парламенттегі конституциялық басымдығын сақтап қалды. Алдағы 5 жыл бойы оған кез келген заңды қабылдау үшін өзге партияларды үгіттеу қажет болмайды.

Ресейде сайлау аса қызу өтті. ВЦИОМ сауалнамасы бойынша, рейтингі небәрі 29,3 пайыз «Единая Россия» (ЕР) бұл жолы жеңетініне толыққанды сенімді болмады. Расында, сайлау қорытын­ды­сында ЕР бірнеше өңірде жеңіліп қалды: 6 өңірде бірінші орынға коммунистер шыққан. Ресейде парламенттің төменгі пала­тасын қалыптастырудың ерекшелігі бар. МемДуманың барлық 450 депу­та­тының 225-і бір мандатты сайлау округ­тері (бір округ – бір депутат) арқылы, тағы 225-і – сайлаушылардан жинаған даусына қарай федералды тізім арқылы сайланады. Сондықтан жеке додаға түсетін кандидаттар үшін де қызу талас жүрді. Көршідегі науқан сайлау комиссиясы мүшелерінің төбелесімен де есте қалатын түрі бар. Краснодар өлкесінің Кущевская станицасында аумақтық сайлау ко­миссиясының әділетсіздікке жаны қас мүшелері үйде дауыс беру жөніндегі жалған өтініштерді анықтағаны үшін тоқпақ жеген: бейнекамераға жазылған жағажыртыс әлеуметтік желіге тарады. Осы Краснодар өлкесінде тұрғындардың көбісі «үйінде дауыс беруге» тілек біл­діргені байқаушылардың күмәнін ту­ғызды: кейбір округте тіркелген 2 мыңдай сайлаушының мыңнан астамы осы тәсілді «таңдапты». Петербургте полиция сайлау комис­сияларының 30-дан астам мүшесін жап­пай тұтқындаған: олар дауыс санауға кедергі келтірді деп танылды. Ақпарат құралдары бір топ жас жі­гіттің автобуспен әр учаскеге қатынап, қайта-қайта дауыс бергенін куәланды­ратын видеоны таратуда. Мұны ресейлік саяси технологтар «карусель деп атайды. «Яблоко» партиясы бақылаушы­ла­рының үйлестірушісі Александр Ме­нюков журналистерге тәуелсіз бақы­лаушыларының Ресей бойынша 3 мың­нан астам бюллетеньді топтап тастау дерегін әшкерелегенін жеткізді. Оның мәліметінше, кейбір сайлау учаскесінде сайлау комиссиясының мүшелері түне­ген. Заң бойынша таңертең ашылғанға дейін сайлау учаскесінде бірде-бір жан болмауы тиіс еді. Мәскеу облысындағы Балашиха қала­сында дауыс беруге ертерек келген сайлаушылар ешқандай кезек болмаса да, дауыс жәшігінің жартылай толып қалғанына куә болған. Бейнекамераға жәшікті «жасанды толтыру» (вброс), белгілі бір сайлаушылардың бірнеше рет кіріп, дауыс беруі деректері тіркелген. «Голос» қозғалысы ықтимал бұзу­шы­лықтар туралы 4 мыңнан астам хабарлама жариялады. Бюджет қызметкерлерін дауыс бе­руге күштеп жіберу жүзеге асырылған. Нәти­жесінде, жұма күні таңертеңнен сайлау учаскелерінде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Ресейде сайлау үш күнге созылып, 17-19 қыркүйек аралығын қамтыды. Айналасының коронавируспен сырқат­тануына байланысты карантинге жа­былған РФ Президенті Владимир Путин алғашқы күні қашықтан дауыс берді. Алайда көзіқарақты оқырмандар Кремль таратқан ресми фотосуреттерді және видеожазбаларды қарап отырып, дауыс беріп жатқанда Ресей басшысының қолсағаты 10 қыркүйекті көрсетіп тұр­ғанын байқапты. Кремль әзірге Прези­денттің сағатына қатысты түсініктеме бермеген. Ресейлік журналистер оның қолсағаты уақытты дұрыс көрсетпейтін болар деген жорамал жасап отыр. «Голос» қоғамдық қозғалысының теңтөрағасы Роман Удот Мәскеудегі элек­тронды дауыс беру нәтижелері то­лығымен жойылуы шарт деп мәлімдеді. Себебі онда кандидаттарға берілген электронды дауыстар саны сайлау ко­миссиясы бөлген бюллетеньдер санынан 78 мыңға артық болып шыққан. Р.Удот мұндай дауыс беру рәсімін «сорақылық» және «Ресей тарихындағы ең лас сай­лаудың бірі» деп атады. Қашықтан электронды дауыс беру биыл пандемияға байланысты Ресейдің 7 өңірінде енгізілді. Науқан аяқталған соң, РФ Ортсайлаукомы Мәскеуден бас­қа өңірлердің нәтижесін ғана жариялады. Бұл ретте Мәскеуде 2 миллион адам да­уыс берген, сөйтіп, сайлаудың ақырғы қорытындысына елеулі ықпал етті. Мәс­кеудегі Байқаушылар штабының бас­шысы, белгілі радиожурналист Алексей Венедиктов мыңдаған мәскеуліктің аяқ астынан таңдауын өзгертіп, «қайта да­уыс» беруге (переголосование) ұйғар­ғанына таңданысын жасырмады. РФ Ортсайлаукомы бұл ақпаратты жоққа шығарды, бірақ Мәскеудегі электронды дауыс беру қорытындысын уақытында жарияламады.

«Голос» қоғамдық қозғалысының теңтөрағасы Роман Удот Мәскеудегі элек­тронды дауыс беру нәтижелері то­лығымен жойылуы шарт деп мәлімдеді. Себебі онда кандидаттарға беріл­ген электронды дауыстар саны сайлау ко­миссиясы бөлген бюл­летень­дер санынан 78 мыңға артық болып шыққан. Р.Удот мұндай дауыс беру рәсімін «сорақылық» және «Ресей тарихындағы ең лас сай­лаудың бірі» деп атады.

Байқаушылар 2011 жылғы МемДума сайлауымен салыстырғанда, фальси­фикация ауқымы әлдеқайда көп деген тоқтамға келген, ал он жыл бұрынғы сайлау жаппай наразылық шерулеріне соқтырғаны мәлім. РФ Орталық сайлау комиссиясы бюл­летеньдерді жәшікке топтап тас­таудың 12 дерегін ресми растады. РФ ІІМ-і дауыс беру қорытындысына ықпал етердей бұзушылықтар тіркелмегенін мәлімдеді. Сонымен, биылғы сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша «Единая Рос­сия» МемДумадағы конституциялық ба­сымдығын сақтап қалды. Ол партиялық тізімдер бойынша бүкіл дауыстың 50 па­йыздан астамын иеленді. Бұған қоса, би­леуші партияның шамамен 199 өкілі бір мандатты округтер бойынша өте алған. Осылайша, «Единая Россия» Парламен­тінің төменгі палатасындағы 450 ман­даттың шамамен 315-ін еншіледі. Бұл өкі­­леттігі аяқталып қалған қазіргі Мем­Ду­­мадағы мандаттарынан (334) шамалы аз. Екінші орынға КПРФ тұрақтады, оған федералдық тізім бойынша шамамен 19 пайыздық үлес тиесілі. Партия Ре­сей­дің бір мандатты 9 округінде жеңіске жетті. Коммунистер Якутияда, Хабаров өлке­сінде, Коми республикасында, Улья­нов облысында, Марий елінде және Ненецкий автономды округінде жеңіске жетті. Тұрғындары Мәскеудің қысастығына қарсы шығып, экс-губернаторы Фургал­ды қорғап, бірнеше ай бойы наразылық шерулерін ұйымдастырған Хабаров өлкесінде «Единая Россия» ең төменгі нә­тиже көрсетті: 25 пайыздан аз дауыс алды. КПРФ-ті құптаған осы 6 өңірдің бәрінде жұртшылық орталық биліктің қиянатына қарсылық білдірген еді. Мысалы, Коми халқы Шиес полиго­ны­ның салынуына, Ненецкий округіндегі ненэй ұлысы өзін ұлттық бірлігінен айы­рып, Архангельский облысына қосуға қарсы тұрды. Бір мандатты округтер арқасында «Справедливая России - За правду» партиясының бірнеше кандидаты Думаға өте алды. Партия федералдық тізімде 7 пайыздай дауыс жиды. Әсіреұлтшыл Жириновскийдің ЛДПР-і 7 пайыздан артық дауыс жинап, ол да жаңа Думаға ілікті. 8-ші шақырылымдағы МемДумада бесінші партия пайда болатынға ұқсай­ды: бюллетеньдердің 95 пайызы санал­ғанда Кремльдің оппозицияға қарсы жобасы деп саналатын «Новые люди» партиясы 5 пайыздық табалдырықтан өткені анықталды. «Единая Россияға» қарсылас болған және МемДуманың жаңа құрамына ене алған кандидаттардың басым көпшілігі Алексей Навальныйдың жақтастары ілгерілеткен «Умное голосованиеде» қолдау тапқан көрінеді. Ресейлік са­рапшылардың байламынша, электронды дауыс беру болмағанда, біраз округте Навальный жақтастары қолдаған үміт­керлер жеңіске жететін еді. Халықаралық сарапшылар сайлаудан кейін ресейлік саясат сахнасындағы тір­лік саябырсымайтынын, қайта транс­формация тың қарқын алатынын айтады. Мәскеуден халқы мен элитасындағы наразылықты жоятын, ең құрығанда тігісін жатқызатын бастамалар талап етіледі. Ол өзгерістердің неге соқтыра­тынын уақыт көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ