Жапонияда тұратын апалы-сіңлілі Умено Сумияма мен Коуме Кодама 107 жаста, екеуі әлемдегі ең қарт егіздер болып саналып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Умено мен Коуме 1913 жылы 5 қарашада Кагава префектурасына кіретін Седо аралында дүниеге келген. Олардың отбасында 13 бала болған.
Олар жас кезінен бастап бөлек тұрады. Коуме орта мектепті бітіргеннен кейін ағасына көмектесемін деп, аралдан көшіп кеткен. Ал Умено туған жерінде тұрмысқа шығып, II Дүниежүзілік соғыстың соңында басқа жаққа көшіп барды.
Егіздер бір-бірінен 300 шақырым шалғай тұрды. Сол себепті жиі кездесе алмайды. Тойда немесе біреуді жерлеу кезінде ғана жүздесіп келген. Ал 70 жаста екеуі будда қажылығына барып келді.
Қазіргі кезде Умено мен Коуме қарттар үйінде екі бөлек тұрады.
Коронавирус пандемиясына байланысты Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері егіздерге бара алмады. Бірақ "әлемдегі ең қарт егіздер" деген куәлікті поштамен жіберді. Қарттар үйінің ұжымы оны салтанатты түрде табыстады.