Пантеон емес, мемориалдық кешен
Пантеон емес, мемориалдық кешен
229
оқылды
Соңғы күндері «қасіретті «Қаңтар оқиғасына» байланысты Алматыда пантеон салынады екен» деген әңгіме шық­қалы қоғамда түрлі қауесет тарай бастады. «Қан­ды қырғын­да қаза тапқан әс­керилер мен полицейлер жер­ленеді» деген сыбыс шын­дыққа жанаса ма? Шындығында, бұл кейбір шетел­дердегідей белгілі адамдар жерленетін мазарат, яғни пантеон емес. Мемориалдық еске алу кешені салынбақшы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған сапарында қала басшы­лығына арнайы тапсырған. Яғни, ол жерде ешқандай да адамдардың мүрдесі қойылмайды. Тек тарих үшін болашақ ұрпақ еске алып, сабақ алатын орынға айналмақ. Бұл сөзімізді Алматы қалалық әкімдігінің Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы­ның берген мәліметі де нақтылай түсті. «Қаңтар айының басында қаламызда және елімізде болған қайғылы оқиғаны болашақ ұрпақ­тың жадында қалдыру мақсатында салынатын құрылыс ешқандай пантеон емес, мемориалдық кешен. Бір сөзбен айтқанда, бірнеше жыл өткен соң болашақ ұрпақ соның басына барып, 2022 жылы «Қаңтар дүрбелеңі» болған орын деп еске алатын болады», – деп жауап берді басқарманың бас­пасөз қызметі. Аталмыш басқарма өткен апта соңында мемориалдық кешен жұмысының эскизіне ашық бай­қау жариялағанын мәлімдеген еді. Мәліметке сүйенсек, байқауға жеке авторлар да, шығармашылық ұжымдар да қатыса алады. Кон­курс­тың шартына сәйкес, ескерткіш қоршаған ортаға үйлесім­ді болуы тиіс. Оның құрылысына тек сапалы материалдар пайдаланылады. Мемориал­дық кешен қаладағы Сәтбаев көшесі­нің оңтүстігі мен Назарбаев даң­ғы­лы­ның батысына қарай қала­лық әкімдік жанындағы гүлзарда орнатылады деп жоспарланып отыр. Белгілі тарихшы, профессор Ханкелді Әбжанов мұндай тарихи маңызы бар оқиғаларға арналған ескерткіштердің қажет екенін айтады. Оның айтуынша, тарих­тың осындай ақтаңдақ сәттері ертеңгі ұрпаққа сабақ болары сөзсіз. Тарихшы соңғы қасірет болған республика алаңында екінші рет қан төгілгеніне куә болғанымызды қынжыла отырып атап өтті. «Тарихымызда Алматыдағы Республика алаңы екі рет (1986-2022) қанды қақтығыстың куәсі болды. Мұнда бірінші жолы тәуелсіздік пен әділеттілік үшін жастардың қаны төгілсе, екінші жолы қара ниетті күштерден тәуелсіздікті қорғаған әскерилер, полицейлер мен отансүйгіш бейбіт азаматтар өмірін қиды. Олардың ерлігі халқымен бірге мәңгі жасауы керек. Сол жанкеш­ті­лік­терінің арқасында олар мил­лион­даған бейбіт адамның өмірін сақтап қалды. Елі үшін құрбан­дыққа барғандарға қандай құрмет көрсетсе де жарасады», – дейді белгілі тарихшы. Сондай-ақ ол бой көтеретін кешен жай ғана ескерткіш болып қалмауы керек деп санайтынын жеткізді. «Президентіміздің тапсырмасымен салынатын «Қаңтар қа­сіреті» мемориалдық кешені архитектуралық, тарихи, мәдени, ескерткіш қана емес, бүгінгі заманның батырларына, бірлік пен бірегейлікке тағзым ететін сакралды нысанға айналуы керек. Онда шейіт болған әрбір офицер­дің аты-жөні мен шені тасқа қашалып жазылуы қажет деп санай­мын. Кешен ашық аспан астын­дағы ұлы тарих оқулы­ғы­на айналатын күнге жетейік», – дейді тарихшы Ханкелді Әбжа­нов. Қалай болғанда да, мұндай тарихи нысан ең бірінші ертеңгі ұрпақ үшін салынары хақ. Себебі келешек ұрпақ өзінен алдыңғы тарихтан сабақ алып жетілері сөзсіз. Сондықтан бой көтеретін кешеннің бірінші мақсаты – ол ертеңге бүгінді жеткізу. Ал кеше­н­нің қандай болып салынары әзірге белгісіз. Ол мәселе қалалық әкімдік жариялаған байқаудың қорытындысы шыққан соң ғана белгілі болмақ. Байқаудан жеңіп шыққан авторлық жұмыстар қоғам талқысына ұсынылса жөн болар еді. Себебі болашақ үшін жасалып жатқан маңызды дү­ниенің қашанда «жеті рет өлше­ніп, бір рет кесілгені» дұрыс деген ойдамыз.

Алматы