Қаңтар қасіреті: цифрларға қарапайым халық түгілі, статистика бюросының қызметкерлері де сенбейтін шығар – депутат
Қаңтар қасіреті: цифрларға қарапайым халық түгілі, статистика бюросының қызметкерлері де сенбейтін шығар – депутат
Фото: news.myseldon.com
232
оқылды

Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсембаев Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Құрметті Әлихан Асқанұлы! Қаңтар қасіреті еліміздегі көптеген мәселелердің бетін ашты. Халықтың күнкөрісінің төмендігі, елдің әлеуметтік жағдайы, жұмыссыздықтың шынайы деңгейі көрінді. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы пандемия экономикалық жағдайды біршама шайқалтты, бірақ 2021 жыл бойы статистика басқаша сөйлеп тұрды. Ұлттық банктың мәліметінше, инфляция деңгейі 8%-дан асқан жоқ, ал азық-түлік бағаларының өсімі 20%-дың төңірегінде болды деп, елді сендірумен әлек болды. Ал қаңтар оқиғасындағы бейбіт шерушілердің басты наразылығы қымбатшылықтың негізінде басталғанын барлығымыз білеміз. Үкіметтің шешім қабылдаудағы жіберген олқылықтарының бірі – сенімсіз әрі нақты емес статистикалық мәліметтерді қолдануы да себептердің бірі. Дәлел ретінде, тамыз-қыркүйек айларында азық-түліктің қымбаттағанын естімеген тек статистер сияқты көрінді бізге. Ал кейбір құрылыс материалдары 2,5 есеге дейін өсіп, қазір сол бағада тұрақтап тұр. Сол кезеңде сауда министрлігі бағаның ортақ өсімі 12 пайыздан асқан жоқ деп мәлімдеді. Бұл деректердің бірде-біреуін Ұлттық статистика бюросы жоққа шығармай қалыптасқан жағдай ретінде қарады. Бұл бір. Екіншіден, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, еліміздегі орташа жалақы 257 мың, ал халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы табысы 131 мыңға жуық теңгені құрап отыр деді. Шыны керек, бұл цифрларға қарапайым халық түгілі, сол статистика бюросының қызметкерлері де сенбейтін шығар. Дәлел ретінде, Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуінде халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын және мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес екендігін айтты. Үшіншіден, тағы да сол бюроның есебінше Қазақстандағы жұмыссыздардың саны 2021 жылы 4,9%-ды, яғни 451 мыңға жуық адамды құрап отыр дейді. Олардың ішінде жұмыссыз жастардың саны 78 мыңға жуық екен. Бұл цифрлар статистика бір бөлек, шынайы жағдай бір бөлек екенін нақты көрсетуде. Мысалы, 2021 қараша айында еліміздегі жұмыссыздардың саны әлдеқайда жоғары, ал оның ішіндегі жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі әртүрлі ойластырылған көрсеткіштер арқылы жасырылғанын депутаттық сауал ретінде көтердік. Сондай-ақ, жыл басында Корей мемлекетіндегі 12 мың жасырын қазақтарымыздың қызмет етіп жүргенін тілге тиек еттік. Бірақ, бұл ескертпемізге Үкімет тарапынан қағаз жүзіндегі «ескереміз, көреміз, жасаймыз» деген сөздермен жауап келді. Тек сөздер, атқарылған іс пен нәтиже жоқ. Білмесеңіздер, айтайын экономикалық белсенділігі төмен, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, NEET санатындағы жастар деген сияқты терминдердің барлығын тек жұмыссыздар деп ескеру қажет. Сонда ғана еліміздегі жұмыссыздардың нақты проценті анықталып, кемі 15-17 пайызды құрайтын болады. Төртіншіден, республикалық маңызы бар қалалардағы тіркеудегі бар адамдардың саны. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда 2 миллионан астам, Шымкенттің 1,1 миллион халқы бар екен. Ал шындығына келсек, Алматыда кемі 2,5 миллионнан астам, ал Шымкентте 1,5 миллион халық тұратыны сөзсіз. Сонда бұл азаматтар құдайдың тізімінде бар да, ал ұлттық статистика мәліметінде жоқ болып тұр емес пе?! Жалпы статистика мәселесінде нақты цифрмен қатар, болжамдау, анализдеу сияқты жүйелі зерттеудің жоқтығы айқын көрініп тұр. Осы цифрлық дисбаланс әкімдіктердің жұмысына айтарлықтай кедергі жасайды. Одан бөлек, ұлттық санаққа жұмсалатын қаржының саны халық арасында резонанстық сауалдар тудырғаны белгілі. Мысалы 2018 – 8,8 млрд, 2019 – 3,2 млрд, 2021 – 9,1 млрд. қаржы қарастырылды, ал санақ аяқталғанымен жалпы жұртшылық қанша қаражаттың жұмсалғандығы жөнінде хабарсыз. Ресми ақпарат беттерінде әлі де информация жоқтың қасы. Тек санақтың ресми сайтында 5,2 млрд. деген ақпаратты көзім шалды, ал оның қандай мақсатта жұмсалғаны белгісіз. Қағаз жүзіндегі сенімсіз статистикалық мәліметтердің алшақтығы сын көтермейді. Сондықтан, шұғыл түрде бұл саланың тәсілдерін реттестіру қажет деп санаймыз. Статистика саласындағы таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн деп есептеймін. Ұлттық санақ бойынша кеткен қаржының есебін БАҚ беттерінде ашық беруді сұраймыз. Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа Қазақстанға, ашық әрі бүкпесіз статистикалық мәліметтер қажет.